Кәсіпсіз пайғамбар болмаған. Адам – егінші, Нұх – ағаш ұстасы, Идрис – тігінші, Дәуіт – темірші, Мұса – қойшы, Ибраһим – саудагер, Исмаил – аңшы, Зәкария – балташы болған. Баршасына Алланың игілігі мен сәлемі болғай!
Ардақты пайғамбарымыз да (с.ғ.с.) қой баққан, сосын саудамен айналысқан.
Хадисте: «Алла жіберген пайғамбарлардың қой бақпағаны болмаған. Сахабалар: Сіз де ме?,-деп сұрағанда пайғамбарымыз (с.ғ.с.): Иә, Мекке жұртының қойын тиін-тебенге бағатын едім[1]»,-деген.
Әнас ибн Мәлік (р.а.) риуаятында:
«Қиямет күні туып, қолдарыңда көшет ұстап тұрсаңдар, сол көшетті отырғызатындай мұршасы болса отырғызыңдар. Сол жұмысы үшін оған сауап бар[2]»,-делінген.
Сахабалар құлшылық еткенде олардың бұл дүниемен еш шаруасы жоқ сияқты көрінетін. Ал, жұмыс істеп, еңбек етсе мына жалғанға жан-тәнімен берілгендей түйілетін. Өйткені, екі дүниенің ісін де тиянақты орындайтын.
Ислам – тепе-теңдік діні. Толықтай барлық жағынан. Рух материалдық игіліктер кеңістігін тарылтпайды. Материалдық мүдде де руханият есебінен өз мақсатын жүзеге асырмайды. Осылайша ислам дүние тіршілігі мен ақырет мақсатын бір қалыпты тепе-теңдікте үйлесімділікпен ұстайды. Бірі екіншісінің есебінен күнелтпейді.
Хадистер ішінде еңбек ету, мамандық меңгеру жайлы арнайы топтама бар. Ибн Масғұдтан (р.а.): «Адал табыс табу – парыздан кейінгі парыз[3]»,-деген риуаят жеткізген.
Бес уақыт намаз, ораза, қажылық және зекет мұсылманға парыз болғаны сияқты адал ризық табу үшін еңбек ету де – парызы.
Мұсылман кәсіп иесі болуға міндетті. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) күн ұзақ мешіттен шықпайтын біреуді байқайды. Намаз уақытынан кейін де отыратын көрінеді. Сонда оған:
–Сені кім асырайды? Немен күнелтесің?,-деп қалай нәпәқа тауып жүргенін сұрайды. Ол: Бауырым асырайды,-дейді. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бауырың саған қарағанда діндар екен»,-дейді.
Табиғин Әбу Сулейман Дарани: «Сен сап түзеп намаз оқып, ал біреу сені қамтамасыз ету үшін шаршауы бізде құлшылық боп саналмайды. Сен әуелі азығыңды табумен айналыс, сосын құлшылық жаса»,-деген екен.
Расында, жайбарақат намаз оқу үшін ой тыныштығы маңызды. Жұмыс жоқ болса, тыныштық қайдан болсын? Сонымен қатар, Әбу Һурайра (р.а.):
«Намаз да, садақа да және қажылық та кәфарат болмайтын күнәлар бар. Ондай күнәға бала-шаға бағу қамын қарастыру кәфарат[4]»,-деген риуаят жеткізген.
Еңбек ету – парыз. Өйткені, парызға апаратын себеп те парыз. Сол сияқты, харамға жетелейтін амал да харам. Риуаятта:
«Кісі асырауына мұқтаждарды қараусыз қалдыруы күнә ретінде жеткілікті[5]»,-делінген.
Демек, осы мағыналас хадистер асыл дініміздің құлшылық пен еңбекті қатар насихаттайтынын көрсетеді. Мұсылман еңбекқор болуы тиіс. Материалдық тұрғыда тәуелділіктен құтылу жолын іздестіруі тиіс. Тіршілік пен құлшылықты қатар алып жүру қажет. Намазы жұмысына кедергі болмауы керек. Керісінше, құлшылығы мен тіршілігі бірін-бірі толықтырып тұруы тиіс.
Сонымен бірге, табысы адал болуы шарт. Намаз, ораза, зекеттің мұраты тәрбие. Мұсылманды салауатты, жанашыр әрі жақсылыққа жаны құмар етіп қалыптастыру. Мұсылман қайыршылықпен емес, қайырымдылықпен айналысу керек. Бұл мұсылманның басты мақсатының бірі болса игі. Әлеуметтік маңызды жобалар бас-қасынан табылуға әрекет ет. Алла құп көретін игі істерді жүзеге асыруды ниет ет. Бұл мақсат көбінесе тер төгіп тапқан қаражат арқылы жүзеге асады.
Міне, Құран Кәрім осыны айтады. Аятта: «…Сондай-ақ жақсы амал оны көтереді…[6]»,-делінген.
Абдурахман бин Ауф (р.а.): «Мал-дәулет неткен жақсы. Дүниемен ар-намысымды қорғаймын әрі Раббыма жақындаймын»,-деген сөзі жоғарыдағы аяттың мағынасын ашады. Сахаба Абдурахман бин Ауф өте дәулеті кісі болған. Соған жараса ерекше жомарт еді.
Руслан ҚАМБАР
[1] Бұхари
[2] Баззар
[3] Табарани
[4] Табарани
[5] Хаким, Насаи
[6] Фатыр сүресі, 10-аят