Әр нәрсенің өзіндік мақсаты болғаны сияқты Аллаһ тағаланың адамзатқа пайғамбар жіберуінің де өзіндік себебі мен хикметі бар. Бұлардың ең бастылары мыналар:
Аллаһқа иман етуге шақыру.
Пайғамбар жіберілудегі басты мақсат – адамдарды Аллаһқа, Оның жалғыз екеніне иман етуге шақыру. Асылында, адам баласының жаратылуының негізгі мақсаты – Жаратушыны танып, Оған құлшылық ету. Бұл туралы Құран кәрімде:
وَمَا خَلَقْتُ الْجِنَّ وَالْإِنسَ إِلَّا لِيَعْبُدُونِ
«Мен жындар мен адам баласын тек Маған құлшылық етсін деп жараттым»,[1]– дейді. Демек, пайғамбар жіберілуінің басты мақсаттарының бірі –аяттағы құлшылықты қалайша іске асыру керектігін үйрету және түсіндіру. Құрандағы:
وَمَا أَرْسَلْنَا مِن قَبْلِكَ مِن رَّسُولٍ إِلَّا نُوحِي إِلَيْهِ أَنَّهُ لَا إِلَهَ إِلَّا أَنَا فَاعْبُدُونِ
«(Мұхаммед) сенен бұрынғы барлық пайғамбарларды: «Күдіксіз, Менен басқа құдай жоқ. Маған ғана құлшылық қылыңдар» деген уахимен ғана жібердік»,[2]– дейтін аят алдыңғы аятта айтылған үкімді нақтылай түседі.
Кез келген адам жаратылысына қарай көп жағдайда әлсіз, дәрменсіз, сондықтан өзінен жоғары күшке мұқтаж. Пайғамбарлар өз қауымын бір Аллаһқа ғана бойсұнуға шақырса да, адамзат тылсым күшті «табиғат күштерінен», кейде өз қолдарымен жасаған пұттардан іздеуі қай уақытта да толастамады. Тарихтан өткен-кеткен қауымдар өздігінен Аллаһқа бойсұнғандығын көрмейміз. Тіпті бір пайғамбар міндетін аяқтап, дүниеден өтіп, екінші бір пайғамбар келетін уақыт аралығында тура жолдан адасып, қолдан жасалған пұттар мен жансыз заттарға табынып кеткендер қаншама десеңізші.
Хақ тағала адамзаттың атасы Адамнан (ғ.с.) бастап, ақырзаман үмбетіне дейін әр дәуірде қоғамның қажеттілігі мен сана деңгейіне қарай пайғамбарлар жіберіп тұрған. Өйткені ол адамзаттың жаратылысын жақсы біледі. Әр пайғамбар өз қауымында тек Хақты ғана дәріптеді. Бұл жайлы Құранда:
أَلاَّ نَعْبُدَ إِلاَّ اللّهَ وَلاَ نُشْرِكَ بِهِ شَيْئاً
«Аллаһтан өзгеге құлшылық жасамайық және Оған еш нәрсені ортақ қоспайық…»,[3] – дейді. Сонымен қатар Құранның көптеген аяттарында:
أَطِيعُواْ اللّهَ وَرَسُولَهُ
«Аллаһқа және елшісіне (бүкіл әмірлері мен тыйымдарына) бой ұсыныңдар»,[4]– деу арқылы пайғамбарлардың адамзатты тек таухидқа үндегені баяндалады.
Демек, аталмыш аяттардан пайғамбарлардың міндеттері мен жіберілуіндегі негізгі мақсаттарын да көруге болады.
Бұл мақсаттардың қатарына мыналарды жатқызуға болады:
Дінді жеткізу.
Пайғамбарлардың жіберілу мақсаттарының бірі – дінді жеткізу, яғни адам баласының екі дүниеде де бақытты болуы үшін Аллаһтан келген әмірлер тыйымдарды, жалпы шариғат заңдарын адамдарға қалтқысыз өзгертпей дәл жеткізу. Егер пайғамбарлар келмегенде, Ұлы Жаратушымызды толық, кемел сипаттарымен қапысыз тану мүмкін болмас еді. Онда адам баласы құлшылығын қалай іске асырмақ? Намаз, ораза, зекет, қажылық туралы әмірлер мен ішімдік, құмар, зина, пайыз сияқты тыйымдардың үкімі не екенін қайдан білмек. Осындай сансыз сұрақтардың жауабын пайғамбарлар түсіндірді. Әмірлер мен тыйымдар және өзге хабарлар пайғамбарлар арқылы жеткізіледі. Өйткені олар адамдарға жөн сілтеп, өздері үлгі көрсетіп үйреткенде ғана бұл іс шешімін таппақ. Құранда бұл жайлы:
الَّذِينَ يُبَلِّغُونَ رِسَالَاتِ اللَّهِ وَيَخْشَوْنَهُ وَلَا يَخْشَوْنَ أَحَداً إِلَّا اللَّهَ وَكَفَى بِاللَّهِ حَسِيباً
«Олардың (пайғамбарлардың) өзіндік ерекшелігі сол – Аллаһтың бұйрықтарын жеткізіп, (айтып-жеткізіп) Одан қорқады. Аллаһтан өзге ешкімнен де қорықпайды»,[5] – дейді.
Құрандағы:
يَا أَيُّهَا الرَّسُولُ بَلِّغْ مَا أُنزِلَ إِلَيْكَ مِن رَّبِّكَ
«Уа, Пайғамбар! Раббыңның түсіргенін адамдарға жеткіз (тәблиғ ет)…»,[6]– деген аят осыны ұқтырады. Пайғамбарлардың аяттарды саф күйінде әрі шынайы көңілімен жеткізгеніне біздің зәредей күмәніміз жоқ. Қасиетті кітабымызда:
وَمَا كَانَ لِرَسُولٍ أَن يَأْتِيَ بِآيَةٍ إِلاَّ بِإِذْنِ اللّهِ لِكُلِّ أَجَلٍ كِتَابٌ
«Ешбір пайғамбар Аллаһтың рұқсатынсыз бір аят келтіре алмайды. Әр нәрсенің мезгілі жазулы»,[7] – деп осы ақиқат тайға таңба басқандай айтылғанын көреміз.
Демек, пайғамбарлар Аллаһтың бүкіл әмірлерін қалтқысыз көңілмен қаз-қалпында жеткізгені анық. Мұны басқаша ойлаудың өзі қате.
Адамдарға үлгі-өнеге болу
Ендігі сөз пайғамбарлардың әрбір мәселеде адамдарға көркем үлгі-өнеге болғандығы жайында. Құран тілімен айтқанда олардың бойындағы «усуәтул хасана» (көркем мінезде). Дінді жеткізіп түсіндіру Аллаһтың таңдаулы құлдарының басты мақсаты болғандықтан, олар адамдарға айтқанын алдымен өздері орындап, өзгелерге мінсіз үлгісін көрсетті. Олар Хақ тағала мен адамдар арасындағы қарым-қатынастың қалай болу керектігін өнегелі өмірлерінен өзгелерге үйретті.
Пайғамбарлардың періште немесе басқа болмыстан емес, адамдардың өздерінен арасынан таңдалу сыры да осында. Періштелерде ішіп-жеу, құмар тарқату үйлену секілді адамдарға тән сипаттар болмайды. Олардың өмір сүру шарттары мүлде бөлек. Періштелердің ішіп-жемейтіндігі, бас құрап үйленбейтіндігі ислам ілім-білімінде қашаннан белгілі.[8]
Пайғамбарлар адамдардың өмірімен әбден таныс болуы ләзім. Тек сонда ғана Хаққа бар ынта-жігерімен, жан-тәнімен құлшылық етуде адамдарға үлгі болмақ. Мәселен, екі әлем Сардары хазірет Мұхаммедті (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) еске алғанда, көз алдымызға мейірім мен сүйіспеншілік келеді. Ол бүкіл адамзатқа мейірімділік пен рақым алып келді. Оның (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бар ғұмыры, мінез-құлқы мен жүріс-тұрысы тек пайғамбарда ғана кездесетін ерекшеліктерден тұрды. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) адамзатқа үгіт-насихатты сөз жүзінде айтып қана қоймай, оны өз өмірімен өрнектеп көрсетті. Оның нұрлы өмірі осы куә. Аллаһ тағаланың қасиетті кәламында Аллаһтың елшілері жайлы:
أُوْلَئِكَ الَّذِينَ هَدَى اللَّهُ فَبِهُدَاهُمْ اقْتَدِهْ
«Міне, солар Аллаһтың тура жолға салғандары (пайғамбарлар). Сен де олардың жолымен жүр!»,[9] – делінеді. Ендігі бір аятта Аллаһ тағала:
لَقَدْ كَانَ لَكُمْ فِي رَسُولِ اللَّهِ أُسْوَةٌ حَسَنَةٌ لِّمَن كَانَ يَرْجُو اللَّهَ وَالْيَوْمَ الْآخِرَ وَذَكَرَ اللَّهَ كَثِيراً
«Расында, сендерге Аллаһтан және ақырет күнінен үміт еткендер мен Аллаһты көп зікір еткендер үшін Аллаһтың елшісінде жақсы үлгілер бар»,[10]–деп баян етеді.
Шындығында, Жаратқанның пендесі болу адам баласы үшін айрықша нығмет, үлкен абырой. Құранда айтылғандай адам баласы Хаққа құлшылық ету үшін жаратылған. Пайғамбарлар соны үйреткен.
Мәселен, Нұх пайғамбар адамдарды тағам алдында «бисмиллаһ» соңында «әлһамдулиллаһ» деуге[11] Аллаһқа құлшылық пен шүкіршілік етуге насихаттады. Ал оның өзін Аллаһ тағала Исра сүресінің 3-аятында:
إِنَّهُ كَانَ عَبْداً شَكُوراً
«Шүбәсіз Нұх та Раббысына шүкір етушілерден еді»,- деп мадақтап үлгі етеді. Тәпсірші Байдауи «Ей, адам баласы! Аллаһтан өзгеге табынбаңдар. Құлшылық етуді аталарың Нұхтан үйреніңдер. Өйткені Ол Аллаһқа көп шүкір етушілерден»,[12]-дейді.
Ал тәпсірші Тәбарани: «Нұх пайғамбардың тамақтанған сайын, киімін кигенде және бүкіл іс-әрекетінде үнемі Аллаһқа шүкір еткенін және Құранда шүкір етуші құл деп мақталғанын хадистерден байқауға болады»,[13] – дейді.
Осы сияқты өзге пайғамбарлардың да өмірі біз үшін тұнып тұрған ғибрат. Олар адамдарға дін мен көркем мінездің ақиқаттарын түсіндірді. Ең бастысы, пайғамбарлар ізгі істерінің қайтарымын еш уақытта күтпеген. Құран кәрімде:
كُلٌّ مِّنَ الصَّالِحِينَ
«…Олардың барлығы игі жақсылардан»,[14] -деп пайғамбарлардың барлығы бірдей ардақты екендігі баяндалады. Ендеше, пайғамбарлардың өмірбаяны мен жасаған әрбір іс-қимылынан өмірлік сабақ алу адамзаттың асыл борышы.
Дүние мен ақыреттің екі тізгін, бір шылбырын тең ұстау
Пайғамбарлардың тағы бір нысаны – дүние мен ақырет тепе-теңдігін орнату. Мұны адамдарға өлгеннен кейін өмір бар екендігін білдіру және осыған орай ақыретке қапысыз қамданудың жолдарын үйрету арқылы жүзеге асырды. Бұл жайлы Құран кәрімде:
وَمَا هَذِهِ الْحَيَاةُ الدُّنْيَا إِلَّا لَهْوٌ وَلَعِبٌ وَإِنَّ الدَّارَ الْآخِرَةَ لَهِيَ الْحَيَوَانُ لَوْ كَانُوا يَعْلَمُونَ
«Бұ дүние тіршілігі бір ойын, ермек қана. Күдіксіз, ақырет жұрты нағыз тіршілік. Егер олар білсе»,[15] – делінеді.
Оларды тек пайғамбар көмегімен ғана түсіне алады. Яғни, пайғамбарлардың жеткізген ақиқат діні арқылы адамзат тура жолды тапқан.
Адамдардың ақыретте сұраққа сылтау етпеуі үшін
Хақ тағала ақыретте адамдарға хақ діннің келгеніне байланысты біз бұл туралы білмедік деген сынды сылтау қалдырмау үшін пайғамбар жіберіп әу бастан мәселенің алдын алған. Мәселен, адамдар ақыретте: «бізге пайғамбар жіберіп, тура жолды көрсеткеніңде, адаспайтын едік» деп сылтау айтуы мүмкін еді. Ал енді Хақ тағала оларға ақ пен қараның ара-жігін ажырататын пайғамбарлар жіберген соң ешкім олай айта алмасы анық.
Құран кәрімде:
رُّسُلاً مُّبَشِّرِينَ وَمُنذِرِينَ لِئَلاَّ يَكُونَ لِلنَّاسِ عَلَى اللّهِ حُجَّةٌ بَعْدَ الرُّسُلِ وَكَانَ اللّهُ عَزِيزاً حَكِيماً
«Біз пайғамбарларды қуандырып сүйіншілеуші және (о дүниенің) қорқытып ескертуші етіп жібердік. Елшілерден кейін адамдардың Аллаһқа қарсы сылтау болмауы үшін. Аллаһ тағала аса үстем және хикмет иесі»,[16] – делінген.
Сонымен қатар Қиямет қайымда Аллаһ тағала пайғамбарларды мойындамай, олардың міндетін жоққа шығарған қауымға: «Ей, жын мен адамдар қауымы! Сендерге өз іштеріңнен аяттарымды баян етіп, бұл күндеріңмен кездесетіндеріңді ескерткен елшілер келмеді ме?»[17]-дейді. Яғни, Аллаһ тағала бүкіл адам баласын махшар алаңына жинап, әр үмбеттің пайғамбарын олардың өздеріне куәгер етеді. Ал пайғамбар келмеген қауымды азапқа тартпайтындығы айтылады.[18]
Г. Оралбайқызы
[1] «Зарият», 51/56
[2] «Әнбия», 21/25
[3] «Әли Имран», 3/64
[4] «Әнфал», 8/1; «Әли Имран», 3/32, 132; «Маида», 5/92; «Нұр», 24/54, 56
[5] «Ахзап», 33/39
[6] «Маида», 5/67
[7] «Рағыд», 13/38
[8] Суюти, Тануирул-хауалық, 264
[9] «Әнғам», 6/90
[10] «Ахзап», 33/21
[11] Алуси, Рухул мәани, ХХV/16
[12] Бәйдауи, Тафсирул Бәудауи, Бейрут, 1996, ІІІ/432
[13] Табәрани Әбул Қасым, әл-Мужәмул Кәбир, Мусул, 1983, VІ/32
[14] «Әнғам», 6/85
[15] «Әнкабут», 29/64
[16] «Ниса», 4/165
[17] «Әнғам», 6/130
[18] «Исра», 17/15