Пайғамбарларға сену – иманның негізгі шарттарының бірі. Бұл шындықты Құранның:
مَنْ آمَنَ بِاللّهِ وَالْيَوْمِ الآخِرِ وَالْمَلآئِكَةِ وَالْكِتَابِ وَالنَّبِيِّينَ…
الَّذِينَ صَدَقُوا وَأُولَـئِكَ هُمُ الْمُتَّقُونَ
«Кім Аллаһқа, ақырет күніне, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға иман келтірсе… міне солар шыншылдар, әрі солар тақуалар»,[1]– деген аяттарынан көруге болады.
Ұлы Жаратушы Жаппар Ие әрбір мұсылман баласына пайғамбарларды алаламай, бірдей иман етуді парыз еткен. Бұл жайлы Құранда: ««Аллаһ Елшісі Раббы тарапынан өзіне түсірілгендерге иман етті және мүміндер де (иман етті). Барлығы Аллаһқа, періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына және ақырет күніне иман етті. Елшілердің араларын айырмаймыз, естідік те бойұсындық. Раббымыз! Сенен жарылқау тілейміз, қайтып барар жеріміз де Сенің құзырың – дейді».[2]
Сонымен қатар пайғамбарларға шынайы ықыласпен сенген адам олардың бойындағы туралықты, әділдікті өз өмірлерінде қолдану мүмкіндігіне ие болады.
Ал пайғамбарларға иланбау – Аллаһ тағаланы және Оның жер бетіне жіберген кітаптарын жоққа шығару деген сөз. Өйткені, Ұлы Жаратушының күллі ақиқаты осы пайғамбарлар арқылы жеткен.
Бұл мәселеге байланысты Құран кәрімде:
…وَمَن يَكْفُرْ بِاللّهِ وَمَلاَئِكَتِهِ وَكُتُبِهِ وَرُسُلِهِ وَالْيَوْمِ الآخِرِ فَقَدْ ضَلَّ ضَلاَلاً بَعِيداً
«…Кімде-кім Аллаһқа және Оның періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына және ақырет күніне иман етпесе, өте қатты адасады…»,[3]– делінген.
Басқа бір аятта:
إِنَّ الَّذِينَ يَكْفُرُونَ بِاللّهِ وَرُسُلِهِ وَيُرِيدُونَ أَن يُفَرِّقُواْ بَيْنَ اللّهِ وَرُسُلِهِ وَيقُولُونَ نُؤْمِنُ بِبَعْضٍ وَنَكْفُرُ بِبَعْضٍ وَيُرِيدُونَ أَن يَتَّخِذُواْ بَيْنَ ذَلِكَ سَبِيلاً. أُوْلَـئِكَ هُمُ الْكَافِرُونَ حَقّاً وَأَعْتَدْنَا لِلْكَافِرِينَ عَذَاباً مُّهِيناً
«Күмәнсіз, сондай-ақ, Аллаһқа, пайғамбарларына қарсы келгендер, олар Аллаһ пен пайғамбарының арасын айыруды қалайды. (Пайғамбарлардың) кейбіріне сенеміз де, кейбіріне сенбейміз дейді. Сөйтіп, олар екі ортадан жол табуды қалайды. Міне, олар анық кәпірлер. Кәпірлер үшін қорлаушы азап дайындадық»,[4]– деп пайғамбарлардың біріне сеніп біріне сенбегендердің күпірлікке кіретінін айтады.
Г. Оралбайқызы
[1] «Бақара», 2/177
[2] «Бақара», 2/285, 136, 253
[3] «Ниса», 4/136
[4] «Ниса», 4/150-151