Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) Мәдина қаласына һижрет етіп, Әбу Аюб әл-Ансаридің үйіне тоқтайды. Мәдиналықтар да көптен күткен Пайғамбарлары (с.а.у.) үшін шама-шарқыларынша жарыса сыйлықтар жасай бастайды. Үмму Сүйләйм де Пайғамбарымызға сыйлық жасағысы келеді. Алайда жағдайының жоқтығынан сыйға тартар ештеңе таба алмайды. Бірақ бәрібір көңілі сүйікті Пайғамбарымызға (с.а.у.) бірдеңе сыйламай тыныш таппайды. Ақыры өзінің әлі 12 жасқа да толмаған баласы Әнесті (р.а.) жетектеп әкеп, Пайғамбарымыздың құзырына шығып:
– Уа, Алланың Елшісі! Менің сізге кішкентай ғана сыйлығым бар еді… – дейді. Пайғамбарымыз да (с.а.у.):
– Ол не сыйлық, ей Үмму Сүләйм? – деп сұрайды. Үмму Сүләйм:
– Уа, Алланың Елшісі ансарлық еркек-қатыннан сізге сыйлық жасамаған ешкім қалмады. Менің ұлымнан басқа сізге сыйға тартар ештеңем жоқ. Ұлымды алыңыз! Сізге қызмет етсін! Оған дұға етіңіз! – деді. Пайғамбарымыз да (с.а.у.):
– Аллаһым! Оның мал-мүлкін де, бала-шағасын да көбейт! Берген нығметіңді ол үшін берекелі ет! – деп дұға етеді.
Әнес Пайғамбарымызға (с.а.у.) он жыл бойы қызмет етеді. Бұл жайында өзі: «Алла Елшісіне он жыл қызмет еттім. Бұл аралықта Пайғамбарымыз (с.а.у.) не ұрған емес, не жаман сөз айтқан емес, тіпті, қабақ та шытпады», – дейді Пайғамбарымыздың ерекше көркем мінезді жан екенін меңзеп.
Әнес Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жанынан бір елі айрылмастан, қалтқысыз қызмет етіп, Аллаһ Елшісінің батасын алады. Сол дұға мен батаның берекетімен Әнас (р.а.) 103 жасқа дейін өмір сүреді. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «бала-шағасын көбейт» деген дұғасынан кейін де 80 баласы болады. Оның 78-і – ұл, 2-уі – қыз. Мал-мүлкі де көп болған.
Сұлтан КЕРІМ