Хақ тағаланың соңғы елшісіне жіберген Құран кәрімде жиырма сегіз есім кездеседі. Бірақ, бұлардың жиырма бесі пайғамбар, ал үшеуінің пайғамбар яки әулие екендігі туралы нақты айтылмаған. Сонымен қатар, ғұламалар арасында да осыған қатысты пікір қайшылықтары бар.
Құран кәрімде Адам (ғ.с.) пайғамбардан Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) пайғамбарға дейін келген пайғамбарлардың аттары баяндалады. Олар: Адам, Ыдрыс, Нұх, Худ, Салих, Лұт, Ибраһим, Исмайыл, Ысқақ, Жақып, Жүсіп, Шұғайб, Һарун, Мұса, Дәуіт, Сүлеймен, Әйюб, Зулкифл, Жүніс, Илияс, Әлиасаъ, Зәкария, Жақия, Иса және Мұхаммед (әлеһис-салату уәсәллам).
Ал Узайр, Луқман және Зулқарнайнның есімдері аталады. Олардың пайғамбар яки үлкен әулие екендігі туралы нақты мағлұмат жоқ.
Құранда жіберілген пайғамбарлардың жалпы саны қанша екендігі айтылмаған.
Кейбір хадистерде 124 мың нәби, 315 расул жіберілген[1] деп айтылады. Бірақ, жер бетін нұрландырып, адамзатқа тура жолды нұсқау мақсатында және екі дүние бақытын көрсету үшін Ұлы Жаратушының жіберген пайғамбарлардың нақты саны бір Аллаһқа ғана мәлім. Бұған қоса, пайғамбарлардың аттарын жатқа білу жауапкершілігі бізге жүктелмеген.
Құрандағы: «Расында, сенен бұрын да елшілер жібердік. Олардың кейбірін саған баян еттік те, кейбірін баян етпедік»,[2]– деген аяттан аңғарғанымыздай, Адам пайғамбардан Мұхаммед пайғамбарға дейін қанша пайғамбар келгендігін айту мүмкін емес сияқты. Сондықтан, қанша пайғамбар келді деп айтпастан алғашқы Адам пайғамбардан соңғы пайғамбар Мұхаммедке (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дейінгі бүкіл пайғамбарға иман еткен жөн.
Ең маңыздысы, Аллаһ тағаланың әр қауымға, әр аймаққа ескертуші елші жібергені хақ. Құранда: «Ескертуші пайғамбар келмеген ешбір үмбет жоқ»,[3]-десе. Тағы бір аятта: «Біз пайғамбар жібермейінше (ешбір қауымды) азаптаушы емеспіз»,[4]-дейді. Яғни, пайғамбар жіберілмеген қауымдарды азаптау – Ұлы жаратушының шексіз рақымдылығына қайшы. Бұған қоса: «Кім тозаңның түйірінің салмағындай жақсылық істеген болса, ол оны көреді. Ал кім тозаңның салмағындай жамандық істесе, оны да көреді»,[5]– деп жақсылықтың да, жамандықтың да ескерусіз қалмайтынын да ескертуде.
Сонымен қатар, тарихи деректерге сүйене отырып, кейбір пайғамбарлардың қай аймақта өмір сүргендігін шамалауға болады. Мәселен, Нұх пайғамбар бүгінгі Ирак жеріндегі Мусул аймағында[6], Ибраһим (ғ.с.) Вавилон және Анадолы аймағынан Сирияға дейінгі аймақта, Лұт (ғ.с.) Содом Гомер және Лұт көлінің айналасында, Шуғайп (ғ.с.) Мәдиянда, Мұса (ғ.с.) Мысырда, Жақия (ғ.с.) мен Зәкария (ғ.с.) Ақтеңіз жағалауларында өмір сүргендігі айтылады. Бұл пайғамбарлардан бөлек қаншама пайғамбарлар бар. Бірақ, олардың нақты қай аймақта пайғамбарлық міндетін атқарғанын нақты білмейміз. Пайғамбарлар тек бір аймаққа ғана емес, сонымен бірге дүниенің түкпір-түпкіріне жіберілген. Сонымен қатар, әр дәуірдің парасатты пайғамбарлары бір аймақта ғана тұрақтап қалмай алға ұмтылған.
Ендігі кезекте Құранда аттары аталған пайғамбарларға қысқаша шолу жасайық.
Адам (ғ.с.)
Ұлы Жаратушы алғашқы адамзат баласын жаратып, оған күллі болмыстың тағзым ету керектігін ескерткен еді. Бірақ, бұл әмірге бас имеген шайтан Аллаһтың рахымынан қуылды. Ібіліс, алғаш жаратылған Адам атаның ұрпағын жолдан тайдыруды көздеп, Аллаһтан қайта тірілетін күнге дейін мерзім сұраған-ды.[7]
Аллаһтың рахымынан қуылған шайтан Адам атадан кек алудың жолдарын қарастырып, жоспар құрды. Аллаһ тағала Адам атаға: «қалағандарыңша жеңдер, бірақ мына ағашқа жақындамаңдар. Егер жақындасаңдар, залымдардан және нығметтерімнен мақұрым қалғандардан боласыңдар»,[8] – деген-ді. Бірақ Адам ата мен Хауа ана «мәңгілік ағашы мен таусылмайтын салтанатты көрсетейін бе?» деген шайтанның азғыруына алданып, тыйым салған жеміске қол созады. Ібіліс Адам мен Хауаның басын айналдырып, бағын байлаған сәттен бастап екеуінің де әбүйірі мен ұятты жерлері ашылып қалды.[9] Сол сәтте екеуі де жәннат жапырақтарымен тәнін қымтамақ болды. Сонда Раббылары: «Екеулеріңді осы ағаштан тыймап па едім? Расында, шайтан сендерге ашық дұшпан демеп пе едім?»,[10]– деді. Жұмақта мәңгі қалатындығына сенген Адам ата мен Хауа ана, Ібілісті қаперінен шығарып алғандықтан қапыда қалды. Дереу жаза басып, жазықты болғанын түсініп, тәубелеріне келді. Хақ тағала олардың бұл тәубесін қабыл еткенімен,[11] жұмақта мәңгі қалуына рұқсат бермей: «(Жәннаттан) бір-біріңе дұшпан болып түсіңдер. Сендерге жер жүзінде белгілі бір мерзімге дейін тұрақтайсыңдар. Жерде тіршілік етесіңдер және жерде жан тапсырасыңдар. Және жерден қайта шығарыласыңдар»,[12]-деді. Аллаһтың осы әмірімен екеуі де жер бетіне түсті. Олар ұзақ уақыт бойы бір-бірінсіз жеке дара ғұмыр кешті.
Адам (ғ.с.) бүкіл ғұмырын ақиқат жолына арнаған. Уақыт өте келе Аллаһ тағала хазірет Адамның таңдаулы ұрпақтарының кейбіріне пайғамбарлық міндетін жүктеген. Олар да өздеріне берілген бұл міндетті бірінен соң бірі мінсіз атқарды. Әр пайғамбар дүниеден озған сайын әлем суып, келесі пайғамбардың келуімен қара бұлт қаптаған көк жүзі шайдай ашылып, жаз боп жадырап, күн боп жарқырап сала беретін.
Ыдырыс (ғ.с.)
Ыдырыс пайғамбар жайлы көп мәлімет жоқ. Құран кәрімде Ыдырыстың (ғ.с.) есімі тек екі жерде ғана кездеседі: «Кітаптағы Ыдырысты ескер. Өйткені, ол шыншыл бір пайғамбар еді. Оны жоғары дәрежеге көтердік»[13], «Исмайыл, Ыдырыс, Зүлкафилді де ескер. Олардың барлығы да сабырлы еді. Сондай-ақ, оларды мейірімізге бөледік. Өйткені, олар игілерден еді».[14] Сабырлық – пайғамбарлардың ерекше қасиеттерінің бірі. Пайғамбарлардан өзге адамдар да сабырлық танытуы мүмкін. Бірақ пайғамбарлардың сабырлығы мүлде басқа. Сабырлық бейне олардың табиғаты сияқты. Пайғамбарлық ең ауыр уазипа. Міндетін іске асыру үшін барлық ауыртпалықтарға төзімділік таныта білу қажет. Задында адам баласы сабыр ете алмаса ешқандай түпкі мақсатына жете алмайды. Ендеше сабырлық пайғамбарларға ауадай қажет. Өзге пайғамбарлар секілді Хазірет Ыдырыс пайғамбар да сабырлықтың шыңына жеткен. Алайда Құранда Исмайыл пайғамбардың қандай сынаққа түсіп, сабырлық танытқандығын айтқанмен Ыдырыс пайғамбардың сабырлығы хақында сөз қозғамаған. Бірақ аталмыш аятта оның сабырлы екендігі Исмайыл пайғамбармен бірге айтылғандығы біз үшін жетіп жатыр. Яғни ол да дәл хазірет Исмайыл сияқты сыналып, өзінің Хақ Тағалаға мойынсұнған сабырлы құл екендігін ісімен дәлелдеп, Исмайыл пайғамбардай сабырлық таныта білген. Яки ол өзге пайғамбарлар тәрізді бір елге жіберіліп, сол елден көп жапа көріп, сол халықтың тура жолға түсуі үшін барлық ауыртпалықтарға төзімділік көрсеткен болуы да мүмкін. Қай жағынан алғанда да біз оның барлық сынаққа шыдамдылық танытып, өзге бауырлары сияқты сабырлықтың шыңына өз туын тіккенін байқаймыз.
Ыдырыс пайғамбар да қауымын тура жолға салу үшін жіберіліп, ол да өзгелер тәрізді тура жолдың қыр желкесінде ең алдымен өзі жүріп куәлік етті. Хақ Тағала оған отыз беттік (сухуф) парақтар түсірген. Ол да осындағы ақиқаттарды оқу арқылы елін тура жолға шақырды. Бірақ елі оған өзге қауымдар секілді қарсылық көрсетіп, мойынсұнудан қашқан. Оның елінен аз ғана жандар иман еткен. Алайда оның қауымы мен күресі хақында Құран мен хадистер жоқтың қасы. Сонымен қатар, Ол (ғ.с.) алғаш рет жазу-сызумен айналысып, есеп-қисаппен шұғылданған және киім тіккен пайғамбар ретінде танымал.[15]
Нұх (ғ.с)
Құранда хазірет Нұхтың есімі «Нұх», кейде «Нұх қауымы» деп отыз екі аятта қырық үш рет қайталанады.[16]
Тәпсірші Суюти «Нұх пайғамбардың негізгі есімі Абдулғаффар, ал Нұх оның лақаб аты»,[17] екендігін айтады. Құранда Нұхтың (ғ.с.) ата-анасы туралы бірде-бір дерек келмейді.
Адам ата мен Нұх пайғамбардың арасында нақты қанша уақыт өткендігі белгісіз. Бірақ жүз жиырма алты жыл, он ғасыр және жиырма ғасыр деген деректер кездеседі.[18]
Тарихтан белгілі, көркем және ерекше бейнеде жаратылған адам баласы қашан да ғапылдыққа салынып Раббысын ұмытудан аман қалмаған. Тіпті өз дәуірінде көктегі жұлдыздар мен қолдан жасалған пұттарға табынған. Хақ тағала негізі пәк болған адам баласына үнемі ескертуші пайғамбарлар жіберген. Сол елшілердің бірі Нұх (ғ.с.) адасқан адамдардың тәубеге келіп иман етсе, мейірімді Аллаһ тағала олардың күнәларын кешетіндігін ескертті.[19]
Бұған қоса, Нұх (ғ.с.): «Раббым көкейіме не салса соны ғана насихат етемін және мен сендердің білмеген нәрселеріңді Аллаһтан келген уахи арқылы білемін»,[20]– деген еді. Яғни, мені тыңдап, маған бойсұнғандар және менің кемеме мінгендер құтылады. Құтылудың құтылуы бар. Кеме сендердің жандарыңды емес, тәндеріңді ғана құтқарады. Айтқандарыма құлақ түріп, жүрекпен маған байлансаңдар, мына дүниедегі һәм ақыреттік өмірдің дүлей толқындарының астында жаншылып қалмай, аман-сау боласыңдар. Ал, керісінше болған жағдайда… жаның да, тәнің де түгің қалмай түнекке батасыңдар.
Нұх пайғамбар тоғыз жүз елу жыл[21] бойы халқына үздіксіз ақиқатты түсіндірді. Осы мерзім ішінде Нұх пайғамбарға жетпіс сегіз немесе сексен адам ғана иман етті. Олардың жартысы ер, қалғаны әйел адамдар еді.[22] Қауымдарының арасынан иман етпегендер Нұхты үнемі мазақтап тәлкек етті.[23] Өздері Уәдд, Суағ, Яғус, Яғуқ және Наср деген жануарлар кейпіндегі пұттарға табынды.[24] Уәдд – ай тәңрісі, сүйіспеншілік пен достықтың нышаны, Наср – күн тәңрісі, Яғус – арыстан бейнесіндегі жәрдемші, ал Яғуқ – жылқы бейнесіндегі қорғаушы деп білінді. Нұх (ғ.с.) өздерінше ат қойып, айдар таққан пұттарға табынған халқын құтқару үшін қайғыға батып жүріп еңбек етсе де, қауымы бет бұрмады. Қырық жыл бойы құрық бермеген құрғақшылықтан көз ашпаса да, райларынан қайтпады.
Нұх (ғ.с.) қауымынан үмітін көпке дейін үзбеді. Қауымын қуанышпен сүйіншілеп те, қорқытып та көрді. Нәтиже шықпады. Қайта қауымы күн өткен сайын есіргені сонша – иманға мойын бұрғалы жатқандарды тура жолдан тайдыра бастады. Нұх пайғамбарға «егер сөзің рас болса, бізге қорқытқан азабыңды көрсетші»,- деп имансыздықтарын бетке басты. Дәл осы сөзді Ад, Самуд, Лұт, Перғауын қауымдары мен Меккелік мүшріктер де айтқан.[25]
Нұх (ғ.с.) өзінің артынан ілескен бір топ адаммен бірге: «Раббым! Рас, мені елім өтірікке шығарды. Енді олармен менің арамдағы қарым-қатынасқа қатысты нақты үкіміңді бер! Мені де, менімен бірге мүміндерді де құтқар!»,[26]– деп дұға етеді. Нұх пайғамбардың бұл дұғасы қабыл болады. Жәбірейіл періште пайғамбарға кеме жасау керектігін ескертеді.[27] Кемені жасап, Аллаһтың әмірін күтеді. Аллаһтан әмір келісімен Нұх пайғамбар өзінің артынан ілескен адамдармен бірге жануардың барлық түрінен бір-бір жұбын кемеге мінгізеді.[28] Кеме есіктері тарс жабылады. Көп ұзамай жер бетін топан су қаптап оның жал-жал асау толқындары жартастарды соққылап жатты. Бір кезде хазірет Нұхтың көзіне сол толқындар арасында бір батып бір шығып жүзіп бара жатқан бір жас жігіт оттай басылды. Әлгі жас жігіт асау толқынмен алысып жартасқа ұмтылып, соған шығуға тырысып жатты. Хазірет Нұх пайғамбар оның өз баласы «Кенан екенін» бірден таныды. Хазірет Нұхтың бірнеше баласы болды. Бірақ осы баласынан өзгелерінің бәрі де мұсылман болып кемеге мінді. Тек Кенен ғана ғасырлар бойы қасарысып сөзін тыңдамай қойғаны. Хазірет Нұхтың отбасында Кенанмен қатар әйелі де иман келтірмеген болатын. Тіпті ол кәпірлерге жақтасып, хазірет Нұхтың құпиялығын шашып аяғынан талай мәрте шалуға тырысқан. Шамасы осы баласы сол анасының сөзіне құлақ асып, алданып иманға келе алмай қалса керек. Бір жағынан пайғамбарлық мейірімі, екінші жағынан әкелік шапқаты түсіп, қатты жаны ашыған ол баласына: «Ей, балам! Бізбен бірге кемеге мін. Кәпірлермен бірге болма!»[29] деп айқайлады. Кенан сол кезде ақырғы мәрте әкесіне қарады. Бәлкім өлімнен қорқып мінгісі де келген шығар. Бірақ сол кемеге мінудің шарты – мұсылман болу еді. Сондықтан да сан ғасырлар бойы кәпірлерге болысып, әкесіне қарсы шыққан қыңырлығы мен такаппарлығы жібермеді. Ол әкесіне айқайлап: «Жоқ, мен ол кемеге мінбеймін. Мына тауға бір шығып алсам, су маған жете алмайды» деді. Алайда әкенің аты қашан да әке ғой. Оның үстіне пайғамбарлық рақым да бар. Ол соңғы рет оны дінге шақырып: «Бүгін Аллаһтың әмірі мен үкімінен қорғап, өзін құтқара алатын еш нәрсе жоқ. Тек Аллаһтың рақым еткендері ғана құтыла алады» деді. Бірақ Кенан әкесінің бұл сөзін аяғына дейін ести алмады. Аспанмен таласқан алып бір толқын келді де Кенанның үстін басып қалды. Осылайша үлкен бес пайғамбардың бірі – хазірет Нұхтың баласы әкесінің көз алдында жан берді. Бірақ бұл Рақымшыл пайғамбарға оңай тимеді. Жаны күйзеліп көзінен жас моншақтары парлап жатты. Су бейне жер менен көкті кергілеп жарып шыққандай сол сәтте-ақ көбейіп теңізге айналды, асқар тауларды да қоса жұтып тынды. Жер бетін топан су қаптап асау толқындар арасында тек қана хазірет Нұхтың кемесі батпай жүзіп жүрді. Кәпір атаулы түгелдей суға кеткен соң Аллаһ Тағала жер мен көкке әмір беріп:
وَقِيلَ يَا أَرْضُ ابْلَعِي مَاءكِ وَيَا سَمَاءأَقْلِعِي
«Ей, жер, міндетің аяқталды, суыңды жұт! Ей, аспан-көк, қажетің қалмады жауыныңды тоқтат!»[30] деді.
Осы кезде жер топан суды түгелдей жұтты. Көк те жауынын тоқтата қойды. Жер суды жұтып жатқанда теңіз деңгейі бірте-бірте аласарып, таулар қайта көріне бастады. Хазірет Нұх кемесі Құранның сөзімен айтқанда «Жуди» деген таудың басына тоқтаған еді.
Худ (ғ.с.)
Құранның айтуы бойынша, хазірет Нұхтан кейін келген Худ пайғамбар Ад қауымына жіберілді.[31] Ад қауымы Нұх пайғамбардың немерелерінен тараған ел. Бұл қауым да көп ұзамай пұттарға табынып кетеді.
Ад Араб түбегінің солтүстік аймағындағы Хадрамаут пен Иемен арасындағы әл-Аһкәф деген құнарлы әрі шұрайлы жерде өмір сүрген қауым. Олардың жасыл желекке малынған бау-бақшасы, сылдыр қаққан мөлдір бұлақтары, қара толы малдары және су қоймалары мен зәулім сарайлары бар болатын.[32]
Аллаһ тағала Ад қауымына Худты пайғамбар етіп жіберді. Худ (ғ.с.) беделді отбасынан шыққан. Сауданы жақсы меңгерген, жомарт, құлшылыққа берік, кемтарларға қолұшын беретін мейірімді жан еді.[33] Худ (ғ.с.) қауымын тек Аллаһ тағалаға иман етіп, құлшылық жасауға және әлсіздерге тізе батырмауға шақырды. Бірақ, Худтың қауымы оның сөзіне құлақ аспады. Аллаһ тағала бұл қауымға тәубесіне келтіру үшін үш жыл бойы құрғақшылықтан көз аштырмады, Алайда Худтың қауымы бұдан сабақ алмады. Худ (ғ.с.) артынан ілескендермен бірге Меккеге қоныс аударады. Өмірінің соңына дейін сонда болды.[34] Соңында Аллаһ тағала дауыл тұрғызып, Ад қауымын жер бетінен тып-типыл етті.[35]
Салих (ғ.с)
Хазірет Салих (ғ.с.) – Ад қауымының қалған ұрпақтарынан тараған Самуд еліне жіберілген пайғамбар. Бұл қауымның өзге аты Асһаб-ы Хижр (Хижр тұрғындары) еді.[36] Бұл қауым Араб түбегінің солтүстік аймағындағы Хижр деген жерде өмір сүрген.
Салих пайғамбардың есімі Құранда тоғыз рет қайталанады.[37] Ал Самуд атауы жиырма бір сүренің әр жерінен ұшырасады.[38] Бұл қауым да пұттарға табынатын. Салих пайғамбар оларды ақиқатқа қырық жыл бойы шақырды.[39] Осы кезде Самуд қауымы Салихққа (ғ.с.) пайғамбарлығыңды дәлелдеу үшін мына жартастың ішінен ұрғашы түйе шығар деп, шектен асқан талап қояды. Салих пайғамбар Аллаһтың рұқсатымен олардың есірік қалауын орындайды. Бірақ ол түйеге тиіспеуін сұрайды.[40] Халқының кейбірі бұл мұғжизаға сенбейді, ал кейбірлері пайғамбардың айтқанына құлақ аспай түйені бауыздауға кіріседі.[41] Осы кезде көктен найзағай түсіп Самут қауымы жермен жексен болады.[42] Салих пайғамбармен бірге иман еткендердің саны шамамен жүз он адамдай.[43] Бұлар өз алдына бір қауым ел болып, тіршілік етеді. Деректерге сүйенсек, Салих (ғ.с.) Меккеде дүние салған.[44]
Лұт (ғ.с)
Лұт (ғ.с.) Ибраһим пайғамбардың інісі Харранның ұлы.[45] Құран кәрімде Лұттың (ғ.с.) есімі он үш сүреде жиырма жеті рет қайталанады.[46] Лұт (ғ.с.) Ибраһим пайғамбардың нұсқауымен өмір сүрген.[47] Сонымен қатар, Содом Гомер халқының пайғамбары еді. Арсыз әдетпен танылған қауымын Аллаһқа қарсы келуден абай болуын ескертті. Бірақ, қауымы Оған (ғ.с.) мойынсұнбай: «Егер де біздің ісімізге тағы да араласатын болсаң сені сүргін етеміз»,- деп қорқытты. Лұт (ғ.с.) қауымының мұндай арсыздығынан Аллаһ тағалаға сыйынды.[48]
Хақ тағала Содом Гомер халқын жауапқа тарту мақсатында үш періште жібереді. Бұл періштелер сымбатты сұлу жас жігіт бейнесінде Лұтқа (ғ.с.) келеді.[49] Лұт (ғ.с.) «қонақтарымның алдында арсыз әдетке бой алдырған қауымым мені жерге қаратпас па екен» деп қатты қысылады. Бейтаныс адамдардың келгенін естіген жұрт сол сәтте жапа-тармағай Лұттың (ғ.с.) үйіне жиналды. Бұл қауымға гомосексуализм әдепкі әдет еді. Хақ тағала күнәға белшесінен батқан қауымды жауапқа тарту үшін Лұтқа (ғ.с.) періштелер арқылы хабар жеткізген болатын. Бұл періштелер Лұт пайғамбарға: «Өзіңе жақын адамдармен қаладан түнде шығып кет. Өйткені апат таңға жуық болады», – деп ескертеді.[50]
Үйдің айналасына жиналған халықтың көзіне бейне бір перде тұтылғандай Лұттың (ғ.с.) қалай шығып кеткенін ешкім байқамай да қалады.[51] Таңға жуық қыздырылған тас жауынынан Содом Гомер халқы тегіс қырғынға ұшырады.[52]
Ибраһим (ғ.с.)
Ибраһим пайғамбардың есімі Құранда жиырма бес сүреде алпыс тоғыз рет қайталанады.[53]
Сол дәуірдің сиқыршылары жуық арада дүниеге келетін ұл баланың бірі Кәлданилер халқының сенімін өзгертіп, Нәмрут ибн Кенан ибн Куштың (немесе Нәмрут ибн Фалиһ ибн Абир) патшалығын құлататынын айтып, былайғы жұртты, әсіресе ел билеушілерін күндіз күлкі, түнде ұйқыларынан айырады. Нәмрут патша уақыт оздырмай дүниеге келген ұл балалардың бірін қалдырмай өлтіруге әмір етеді. Бұл хабарды естіген Ибраһимнің әкесі Әзер жарын Куфа мен Басра арасындағы Ур қаласына апарып, бір үңгірге жасырады. Хазірет Ибраһим осы үңгірде өмірге келіп, өлімнен аман қалады.[54]
Ибраһим (ғ.с.) Хақ тағаланың ақиқаты мен өмірдің мән-мағынасын түсіндіретін мейірімді жан еді. Әрине, халқының арасында оған иман еткендермен қатар мүлдем сенбегендер де болды.[55]
Күндердің бірінде Ибраһим (ғ.с.) пұттардың іске алғысыз, түкке жарамсыздығын дәлелдеу үшін жоспар құрады. Халық мерекені атап өту мақсатында қала сыртына шыққан кезде пұт атаулының бәрін қиратып, балтаны іштеріндегі ең үлкен бір пұттың мойнына іліп қояды.[56] Той-думаннан кері оралған халық күтпеген жерден мына көрініске аң-таң қалады. Ибраһим (ғ.с.): «бәлкім мұны әне бір мойнына балта асынған үлкен пұт жасаған болар. Егер сөйлей алса, өзінен сұрап көріңдер»,- дейді. Мүшріктер: «Олардың сөйлей алмайтынын сен де білесің ғой» дегенде, Ибраһим (ғ.с.): «Олай болса, тіл қатуға да шамасы келмейтін әрі пайдасы жоқ пұттарға неге табынасыңдар!? Ойланбайсыңдар ма?»,[57]– дейді.
Санасына сәуле түспеген мүшріктер Ибраһимнің (ғ.с.) бұл әрекетіне ашуланып, оны жазалау үшін жұрт көзінше тірідей отқа тастамақ болады. Ағаш – қурайды таудай үйіп, Ибраһимнің қол-аяғын байлап лаулап жанған отқа лақтырды. Осы сәтте Ибраһимге (ғ.с.) Жәбірейіл періште көмекке келеді. Сонда Ибраһим (ғ.с.): «Маған Аллаһтың құдіреті жетеді, періштенің жәрдеміне мұқтаж емеспін» деп қайыспай жауап беру арқылы дүние сынағындағы жеңісін паш еткендей болады. Сол кезде Хақ тағала:
قُلْنَا يَا نَارُ كُونِي بَرْداً وَسَلَاماً عَلَى إِبْرَاهِيمَ
«Ей, от! Ибраһимге салқын әрі жайлы бол»,[58]– деп бұйырады. Яғни, Жаратушы Құдіреттің пәрменімен оттың күйдіріп азаптайтын және өртеп жоқ қылатын сипатынан айырылып, Ибраһим пайғамбардың тұрған жері салқын әрі жанға жайлы гүлзарға айналады.
Хақ тағалаға ғана арқа сүйеген Ибраһим (ғ.с.) осылайша оттан дін-аман шығады. Мойынсұнбаған қауымынан күдер үзіп, жары Сара, інісі Лұт және иман еткен бір топ адаммен бірге ол жерден көшіп кетеді. Ибраһим (ғ.с.) әуелі Харранда, Иорданияда, Мысырда, соңында Палестинаға барып тұрақтайды.
Исмайыл (ғ.с.)
Исмайылдың есімі Құран кәрімде он екі жерде кездеседі. Әкесі Ибраһиммен (ғ.с.) бірге Қағбаны тұрғызған.[59] Әкесі дүние салғаннан кейін Оған Хижаз халқының пайғамбары міндеті жүктелді. Бұл жайында Құранда: «Құрандағы Исмайылды да ескер. Шынында ол, уәдесіне берік пайғамбар еді. Үй-ішіне, намаз бен зекетті орындауды бұйыратын еді. Сондай-ақ, Раббының қасында сүйікті еді»,[60]– деп баяндалады.
Ысқақ (ғ.с.)
Ысқақ (ғ.с.) Ибраһим пайғамбардың Сарадан туған екінші ұлы. Ысқақ (ғ.с.) сұңғақ бойлы, сымбатты әрі әкесінен аумайтын. Сөзге шешен болатын. Ысқақтың (ғ.с.) Жақып және Аис деген екі ұлы болды. Ысқақ (ғ.с.) Шам аймағындағы Аллаһтың таңдаулы елшілерінен.[61]
Жақып (ғ.с.)
Жақып (ғ.с.) Ысқақ пайғамбардың ұлы. Жақыптың өзге аты Исрайыл (түнделетіп жүретін деген мағынаға келеді). Исрайыл деп аталу себебі, Жақып інісі Аистан жасырынып түнделетіп немере ағасының үйіне баратын. Міне, сондықтан Исрайыл түнделетіп (Аллаһқа қарай) жүретін.[62] Құран кәрімнің көптеген аяттарында хазірет Жақыптың пайғамбарлығы, ықыласты жан екендігі, сонымен қатар, оған түс жору қабілеті берілгендігі айтылады.[63]
Жақып (ғ.с.) ғұмырының соңына дейін адамдарды Хақ дінге иман етуге шақырды. Сонымен қатар, сабырлы және үлгі-өнегелі пайғамбар еді.[64]
Жүсіп (ғ.с.)
Жүсіп (ғ.с) хазірет Жақып тың ұлы. Жүсіптің (ғ.с) он бір бауыры бар болатын. Әкесі Жақып (ғ.с) Жүсіпті басқа балаларына қарағанда алабөтен жақсы көретін. Мұны бауырлары көре алмай, іштей тынатын. Күндердің бірінде Жүсіп (ғ.с) түсінде он бір жұлдыз, күн мен айдың өзіне бас игенін көреді. Түсін әкесіне айтады. Әкесі Жүсіптің өзгелерден дәрежесі биік адам болатынын түсініп, бауырларына айтпауын ескертеді. Өкінішке қарай, Жүсіптің басынан өткен жағдайды естіп-білген бауырлары оның көзін жоюдың жолдарын қарастырды. Бауырлары жабылып жүріп Жүсіпті құдықтың біріне тастайды да әкесіне «Жүсіпті қасқыр тартып кетті» дейді. Құдықтың басына аялдаған керуен адамдары Жүсіпті ажал аузынан құтқарып қалғанымен, жұмыртқадан жүн қырыққан саудагерлер оны Мысырдың қаржысы мен қазынасының құлағын ұстаған әлдебір шонжарға сатып жібереді. Жүсіптің көрер күні мұнымен де бітпейді. Қаржыгердің әйелі Жүсіпке жала жауып, зынданға тастатқызады. Жылдар бойы зынданда жатқан Жүсіп (ғ.с.) патшаның түсін жору арқылы оның сеніміне кіреді. Патша оны қаржы басшысы етіп тағайындайды. Бауырлары Жүсіптен кешірім сұрайды. Жүсіп (ғ.с.) олардың қателігін кешіреді. Әке-шешесін Мысырға алдыртады. Міне, осы кезден бастап Исрайыл ұлдары Палестинадан Мысырға қоныс аударып, осы жерде тұрақтап қалады. Жүсіп (ғ.с.) Аллаһ тағала тарапынан өзіне жүктелген міндетін орындап ақиқатты насихаттауды жалғастырады.[65]
Шұғайб (ғ.с.)
Сөзге шебер (Хатибул Әнбия)[66] Шұғайб пайғамбардың есімі Құранда алты сүреде он бір рет қайталанады.[67] Шұғайб (ғ.с.) екі қауымға жіберілген пайғамбар. Оның бірі – Мәдиян, екіншісі – Асһаб-ы Әйка (Әйка тұрғындары) қауымы. Кей деректерде Мәдиян халқы сол Әйкә жұртының өзі екендігі айтылады. Мәдиян немесе Әйка қауымы Қызыл теңіз бен Ақабә шығанағында өмір сүрген. Мәдиян халқының дәулетті саудагерлері әлсіздерді алдап-арбап, олардың заттарын арзанға алып, әрі таразыдан жеп, пайда көрген. Шұғайб (ғ.с.): «Уа, елім! Аллаһқа құлшылық қылыңдар. Сендердің Одан басқа тәңірлерің жоқ. Сондай-ақ, дұрыс өлшеңдер, таразыдан жемеңдер…»[68] деп талай мәрте ескерту жасап, адалдыққа насихаттаса да, халқы ақиқатқа мойын бұрып, иманға келмеді. Бұған қоса, жасаған күнәлары аздай «біздің жолымызбен жүрмесеңдер сені және артыңнан ілескендерді бұл жерден қуып шығамыз»[69] деп Шұғайбты (ғ.с.) қорқыта бастады. Ол ол ма, Шұғайыптың (ғ.с.) ғибратын тыңдау үшін пайғамбардың үйіне бет алған адамдардың жолын кес-кестеп бөгет болды. Қауымының бұл әрекетіне қамыққан Шұғайб (ғ.с.) Нұх, Худ және Салих (ғ.с.) қауымдарының басына келген апат халқымның басына да төне ме деп қорықты.[70]
Шұғайб (ғ.с.) халқы үшін: «Әй, елім! Расында мен сендерге Раббымның нұсқауларын жеткізіп, үгіттедім. Ал қарсы болған елге қайтып жаным ашиды? – деді».[71]
Шұғайб (ғ.с.) бекер қауіптенбеген екен, ақыры Мәдиян халқының басына да апат келіп жетті.[72] Шұғайбтың (ғ.с.) артынан ілескендер аман қалса, ал мойынсұнбағандар бұл өмірде болмағандай сайда саны, құмда ізі қалмай, жоқтыққа жұмылып, қарасы батты.
Асһабы Әйка деп аталатын екінші қауым орманды жерде өмір сүргендіктен, «Әйка» (қалың орман, ағаш) деген атауға ие болған.[73] Сонымен қатар, әйкалықтардың ағашқа табынғанын,[74] пайғамбарларына мойынсұнбағандығы айтылады. Расында, пайғамбардың сөзін елемеген бұл қауымның халқы барып тұрған залым болған. Мәдиян халқы сияқты кісі ақысын жейтін. Соған қарамастан өздері сияқты адамға пайғамбарлық міндеті жүктелгенін көре алмай, оны өтірікші етіп тырнақ астынан кір іздеп соқтыға бастады. Бұл қауым Шұғайбқа (ғ.с.): «Сен де біз секілді адамсың. Әрі сені өтірікшілерден деп ойлаймыз. Егер шыншылдардан болсаң, онда үстімізге аспан бөлшектерін түсір»,[75]– дейді. Әйкалықтар өз ауыздарынан қағынып ниетінен тауып, бастарына пәле тілеп алады. Тәпсірші ғұламалар Әйқалықтардың бастарына келген апатты былай сипаттайды: Жеті күн бойы күннің көзі шойындай балқып, шоқтай қарып тұрды. Осы кезде көкте әлде бір бұлт пайда болады. Ыстықтан жан сауғалаған Әйкалықтар осы бұлттың көлеңкесін саялап, жан сақтамақ болады. Осы уақытта бұлттан найзағай ойнап, Әйка халқы жермен жексен болды.[76]
Шұғайбтың (ғ.с.) хақ пайғамбар екеніне көздері жеткенімен, қолдарын кеш сермеген еді.
Харун (ғ.с.)
Харун (ғ.с.) Мұса пайғамбардың бауыры. Перғауын Мұсаның (ғ.с.) қыр соңынан қалмай, өкшелей қуып келе жатқанда, қасында Харун да бар болатын. Исрайлұлдарымен бірге Тиһ деген сахараға келеді. Мұса (ғ.с.) орнына Харунды қалдырып, өзі Тур тауына бет алады. Осы кезде Исрайлұлдарының арасынан Самири деген екіжүзді біреу адамдарды азғырып, бұзау пұтқа табынуға шақырады. Харун (ғ.с.) қанша тоқтатпақшы болса да оны тыңдамайды.[77] Осы кезден бастап Харун пайғамбар да халқын дінге шақырумен болады.
Мұса (ғ.с.)
Мұса (ғ.с.) Мысырда дүниеге келген. Сол дәуірде өмір сүрген Перғауын[78] (өз аты Уәлид ибн Мусғаб[79]) бірде түс көреді. Түсінде Исрайлұлдарынан тараған ер бала мұның патшалығын құлатқан екен. Үрейленген Перғауын сол жылы туған ер балалардың барлығын өлтіруге әмір береді. Мұса (ғ.с.) дүниеге келгенде анасы оны аман алып қалудың жолын жанұшыра іздейді. Аллаһтың аян білдіруімен сәбиді сандықшаға салып, Ніл өзеніне ағызып жібереді. Сандықша судың ағысымен Перғауынның сарайына барып тоқтайды. Аллаһ тағаланың қалауымен әрі құдіретімен Перғауынның жұбайы Әсия балаға мейірімін төгіп, өз қарамағына алады. Мұса (ғ.с.) сарайда өсіп-жетіледі.[80]
Мұса есейіп, Мәдиян қаласына қоныс аударады. Онда Шуғайыппен (ғ.с.) кездеседі. Шуғайып (ғ.с.) оған қамқор болады.
Аллаһ тағаладан: «Екеуің барып: Біз Раббыңның саған жіберген елшісіміз; ал енді Исрайл ұрпақтарын бізбен бірге жібер. Енді оларды қинама…», деп айтыңдар[81]– деген аят түседі Мұса мен інісі Харун (ғ.с.) Перғауынды Аллаһтың ақиқатына шақырады. Биліктің буына мастанған Перғауын оның көзін жоймақ болып, әскерімен Мұса мен оған иман келтіргендердің соңына тіктеп түседі. Аллаһ тағала сүйікті құлдарын залымдардың тәлкегіне қалдырмайды. Мұсаға (ғ.с.) «таяғыңмен теңіз бетін ұр!» деп бұйырады. Мұса (ғ.с.) аса таяғын сілтеп қалуы мұң екен, теңіз қақ жарылып, екі жағынан ақжал толқын асқар таудай боп, жол береді. Мұса (ғ.с.) мен қасындағылар арғы жағалауға аман-есен жетеді. Артынан қуып келе жатқан өркөкірек Перғауын мен оның әскерлері қалың жағалауға жетіп үлгермей су астында қалады.[82]
Дәуіт (ғ.с.)
Дәуіт (ғ.с.) Исрайлұлдарына жіберілген пайғамбар. Сонымен қатар, өз қауымының патшасы еді. Дәуіттің (ғ.с.) тұсында қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман орнап, Исрайлұлдары бейбіт те берекелді өмір сүрді. Дәуіт (ғ.с.) темір өңдеудің хас шебері болатын.[83] Құран кәрімде Дәуіттің (ғ.с.) үні биязы екендігі айтылады. Бұған қоса, Дәуіт пайғамбар Забурды дауыстап оқығанда Оның айналасына таулар жылжып, құстар ұшып келетін болған.[84] Дәуіт (ғ.с.) қайтыс болғаннан кейін Аллаһ Оның ұлы Сүлейменге (ғ.с.) пайғамбарлық міндетін жүктейді.
Сүлеймен (ғ.с.)
Сүлеймен (ғ.с.) Дәуіт пайғамбардың ұлы әрі оның ізін басып, ісін жалғастырған Исрайлұлдарының пайғамбары. Құранда Сүлеймен пайғамбар Аллаһтың шынайы елшісі,[85] құс тілін түсінгендігі,[86] жындар мен адамдардан жасақталған әскері болғандығы, патшалығын басқарғандығы,[87] оның желді бағындыра білгендігі және Сәбә ханшайымы Бәлқыстың Сүлеймен пайғамбардың дәнекерлігімен иманға келгендігі айтылады.[88]
Әйюб (ғ.с.)
Әйюб пайғамбардың есімі Құранның төрт жерінде ұшырасады. Әйюб (ғ.с.) үбірлі-шүбірлі, дәулетті әрі өте сабырлы пайғамбар ретінде сипатталған. Жаратушымыз оған көптеген нығметтер тарту еткен-ді. Оның шұрайлы жерлері, үйір-үйір малдары және қызметшілері, ірі-ірі сауда нүктелері болған. Жеті ұл мен жеті қыз сүйген бақытты да, бақуатты жан еді. Аллаһ тағала оны төзімділікте өзінен кейінгілерге үлгі-өнеге көрсетуі үшін сынауды қалады. Оның бар мал-дүниесі таусылып, кембағалға айналды, бірінің артынан бірі ұлдары мен қыздары дүние салды. Кейін ауыр дертке шалдығып, өзі де жүруден қалды. Мұны көрген достары одан теріс айналды. Тек жары ғана оған адалдық танытты. Жағдайы тым нашарлап кеткенде Әйюб (ғ.с.) Раббысына: «Маған бір бәле келді. Сенің рахымың ұлы ғой» деп жалбарынды».[89]
Аллаһ тағала Оған былайша жауап қатты: «Аяғыңмен жерді теп» дедік Біз. Ол жерді теуіп қалып еді, тұп-тұнық бұлақ атқылап шықты. Бұл жуынуға да, ішуге де жарайтын су» деп аян еттік».[90]
Ғұламалар: «Әйюб (ғ.с.) суға шомылған уақытта денесі, ал ішкенде ішкі дерті жазылды», – деген пікір айтады. Аллаһ тағала оны бұрынғы күйіне түсіріп, отбасы бақытын да қоса қайтарды. Бұл туралы Құранда:
«Біз оның тілегіне орай тіл қаттық та, басына түскен бәлені алып кеттік. Оған жасаған рахымымыз ғибадат ететіндерге көрсеткен ғибратымыз еді. Біз оған үй ішінің құнымен парапар жақсылық сыйладық (яғни өлген балаларының, жоғалған мал-мүлкінің орнын толтырып, бала мен мал бердік)[91].
Зулкифл (ғ.с.)
Құранда Зулкифлдің (ғ.с.) есімі екі жерде аталады: «Исмайыл, Ыдырыс және Зулкифлді де есіңе ал»[92]; «Исмайыл, Әлиасаъ және Зулкифлді де есіңе ал».[93]
Тарихшы Табаридің еңбегінде Зулкифл (ғ.с.) хазірет Әйюбтің ұлы және шын есімі – Бишр. 75 жылдық ғұмырын Шам халқын таухид сеніміне шақырумен өткізгендігі айтылады.[94] Зулкифл (ғ.с.) туралы толық мағлұмат жоқ.
Жүніс (ғ.с.)
Жүніс (ғ.с.) Асур мемелекетінің бас қаласы әрі сауда орталығы болып табылатын Нинова шаһарында дүниеге келген. Осы қала тұрғындарының пайғамбары болған. Жүніс пайғамбар жылдар бойы дүние тіршілігінің қауіп қатерінен бейғам, ақырет ақиқатынан мақұрым, пұттарға табынушы халықты ақиқат дініне шақырумен болды. Мойынсұнбағандары оған қарсы шығып, қиындыққа душар етумен болды. Халқынан үмітін үзген Жүніс (ғ.с.) көп ұзамай олардың апатқа ұшырайтындықтарын ескертеді. Оның алғашқы белгісі бет-әлпеттеріңіз өзгереді деді.[95] Пайғамбар Аллаһтың рұқсатынсыз халқын тастап кетпек болады.[96] Оның бұл қадамын міндетін толық орындамай, осалқылыққа берілді деп жаңсақ түсіну дұрыс емес. Тек ақиқатқа мойынсұнбаған халқына ашу үстінде асығыс-ағат қабылдаған шешім деп ұққан жөн.
Жүніс (ғ.с.) халқына қатты ренжіп, кір жуып, кіндік кескен жері Нинованы тастап, Дижле өзенінің жағалауында жүзгелі тұрған кемеге мінеді. Кеме жүзіп келе жатып ашық теңізде бір орнынан қозғалмай тұрып қалады. Аяқ астынан көтерілген дауылға кеменің төтеп беруі қиынға соғады. Сонда бірі: «Арамызда кінәлі бір адам бар. Соның кесірінен кемеміз де жүрмей тұр. Жеребе тасталық», – дейді. Жеребе Жүніске (ғ.с.) түседі. Барлыға таң қалады. Себебі, Жүніс араларындағы қойдан қоңыр әрі үнсізі болатын. Тағы жеребе тасталады. Бұл жолы да Жүніске түседі. Жүніс (ғ.с.) «бұл Аллаһтың сынағы болар»,- дейді іштей. Теңізшілер Жүністі теңізге лақтырып жібереді. Осыны күткендей үлкендігі үйдей балық Жүністі бір-ақ қылғытады.[97] Жүніс пайғамбар балықтың құрсағында: «Уа, Раббым! Сенен басқа ешбір құдірет жоқ. Сен бүкіл кемшіліктен пәксің. Мен нәпсіме зұлымдық жасағандардан болдым»,[98]– деп дұға етеді. Жүністің (ғ.с.) бұл тілегі қабыл болып, балық жағаға қарай жүзіп, оның ішінен дін аман шығады. Өзіне келгенше Яктин (қабақ ағашы) ағашының түбінде тынығып алады.[99]
Расында да, Жүністің пайғамбар екендігін мойындаған Нинова халқының жүз мыңнан астамы тәубелеріне келіп, ақиқатқа бет бұрады. Мінеки, осылайша бұл қауым апаттан аман қалған халық ретінде тарихқа енеді.[100]
Илияс (ғ.с.)
Илияс (ғ.с.) Исрайлұлдарына жіберілген пайғамбар. Пұтқа табынған халықты Аллаһтың ақиқат дініне иман етуге шақырған.[101]
Құранның үш жерінде Илиястың (ғ.с.) есімі тікелей аталады: «Зәкария, Жақия, Иса және Илиясты да бір нығметке бөледік»[102]; «Илияс та (Аллаһтың дінін тәблиғ ету үшін) күдіксіз жіберілген елшілерімізден еді»[103]; «Илиясқа сәлем».[104] Илиястың қауымы Бағлға табынатын. Бағл – Иемендіктердің тілінде Рабб, қожайын деген мағынаны білдіреді.[105] Бұл Көне Сами қауымдарының құдай атауы. Сонымен қатар, бұл қауым құдайларының әйелі Астартеске де табынатын.
Әлиасаъ (ғ.с.)
Әлиасаъ ибн Ахтуб.[106] Әлиасаъ (ғ.с.) Илиястан (ғ.с.) кейін келген пайғамбар. Әлиасаъ (ғ.с.) ғұмырының соңына дейін Исрайлұлдарын таухид дініне шақырған.[107] Құранның: «Исмайыл, Әлиасаъ, Жүніс және Лұтты ардақты еттік»[108], «Исмайыл, Әлиасаъ және Зулкифлді де есіңе ал» деген аяттарынан Әлиасаъның (ғ.с.) екі жерде аты аталғанын көруге болады.[109]
Зәкария (ғ.с.)
Құранда Зәкария (ғ.с.) туралы да баяндалады. Зәкария қартайған шағында Хақ тағала оған Жақия есімді ұл сыйлайды.[110] Хадистердегі деректерге қарасақ, Зәкарияның (ғ.с.) қарапайым ағаш ұстасы болғандығы айтылады.[111] Өмірін құлшылықпен өткізген. Қауымын үнемі ақиқат дініне шақырған. Бірақ қауымы өз пайғамбарларын тыңдамай, оны шейіт еткен.[112]
Жақия (ғ.с.)
Жақия (ғ.с.) Зәкария пайғамбардың ұлы. Құран кәрімде Жақияның кішкентай кезінен бастап жамандықтардан аулақ өмір сүргендігі айтылады.[113] Жақия пайғамбар да әкесі сияқты шейіт болды.[114]
Иса (ғ.с.)
Құран: «періштелер: Уа, Мариям! Расында Аллаһ сені өз тарапынан бір сөзбен қуантады; оның аты Мәсих, Мариямұлы Иса, бұ дүние мен о дүниеде де беделді, сондай-ақ Аллаһқа жақындардан болады. Бесікте және ержеткенде адамдармен сөйлеседі, әрі игілерден болады. (Мәриям): Раббым! Маған бір (ер) адам жұғыспаса, қалайша балам болмақ- деді. (Періштелер🙂 Аллаһ қалағанын жаратады. Қашан бір істің болуын қаласа, тек оған «бол» десе сонда ол бола қалады. (Аллаһ ол дүниеге келетін балаға) кітапты, хикметті және Тәурат, Інжілді үйретеді»,[115]– деп Иса пайғамбардың әкесіз дүниеге келгендігін баян етуде.
Мариям ана ұлы Исамен Мысырға аттанады. Онда он екі жыл болады. Құранда бұл жайлы: «Мәриям ұлы мен анасын ғибрат еттік. Екеуін бұлақты, құнарлы жерге орналастырдық»,[116]– дейді. Кейін Иса (ғ.с.) анасымен бірге Құддысқа қоныс аударып Насира деген жерге қоныс тебеді. Иса (ғ.с.) отыз жасқа толғанда пайғамбарлық міндеті жүктеледі.
Құран кәрімде Исаның (ғ.с.) балшықтан құс жасап оған рух үрлеуі, өлгендерді тірілтуі, туа бітті зағиптердің жанарына жарық сыйлап, шырадай жандырды, алапес ауруын жазуы, көктен дастарханның түсуі, Хауарилер мен өзге достарының үйлерінде не жеп, не сақтайтынын айту мұғжизасы баяндалады.[117]
Иса (ғ.с.) өмірінің соңына дейін Хаққа сенімі мол жан дос іздеді. Көрген қиындығы мен тартқан азабы зая кетпей, он екі Хауариге ие болды. Оларға ақиқатты түсіндірді. Алайда он екі адамның ішінде біреуі оған опасыздық жасайды. Осылайша, Иса (ғ.с.) Аллаһтың әмірін он бір серігімен жүзеге асыруға тырысты.
Соңғы пайғамбар Мұхаммед
(саллаллаһу аләйһи уәсәлләм)
Тарихи деректерге сүйенсек, сүйікті пайғамбарымыз (аләйһис салату уәсәлләм) Араб түбегіндегі Мекке қаласында 571 жылы көкек айының жиырмасы дүйсенбі күні таңға жуық дүниеге келген. Тегі сол аймақтағы Құрайш тайпасының Хашимұлдарынан. Әкесі – Құрайш тайпасының алдыңғы қатарлы Абдулмутталибтің ұлы Абдуллаһ. Анасы Зуһрә тайпасынан Уәһбтің қызы Әмина. Анасының құрсағында жатып әкесінен, алты жасқа жеткенде анасынан айрылған Мұхаммед (аләйһис салату уәсәлләм) атасының қамқорлығында өсті. Екі жылдан кейін бұл қамқорлықтан да айрылып, әкесінің ағасы Әбу Тәлиб қасына алды. Балалық шағын Меккеде өткізді. Он екі жасында Әбу Тәлибтің сауда керуенімен Сирияға жол тартады. Жиырма жасынан асқанда, Меккенің бай саудагерлерінің бірі Хуәйлидтің қызы Хадишаның керуенін басқарып, Сирияға екінші мәрте сапарға шығады. Жиырма бес жасында Хадиша анамызбен үйленді. Қырыққа толар-толмас ерекше рухани әлемге еніп, халықтан жырақтап, Хира тауына бет алды. Жан баласымен жақ ашпай тілдеспейді үңгірде бірнеше күн қатарынан өзімен-өзі оңаша қалуды әдетке айналдырды. Күндердің бірінде пайғамбарымызға Жәбірейіл періште келіп:
اقْرَأْ بِاسْمِ رَبِّكَ الَّذِي خَلَقَ. خَلَقَ الْإِنسَانَ مِنْ عَلَقٍ. اقْرَأْ وَرَبُّكَ الْأَكْرَمُ. الَّذِي عَلَّمَ بِالْقَلَمِ. عَلَّمَ الْإِنسَانَ مَا لَمْ يَعْلَمْ
«Раббыңның атымен оқы! Ол адам баласын ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Ол Раббың аса ардақты. Сондай қаламмен. Ол, адамзатқа білмеген нәрсесін үйреткен»,[118]– деп алғашқы уахиді жеткізеді.
Соңғы пайғамбар келер кезде араб түбегі ғана емес, күллі адамзат ең ауыр кезеңді бастан кешуде еді. Адамзат наным-сеніміне қарай жік-жікке бөлініп, ымыраға келмей ыдырап, алауыздықтың оты өршіп тұрған кезі. Адамгершілік аяқасты болып, күштілер әлсіздерге күн көрсетпей, қанын сүліктей сорып, зар қақсатқан заман бола-тұғын. Міне, осы кезде Аллаһ тағала сүйікті құлы Мұхаммедке (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) пайғамбарлық міндетті жүктеді. Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) уақытты тиімді пайдаланып, дінді тәблиғ ете бастады. Адамдарды Аллаһтың бірлігіне шақырды. Дінді насихаттау барысында сенімді серіктерімен бірге адам баласы төтеп беруі неғайбыл көптеген қиыншылықтарды бастарынан өткізді. Пайғамбарлықтың он үшінші жылында Мәдинаға хижрет етті. Қарулы көптеген қақтығыстарға қарамастан, пайғамбарымыз өз міндетін толық орындап, табыспен аяқтады. 632 жылы пайғамбарымыз артына Аллаһтың сөзі мен сүннетін қалдырып, Раббысымен қауышты. Осылайша, пайғамбарлардың дәуірі аяқталып, бұл есік мәңгілікке жабылған еді.
Сенімді Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм)
Әлемдерге рахым етіп жіберілген Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) балалық әрі пайғамбарлық дәуірінде де жалған сөйлемеген, өзгелерге сенімді, кешірімді және өте көркем мінезді болғандығына тарихи деректер куә. Құранда:
وَمَا أَرْسَلْنَاكَ إِلَّا رَحْمَةً لِّلْعَالَمِينَ
«Біз сені бүкіл әлемге рақым етіп қана жібердік»[119] деп айтылған. Аллаһ елшісі Құранда айтылған осы ақиқатты өз өмірімен дәлелдеп берді. Ол адамзат үшін әлемдегі Аллаһтың мейірімділік әрі рахымдылығының өкілі. Оның дүниеге келуімен әлемнің мәні ашылып, жасампаздықтың үлгісі паш етіледі. Құранда:
وَإِنَّكَ لَعَلى خُلُقٍ عَظِيمٍ
«Шын мәнінде сен, әлбетте, ұлы мінезге иесің»,[120]– деп пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) көркем мінезі баяндалады.
Жалпы адам баласының көркем мінезге ие болуы оның қоршаған ортасына байланысты. Әйтсе де, осы шындықты пайғамбарымызға қатысты айта алмаймыз. Неге десеңіз, сүйікті пайғамбарымыз буыны бекіп, бұғанасы қатпай жатып, әке-шешесінен айрылып қалды. Оның балалық әрі жастық шағы жылмаңдап алдап кетуді ақыл көретін, қорқау секілді өз қорасына шабатын заманға тап келді. Адамдар нәресте қыздарын тірідей көмген. Мұндай ұйыққа тартып ұйыған дәуірде көркем мінезге тәрбиелеу мүмкін емес еді.
Кез келген адам өз күшімен топ жарып, ерлік көрсетіп, я болмаса екінің бірінің қолынан келмейтін істің басын қайырып, төске шауып төрге озуы мүмкін. Алайда ол қолға алған кез келген саланы бес саусағындай игеріп, дөңгелетіп әкете алмайды. Қандай да бір кәсіпті үйренудің өзіне қаншама жылдар керек. Медицинаның, социологияның, т.б. салалардың ұшар шыңына жетіп, кемеңгер қолбасшы, ұлағатты ұстаз, т.б. болған бір-ақ адам бар. Ол – Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм).
Адамзат тарихында жиырма үш жылдық аз ғана уақыт ішінде, ислам діні толық түсіндіріліп, бітті. Ислам діні әуелгіде бір ер адам, бір бала және бір әйелмен басталған еді. Бүгінгі тілмен айтқанда, педагогикалық әдістемеге сүйенетін кәсіби, әскери тәрбие және телескоп, микроскоп сияқты адамның ойына түгіл түсіне де кірмейтін құрал-жабдықтардың бірі жоқ сол заманда жалаңаш қолымен ислам дінін әлемге паш еткен Мұхаммедті (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) пайғамбар демегенде кім дейміз?
Айтуға ауыз бармайтын қатыгездіктің белең алып, зұлымдық пен тағылықтың қараңғылығы тұмшалаған дәуірде пайғамбарымыз Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дәнекерлігімен тәрбиеленген, адамзаттың үлгі тұтар ең асыл тұлғалары осы жерден өркен жайды.
Санасын шырмаған, жан сарайын шиырлаған бос-қуыс нанымдарынан арылып, шынайы ақиқат жолына түсу оңай дүние емес. Ішімдік, құмар, зина, пәре және алдау-арбау сияқты нашар әдеттерді сөз етпей ақ қоялық… қазіргі таңда шылымқор адамға темекіні тастатудың өзі үлкен олжа. Әлем ғалымдары жабыла дабыл қағып, бірауыздан оның зиянын қанша айтса да, зиянды әдеттерге бой алдырғандардың темікіні де, ішімдікті де қойып жатқаны шамалы.
Сүйікті пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) кез-келген істе саңыраудың өзін саңлаққа айналдыратын сүйіспеншілікті бірінші кезекке қойған. Пайғамбарымыздың сүйіспеншілігі тек айналасына шоғырланған нұр жүзді үркердей топқа ғана емес, өзіне қарсы шыққан Халид, Уахши, Әбу Суфиян, Хинд, Икримә және Сафуан сияқты замандастарының да жүректерін жылы лебізбен тербеген еді. Олардың да мәңгі бақытты болуы үшін жаны жай таппай, тура жолға үнемі шақырумен болды. Оларға жаны ашып, жақын тартқандығы соншалық, тіпті өз жанын құрбан етуге де дайын еді.
Сонымен қатар, өз заманынан ғана емес, әлем жаратылысынан асыптуған асыл текті пайғамбарымыздың көркем мінезі оның пайғамбарлығымен турашылдығына бірден-бір дәлел.
Айша анамыздан пайғамбарымыздың мінез-құлқы жайлы сұралғанда: «Сендер Құран оқымайсыңдар ма? Оның мінез-құлқы Құран ғой»,[121]– деп жауап берген еді. Яғни, пайғамбарымыздың мінез-құлқы – Құранның тәлім берген сүттен ақ, судан таза ұстанымдарының жиынтығы еді.
Ғайыптан берілген және болашаққа қатысты хабарлар
Жалпы адам баласы ғайып пен болашақ былай тұрсын, өзі өмір сүріп жатқан дәуірдің тынысын сезбей, иегінің астындағы кейбір оқиғалардың себеп-салдарын білмей жатады. Құран сөзімен айтқанда, ғайыпты Аллаһтан басқа ешкім білмейді. Тек Аллаһтың қалауымен, білдіруімен нәби, расул және салиқалы, жүрек көзі ашық жандар ғана біле алады. Құрандағы: «(Уа, Мұхаммед) Оларға былай де: Жанымда Аллаһтың қазынасы бар демеймін. Ғайыпты да білмеймін. Әрі сендерге мен бір періштемін деп те айтпаймын. Мен тек өзіме уахи етілгенге ғана ілесемін…»[122] деген осы аят сөзімізді растай түседі. Сонымен қатар, «Ол барлық ғайыпты біледі. Ғайыптың сырын ешкімге ашпайды. Тек қалаған пайғамбарына ғана білдіреді. Сондай-ақ, Раббысынан алынған хабарлардың айна-қатесіз, толық жеткізілгенін білу үшін Аллаһ өз елшісінің алды-артына күзетші қояды. Негізінде, Аллаһ олардың жағдайын толық біліп, жек баға беріп, жазып қойған»,[123] – деп пайғамбарымызға Аллаһтың білдіретіндігін айтуда.
Адамның «Аллаһ елшісі ғайыпты толық біледі» деуі – астамдық, ал, «білмейді» деуі – нұқсандық. Ол (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ғайыпты өздігінен емес, Аллаһтың қалауымен ғана біле алатын. Ол өздігінен еш нәрсе айтпайтын. Айтқанының бәрі де уахи арқылы жеткен Аллаһтың хабары еді. Аллаһ тағала ғайыпты тек пайғамбарға ғана емес, айтып өткеніміздей кейде үмбет арасындағы салиқалы, жүрек көзі ашық кейбіреулеріне де керемет[124] ретінде ғайыпты білдіре алады. Бұл жайлы Аллаһ елшісі: «үмбетімнің арасында (иләһи) шабытқа ие адамдар бар»,[125]– деген болатын.
Аллаһ тағала болашақта болатын оқиғалардың кейбірін нақты айтқан. Біз олардың кейбірін Құран аяттары мен пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) хадистерінен көре аламыз. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Мекке дәуірінде Хаббаб ибн Әрәтке: «Аллаһ тағала бұл дінді әлі-ақ кемеліне келтіреді. Дұшпандарды әлсіретіп, жеңіліске ұшыратады. Ал Ислам діні жеңіске жетеді. Ол ол ма бір әйел түйесіне мініп, Санадан Хадрамаутқа дейін (төрт күндік шөл даланы) Аллаһтан басқа ешкімнен қорықпай қамсыз қайғысыз жүріп өтетін кез келеді»,[126]– деген еді. Бұл айтқаны көп ұзамай төрт халифат дәуірінде жүзеге асты.
Сонымен қатар, Әбу Бәкір мен Омардың жүрген жолынан айрылмаңдар,[127]– деп олардың халифа болатынына ишарат еткен еді. Тағы бірде Осман ибн Аффанның қаны нақақ төгіліп, жазықсыз өлтірілетіндігін[128] күні бұрын айтқан. Әммар ибн Ясирдің хазірет Әлиге қарсы бас көтерген бүлікшілердің қолынан шейіт болатынын ескерткен.[129]
Әһлул бәйттен өзіне алғаш болып қызы Фатиманың (р.а) қауышатынын айтқан. Айтқаны айдай келіп алты айдан кейін қызы дүние салады.[130] Пайғамбарымыздың анасының туысы Умми Харам бинти Милһанның (бір риуаят бойынша Аллаһ елшісінің сүт апасы, басқа риуаятта анасына туыс болғандықтан, нағашы әпкесі) алдағы уақытта соғыс сапарына қатысатындығын[131] айтуы тұп-тура шықты.[132] Бәдір шайқасының алдында мүбәрак қолымен кейбір жерлерді ишарат етіп: «Мынау – Әбу Жәһилдің өлетін жері, анау – Утбәнің, мынау – Шәйбәнің, ал мына жерге Уәлидтің иығы тиеді…»,– деп, діннің қас дұшпандарының осы соғыста қай жерде жан тапсыратынын қолмен қойғандай айтып беруі және сол айтқанының айнымай келуі оның пайғамбарлығын замандастарының көзінше паш еткен бір дәлел болды.[133] Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) немересі Хасанды меңзеп: «Бұл менің балам Хасан, ол мырза. Аллаһ онымен екі үлкен жамағатты татуластырады»,[134]– деген еді. Арада ширек ғасырдан соң пайғамбарымыздың айтқандары келді. Хазірет Әлиден кейін Әмәуилер Хасанға қарсы шықты. Жанжалға жаны қас осы адам барлық міндеттерінен босағанын жария етіп, бір-бірімен айқасуға шақ қалған Ислам әскерлерін татуластырып, уақытша болса да, қорқынышты бүліктің бетін қайтарған еді.[135]
Эфиопия патшасы Нәжаши қайтыс болған күні пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сахабаларына: «Бүгін бауырларыңыздан бірі қайтыс болды. Кәнеки, намаз оқиық»[136] деп жаназа намазын оқыған еді.
Сахабалар мұсылмандардың арасынан орын алған Кузманның ерлігін пайғамбарымызға айтқанда «ол тозақтық» дейді. Сахабалар қапелімде түсінбей қалады. Соғыс соңында ауыр жарақат алған Кузман «Мен Аллаһ үшін соғысқан жоқпын» деп жарақатын ауырсынып өзіне қол жұмсаған еді. Сахабалар пайғамбарымыздың сөзінің төркінін сонда барып түсінеді.[137]
Өзінен шамамен 2500 жыл бұрын өмір сүрген Мысыр перғауынының денесі кейінгі ұрпаққа ғибрат болсын деп, теңізден жағалауға жаңқадай шығып қалатынын, сақталатынын айтып кеткен еді.
Бұл жайында Құран кәрімде:
فَالْيَوْمَ نُنَجِّيكَ بِبَدَنِكَ لِتَكُونَ لِمَنْ خَلْفَكَ آيَةً وَإِنَّ كَثِيراً مِّنَ النَّاسِ عَنْ آيَاتِنَا لَغَافِلُونَ
«Сенен кейінгіге үлгі болу үшін денеңді (жансыз түрде) құтқарамыз. Расында, адамдардың көбі аяттарымыздан хабарсыз»,[138]– дейді. Расында да 1881 жылы патшалар қабірінен Перғауынның тәні табылып көпшілікке ғибрат ретінде Англияның мұражайына қойылды.
Міне, осы сияқты ғайып хабарларды пайғамбар тек Аллаһ тағаланың білдіруімен ғана білген.
Сонымен қатар, Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Аллаһтың рұқсатымен ғайыптан және болашаққа қатысты хабар беруі Оның пайғамбарлығына дәлел болмақ.
Г. Оралбайқызы
[1] Ахмад ибн Ханбал, Мүснәд, 5/266; Суюти, әд-Дуррул Мансур фит-Тәфсирил-Мәсур, 1/126
[2] «Ғафыр», 40/78
[3] «Фатыр», 35/24
[4] «Исра», 17/15
[5] «Зилзәл», 99/7-8
[6] А.Унал, Құран мәалі, «Ағраф», 7/64, 353
[7] Қараңыз: «Сад», 38/75-77; «Әнкабут», 29/57; «Ағраф», 7/16-17
[8] Қараңыз: «Бақара», 2/35
[9] Қараңыз: «Бақара», 2/36; «Таһа», 20/120-121
[10] «Ағраф», 7/22
[11] Қараңыз: «Бақара», 2/37
[12] «Ағраф», 7/24-25
[13] «Мәриям», 19/56-57
[14] «Әнбия», 21/85-86
[15] Рази, Тафсирул Кәбир, 21/233
[16] Абдулбақи Мухаммад Фуат, әл-Мужамул Муфаһрас ли-Әлфазыл-Қуранил Карим, «Нұһ бабы», Бейрут, 1987; Мәһран Мухаммад Бәииюми, Дирасат Тариһия минәл-Қуранил Кәрим, Бейрут, 1988, ІV/10
[17] Суюти, әл-Итқан фи Улумил Қуран, Дамаск, 1993, ІІ/1062, 1087
[18] Хаким ән-Нисабури, әл-Мустадрак әлас-Сахихайн (өңдеген:Мустафа Абдулқадир), Бейрут, 1990, ІІ/380; Суюти, әл-Итқан, ІІ/1062; Мәсут Жамал Абдулһади Жума, Уәфа Мухаммад, Тарихул-Уммәтил-Уаһида Нуһ әлайһиссәлам, Дарул Уафа, Мысыр, 1992, 9
[19] «Нұһ», 71/2-4
[20] Қараңыз: «Ағраф», 7/62
[21] Қараңыз: «Әнкабут», 29/4
[22] Ибн Кәсир, Тафсир, ІІ/448; Әбус-Сууд, Иршадил Ақлис-Сәлим ила Мәзаиәл-Қуранил Кәрим, Бейрут, VІІІ/33
[23] «Нұһ», 71/7
[24] Қараңыз: Ибн Қутайба, Тафсир, 487; Суюти, әл-Итқан, ІІ/1078
[25] Қараңыз: «Ахқаф», 46/22; «Ағраф», 7/70,77; «Әнкабут», 29/29; «Шұғара», 26/31; «Әнфал», 8/32
[26] «Шұғара», 26/117-118
[27] «Худ», 11/36-37
[28] «Худ», 11/40
[29] «Һұд», 11/42.
[30] «Һуд», 44.
[31] «Худ», 11/50
[32] «Шұғара», 26/129; 133, 134
[33] Хаким Әбу Абдуллаһ, әл-Мүстәдрак, Бейрут, 1/563
[34] Ахмад ибн Ханбал, 1/232
[35] Қараңыз: «Зарият», 51/41-42; «Ахқаф», 46/24-25
[36] Қараңыз: «Хыжыр», 15/80; Замаһшари, әл-Кашшаф ән Хақаиқи Ғәуамизит-Тәнзил уә Уюунил Әкауили фи Ужуһит-тәуил, Кайр, 1987, ІІ/587
[37] Нәжжар Абдулуәһһаб, Қасасул-Әнбия (өңдеген:Абдуллаһ Бәдран-Али Абдулхамид Балтажы), Дамаск, 1990, 90
[38] Абдулбақи, әл-Мужамул-Муфәһрас, «Самуд» бабы.
[39] Қараңыз: «Худ», 11/61-63; Суюти, әл Итқан, II/1066
[40] «Худ», 11/64; «Шұғара», 26/154
[41] «Худ», 11/65; Шұғара, 26/157; Шәмс, 91/14
[42] Қараңыз: «Зарият», 51/43-45
[43] Нәсафи Әбул Бәракат Абдуллаһ ибн Ахмад ибн Махмуд, Мәдарикут-Тәнзил уә Хақайқут-Тәуил, ІІ/22
[44] Сәғлаби Әбу Ысқақ Ахмад, Қысасул Әнбия, Бейрут, 63; Суюти, әл-Итқан, ІІ/1066
[45] Суюти, әл-Итқан, ІІ/1065
[46] Абдулбақи, әл-Мужамул Муфаһрас, «Лұт» бабы; Нәжжар, Қасас, 113
[47] «Әнкабут», 29/26
[48] Қараңыз: «Ағраф», 7/80-81; «Шұғара», 26/160-166; «Нәміл», 27/54-55
[49] «Худ», 11/69-70; «Хижр», 15/57-58
[50] «Худ», 11/77, 81
[51] «Қамар», 54/37
[52] Қараңыз: «Ағраф», 7/83-84; «Худ», 11/81-83; «Қамар», 54/37-39
[53] Абдулбақи, әл-Мужамул Муфаһрас, «Ибраһим» бабы.
[54] Ибнул Әсир Али ибн Мұхаммад, әл-Камил фит-Тарих, 1/94-95
[55] «Әнғам», 6/80-81; «Әнбия», 21/51-73; «Шұғара», 26/70-89; «Әнкабут», 29/16-27
[56] Сәғлаби, Қысас, 66
[57] «Әнбия», 21/57-67
[58] «Әнбия», 21/69
[59] Қараңыз: «Бақара», 2/127; «Хаж», 22/26-27
[60] «Мариям», 19/54-55
[61] «Саффат», 37/112-113
[62] Табәри Әбу Жафар Мұхаммад ибн Жәрир, Тарихут-Табәри, Бейрут, 1967, І/162
[63] «Мәриям», 19/49-50; «Сад», 38/45-46; «Әнғам», 6/84; «Юсуф», 12/4-6
[64] «Бақара», 2/133
[65] «Юсуф», 12/83-100
[66] Сәғлаба, Қысас, 146; Нәжжар, Қасас, 189
[67] Абдулбақи, әл-Мужамул Муфаһрас, «Шуғайб» бабы.
[68] «Худ», 11/84
[69] Қараңыз: «Ағраф», 7/88
[70] Қараңыз: «Ағраф», 7/90; «Худ», 11/89
[71] «Ағраф», 7/93
[72] «Ағраф», 7/91
[73] Елмалылы, Хақ Діні, V/217
[74] Ибн Кәсир, Қасас, 157
[75] «Шуғара», 26/186-187
[76] Бәйдауи, Әнуарит-тәнзил, Мысыр, 1995, ІІ/84
[77] «Таһа», 20/90-91
[78] Мысыр патшасына берілген ортақ ат. Көне мысырлықтар күнге «ұлы тәңрі» есебінде табынған. Кейіннен оны Перғауын деп атаған. Көне мысырлықтардың сенімі бойынша әрбір патшаның билігі ұлы тәңірімен байланысады. Билікке келген патша тәңрінің жер бетіндегі өкілі деп білді. Тек патша ғана емес, оның отбасы да біз күн ұрпағынан тарағанбыз дей бастады. Өздерін «ұлы тәңрі» екендігін мойындату үшін Перғауын деген атақ алды. Суюти, әл-Итқан, ІІ/1088; Мухаммад Хамидуллаһ, Ислам пейгамбери (ауд:Салих Туғ) Стамбул, 1991, І/546; Мәудуди, Тәфһимул Қуран, ІІ/76
[79] Суюти, әл-Итқан, ІІ/1088
[80] «Қасас», 28/4, 7-9
[81] «Таһа», 20/47
[82] «Шұғара», 26/60-66; «Мумин», 40/26
[83] «Әнбия», 21/78, 80
[84] «Сад», 38/19-20
[85] «Әнғам», 6/84
[86] «Нәміл», 27/16
[87] «Нәміл», 27/17
[88] «Сәбә», 34/12; «Нәміл», 27/20-44
[89] «Әнбия», 21/83
[90] «Сад», 38/42
[91] «Әнбия», 21/83-84
[92] «Әнбия», 21/85-86
[93] «Сад», 38/48
[94] Табари, Тарихул-үмәм уәл-мүлук, Бейрут, 1/195; Алуси, Рухул мәани, 17/82; 23/211
[95] Ибн Әсир, әл-Кәмил, 1/360
[96] «Әнбия», 21/87
[97] «Саффат», 37/140-142
[98] «Әнбия», 21/87
[99] «Саффат», 37/146
[100] «Жүніс», 10/98; «Саффат», 37/147-148
[101] «Саффат», 37/124-126
[102] «Әнғам», 7/85
[103] «Саффат», 37/123
[104] «Саффат», 37/130
[105] Замахшари, Кашшаф, 3/352
[106] Табари, Тарих, І/239
[107] Әбулфида, әл-Бидая уән-Нихая, ІІ/4
[108] «Әнғам», 6/86
[109] «Сад», 38/48
[110] «Мәриям», 19/4-7; «Әли Имран», 3/39
[111] Ахмад ибн Ханбал, Мүснәд, 2/405
[112] Табари, Тарих, 2/16
[113] «Мәриям», 19/7, 12-15
[114] Елмалылы, Хақ Діні, І/421
[115] «Әли Имран», 3/45-48
[116] «Мүминұн», 23/50
[117] «Маида», 5/110-115; «Әли Имран», 3/49
[118] «Алақ», 96/1-5
[119] «Әнбия», 21/107
[120] «Қалам», 68/4
[121] Муслим, Мусафирин, 139
[122] «Әнғам», 6/50; Қосымша қараңыз: «Ағраф», 7/188
[123] «Жын», 72/26-27
[124] Әулие адамдардың жаратылыс заңына кереғар ғажайыптар көрсетуі.
[125] Бухари, Әнбиә, 54; Муслим, Фәдаилу-с-Сахабә, 23; Тирмизи, Мәнақиб, 17
[126] Бухари, Мәнақибул Әнсар, 29; Икраһ, 1
[127] Тирмизи, Мәнақиб, 16
[128] Қараңыз: Тирмизи, Мәнақиб, 18
[129] Тирмизи, Мәнақиб, 35; Қараңыз: әл-Муттакил-Хинди, Кәнзуль-Уммал, 13/536; Бухари, Салат, 63; Муслим, Фитан, 70, 72-73
[130] Қараңыз: Бухари, Мәнақиб, 25; Муслим, Фәдайлус Сахабә, 98-99; Ахмад ибн Ханбал, Мүснәд, І/6
[131] Қараңыз: Бухари, Табир, 12; Муслим, Имаре, 160
[132] Қараңыз: Ибн Хажәр, Исабә, ІV/441
[133] Қараңыз: Муслим, Жәннат, 76-77
[134] Бухари, Сүлһ, 9; Ахмад ибн Ханбал, Мүснәд, V/49
[135] Ибн Кәсир, әл-Бидайа, 8/45
[136] Бухари, Жанаиз, 55
[137] Бухари, Мағази, 38; Ибн Хишам, Сирә, 2/171
[138] «Жүніс», 10/92