Сұрақ: Пайдасыз ораза мен намаз бола ма?
Жауап: Бірде Алла Елшісі (с.ғ.с.) үзеңгілес серіктері – сахабаларымен әңгіме-дүкен құрып отырып, қиямет-қайым туралы сөз қозғады. Ақырет туралы сан-сапат уағыз-насихат айтылып, соңыра адамның амалы қалай өлшенетіні хақында әңгіме өрбіді.
«Мизан таразысына бірқатар адамдар Тахамамен парапар сауап алып келеді. Алайда, Алла тағала олардың сауаптарын мүлде есепке алмайды».
Хақ Елшісінің (с.ғ.с.) мұндай ескертуін естіген Сәлим Хузафа (р.а.) атты сахаба үрейі ұшып: «Уа, Алланың Елшісі, ата-анам жолыңда құрбан болсын! Ол адамдардың кімдер екенін айтып өтсеңіз? Солардың қатарынан болып қалмаймын ба деп дегбірім кетіп, қорқып тұрмын», – деді.
Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Әй, Сәлим, ол адамдар көпшілікпен бірге ауыз бекітеді, намазын да оқиды. Бірақ, харамнан бойын аулақ салмайды. Оны көргенде құшырлана қол салады. Мінеки, осындай адамдардың Хақ Тағала сауаптарын жоққа шығарады», – деді.
Мұхан Исахан
Алла Тағала арсыздықтан, жамандықтан тыятын намаз бен оразаны нәсіп етсін! Күнә атаулыдан аулақ еткей!