Құранда: «…Мен періштемін демеймін»[1], «Әрине, біз сендер сияқты адам баласымыз»,[2]-деп пайғамбар ерекшеліктерінің бірі олардың адамдар арасынан шыққаны баяндалады. Пайғамбарлар туралы сөз қозғалғанда, олардың осы ерекшелігіне қарсылық көрсеткендер болған. Әр дәуірдің адамдары өздеріне иләһи заңдылықтарды алып келген пайғамбарлардан жаратылыс заңдылықтарынан ерекше әрекеттер күткен. Сөйтіп олар өздеріне ұқсаған қарапайым адам болғандықтан, иман етпегендер көп кездеспеген. Осы арада мынаны айта кету керек, Жаратушының елшілерді адамдар ішінен таңдауының астарында үлкен сыр бар еді.
Ислам сенімінде пайғамбар адамдардың өз ішінен таңдалған, зерек және Аллаһтың құдіретінен рухани нәр алған алғыр жандар.
Тарихқа көз жүгіртсек, пайғамбарлардың қарапайым адамдардан шыққанын қабылдай алмағандар «пайғамбарлар неліктен періштелерден келмеген?» деп қырсық мінез танытқандар болды. Алайда,
اللّهُ أَعْلَمُ حَيْثُ يَجْعَلُ رِسَالَتَهُ
«Аллаһ елшілік міндетін кімге беретінін өте жақсы біледі».[3] Әрине, егер Хақ тағала қаласа, кез келген болмыстан пайғамбар жіберер еді. Бірақ, Аллаһ тағала пайғамбарды адамдардың арасынан таңдады. Қарапайым адамдардан шыққандықтан елші адамдардың хал-жағдайын, сана-сезімін, қалауын және қажеттіліктерін жақсы білген. Әрі адамдар өздері сияқты қарапайым адамнан ғана үлгі ала алады. Ал егер періштелерден елші келгенде, адамдар оның істегенін істеп, соңынан еріп, оның нұрлы болмысын туған қасиетін ұғып, қадіріне жете алмас еді. Өйткені, олардың жаратылысы адам жаратылысынан мүлдем бөлек.
Г. Оралбайқызы
[1] «Һұд», 11/31
[2] «Ибраһим», 14/11
[3] «Әнғам», 6/124