Хақ тағала адам баласын ең көркем бейнеде және жан-жақты қабілетті етіп жаратқан, әрі оған Аллаһты танып-білсін деп ақыл-сана берген. Жұмыр басты адамның ақыл ойы арифметика, геометрия, химия, астрономия, т.б. ғылым салаларындағы кейбір сұрақтардың жауабын ешнәрсенің көмегінсіз-ақ өздігінен білуі мүмкін. Мәселен, төрттің жартысы екі болатыны немесе бүтіннің өз бөлшектерінен үлкен екендігі адамға мәлім. Бұл қабілет Аллаһ тағаланың зор нығметтерінің бірі. Бірақ ақыл мен ой мүмкіндігі Аллаһтың сипаттары мен көркем есімдеріне келгенде қауқарсыз, һәм шектеулі. Олардың бұл мәселеде әлсіздігі анық. Демек ақыл мен ой да кез келген мәселені толық қамтып, түп-төркінін ашып бере алмайды. Мәселен, құлшылықтың өтеудің мәні ақырет, бізді әлемнің сыртында болып жатқан метафизикалық құбылыстар, т.б. жайлы адам ақылы көп нәрсе біле бермейді. Демек, көздің көруі, құлақтың естуі шектеулі болғаны секілді ақыл мен ойлау қабілетінің де жете алмас биігі, ала алмас асқары, шыға алмас шыңы болады. Сондай-ақ ақыл залым адамды жазалау үшін дұрыс үкім бере алмауы немесе залымдардың зұлымдық жасауына да кедергі бола алмауы мүмкін. Алайда, Аллаһтың адам баласы үшін белгілеген заңдылықтары бар. Адам – Аллаһтың жұмыр басты пендесі. Оған бұл өмірде бірқатар әмірлер жүктелген. Сол әмірлердің бірі – құлшылық. Міне, осынау өмір сүру заңдылықтарын ашып түсіндіруге, адамдарға бас көз болып, жол көрсетуге, қарапайым адамдардың ішінен пайғамбарлар жіберілген.[1]
Ертеде біреу кемеде келе жатып, қасындағы досына: «Осы пайғамбарлардың не қажеті бар? Өзіміз де жолды тауып алар едік қой»,- депті. Сонда кітап оқып отырған досы басын көтермеген күйінде: «Онда кемеге неге міндің. Жағалауға өзің-ақ жүзіп өте бермейсің бе»,- деп жауап берген деседі.
Бірақ адамдар қанша мүмкіндіктерге ие болса да, кейде материалдық һәм рухани құндылықтарға арқа сүйеп жатады. Басына іс түскенде, адам жақын досымен дидарласып, сырласып іштегі шерін тарқатқанда өзін жеңіл сезінеді емес пе? Сондай-ақ қиын-қыстау кезде адам өзін көбіне көп жапанда жалғыз қалғандай сезінеді. Қол ұшын беретін, сүйеніш, демеу болатын дос іздейді. Осындай сәттерде қаншама адам палшы-балгерлерге барып, қателікке ұрынып жатады. Бұл жағдай бүгінгі күні де бар. Әлгіндей дуакештерге алданған адамдар көбіне психологиялық дағдарысқа шырмалып жатады. Жаратушы Хақ тағала адамзаттың осы қажеттіліктерін әзелден біліп, оларға медет болсын деп, әрі шынайы ақиқатқа көздерін ашсын деп пайғамбарлар жіберген.
Бәлкім, пенде өзіне берілген қабілетті жеткілікті санайтын болар. Сөйтсе де, материалдық мүмкіндік пен жағдайы бар елдердегі көкейінде иманы жоқ адамдардың өзі көзбояушы «көріпкелдерге» тәуелді болатындығы шындық. Сонымен қатар, іштерін жегідей жеп мазалаған сауалдарға жауап таба алмай сабылып жүрген жандар да аз емес. Бұл адам баласының бүкіл қажеттіліктерін өзі жете алмайтындығын көрсетсе керек. Озық технология мен медицинаның шарықтап дамыған заманында адамдардың өз өмірлерін өзі қиюы күн санап көбейіп барады. Бұл да пенденің өзіне сенбеуінің нәтижесі.
Құлдарының осы осалдығын жақсы білетін Хақ тағала Өз мейірімі мен нығметін паш етіп пайғамбарлар жіберген. Демек, әлемдегі болмыс атаулының жаратылуында бір мақсат бар.
Осылайша Ұлы Жаратушымыздың пенделерін тура жолға шақырып, жөн сілтейтін шамшырақ пайғамбарлар бірінен соң бірі керуен болып келіп отырды. Бұл жайлы Құранда: «Әр үмбеттің бір пайғамбары бар»[2], «Расында, әр үмбетке: «Аллаһқа құлшылық етіңдер, азғындардан аулақ болыңдар» дейтін елші жібердік»[3], «Әрине, сенен бұрын да олардың елдеріне елшілер жібердік»,[4]– деп баяндалады.
Еңбекке құштар құмырсқаға, гүлдердің шырынын жинаушы бал арасына, теңіз түбін шарлаған балықтар мен көкті мекендеген құстарға міндеттерін үйретіп жол көрсеткен Ұлы Құдірет Иесі адам баласын қалайша ұмыт қалдырсын?! Күллі жаратылысты жаратып, олардың бүкіл қажеттіліктерін толығымен қамтамасыз еткен Хақ тағала, құмырсқаны да, бал арасын да көсемсіз қалдырмағанын сияқты, адам баласын да жақсы мен жаманның парқын үйрететін пайғамбарсыз қалдырмаған.
Әрбір пайғамбар өзінің саналы ғұмырын адамдық қасиеттерді кемелдендіріп одан әрі шыңдап, жаратылу мақсаттарын түсіндіруге арнағанын тарихтан білеміз.
Бұған қоса, пайғамбарлар – қоғам болып бір жерде өмір сүрген адамдарға тәртіп пен әділеттілікті, қайталанбас үлгі-өнегені, адам, әлем және Аллаһ туралы ұғымдарды үйреткен алғашқы мұғалімдер. Егер Аллаһ тағала адамзатқа елші жібермегенде, адам баласы ашық күнде адасып кетер еді.
Ақиқатты үндеу мақсатында келген пайғамбарлар тек рухани насихатпен ғана шектелмей, адамдардың күнделікті өмірлерінде үлгі-өнеге болғандығын көруге болады.
Пайғамбарлар айтқандарын өздері іске асыра алмайтын палшы-балгерлер ешбір ұқсастығы жоқ. Пайғамбарлар иләһи әмірлерді әуелі өздері орындап, сосын өзгелерге жеткізген. Ал жасаған ізгі амалдары үшін ешқашан да ақы күткен емес. Құранда айтылғандай, бүкіл пайғамбарлар өз үмбеттеріне: «Мен бұған сендерден ақы сұрамаймын. Ақымды әлемдердің Раббысының өзі береді»[5], «Ей адам баласы! Мен барлығыңа Аллаһтың елшісімін. Ол сондай Аллаһ, жер мен көктің иелігі Оған тән. Одан басқа тәңір жоқ. Ол тірілтеді және өлтіреді. Аллаһқа және Аллаһтың сөздеріне (жіберілген бүкіл кітаптар мен үкімдерге) сенген, оқу-жазуды білмейтін пайғамбарға иман келтіріңдер және оған еріңдер, әрине тура жол табасыңдар де»,[6] – дегені баяндалады.
Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бүкіл құлшылықтардың да жөн-жосығын, тәртібін үйретті. Бір хадисте пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Менің қалай намаз оқығанымды көрсеңдер солай намаз оқыңдар»,[7] – деп баян еткен. Бұған қоса, «Сендерге екі нәрсе қалдырып барамын. Оларды тістей қатып нық ұстансаңдар жолдан адаспайсыңдар: Аллаһтың кітабы және менің сүннетім»,[8] – деген еді.
Пайғамбарларға деген қажеттіліктің себептерін былайша түйіндеуге болады:
Адам баласы айналадағы жаратылыстарға қарап тұрып өз ақылымен Аллаһ тағаланы таба алса да, өз болмысындағы мақсат пен хикметті білмей жаратушысына қалайша шүкіршілік (құлшылық) жасау керектігін өз бетінше пайғамбарсыз ұға алмайды.
Міне, осыдан адамдарға жөн сілтеуші пайғамбарлардың қажеттілігі туындайды. Сондықтан пайғамбарлардың келуі адам үшін аса маңызды, әрі қажет. Тіпті пайғамбарға деген қажеттілік адамның өз болмысынан туындайды. Ұлы Жаратушы адамды ең кемел және көркем деңгейде жаратқан. Оны сансыз нығметтерге бөлеген. Өкініштісі сол осыншама нығметтерге қарамастан, адам тек жақсылыққа ғана емес, пендешілікпен жамандыққа да бой алдырып қалады.
Құранда адам баласы өмір сүру барысында кейде тәкаппарланып, сабырсыздық жасайды, бұл – олардың әлсіздігінен, Аллаһтың бұйрығымен әрекет ететін елшілерге қажеттілігін байқатады деп адам баласының кейбір әлсіз жақтарын айтылады.
Демек, шынайы бақытқа қол жеткізгісі келген, адам күллі ғаламды жаратқан Аллаһ тағаланың жіберген пайғамбарларына бойсұнуы керек.
Егер пайғамбарлар болмаса, адамдар өздігінен жақсылық пен жамандықтың ара жігін ажырата алмай, дұрыс шешім қабылдай алмас еді.
Тарих беттерін қанша парақтасақ та, жер беті ешқашан елшісіз қалған емес. Жаппар иеміз адам баласын жаратқанда-ақ оның неге мұқтаж екенін жақсы білгендіктен, өмір сүруін жеңілдету мақсатында үнемі қауымдар арасында елшілер жіберіп отырған. Қандай да бір басқару жүйесін пенденің өз еркіне берсе, соңында оның жүгенінен айырылып, жүйесіздікке ұрынғанын көреміз.
Тағы бір айта кетер жәйт, әр пайғамбар өз міндетін атқару барысында өздерінен кейін ақырғы пайғамбардың да келетінін алдын-ала хабарлап кеткен. Қай пайғамбар болса да, адамзаттың тұла бойына жақсылықтың дәнін егуге тырысқан. Бұл да Аллаһтың пайғамбар жіберуі адам баласына берілген үлкен нығмет екендігін аңғарады. Адамның сан қырлы қалаулары болғандықтан үйреншікті әдет пен сыртқы жағдайлардың әсерімен адасып та кетуі ықтимал. Сонымен қатар, бес саусақ бірдей емес. Әр адамның ойлау қабілеті мен түсінігі бірдей емес. Адамдардың бірінің деңгейі екеншісінен жоғары болып келеді. Бірінің түсінгенін бірі түсіне бермейді. Олар терең оймен айналаға көз жүгіртіп тылсым күштің бар екенін таба алғанымен, жаратылыстың мән-мағынасы мен мақсатын және құлшылықтың қалай жасалу керектігін пайғамбарсыз біле алмасы хақ. Міне, осындай жайларды жөнге келтіру үшін Аллаһтың жіберген кемеңгер пайғамбарларына аса зәруміз.
Сонымен қатар, пайғамбарлар қарапайым адамдардың арасынан таңдалған. Адам болмысынан басқа болмыста жаратылған пайғамбар, адамдарға үлгі көрсете алмайтыны белгілі. Тарихта бұны ұға алмаған кейбір адамдар, пайғамбардың қарапайым адамнан келгеніне таңырқап оларды мойындамаған еді.[9] Мәселен періштелер адамға үлгі бола алмайды. Өйткені олардың жаратылысы бөлек.
Аллаһ тағала Құранда:
وَإِن كُنتُمْ فِي رَيْبٍ مِّمَّا نَزَّلْنَا عَلَى عَبْدِنَا فَأْتُواْ بِسُورَةٍ مِّن مِّثْلِهِ وَادْعُواْ شُهَدَاءكُم مِّن دُونِ اللّهِ إِنْ كُنْتُمْ صَادِقِينَ
«Егер құлымызға (Мұхаммедке с.ғ.с.) түсірген Құраннан (ол құлымыздың кітабы деп) күдіктенсеңдер, онда сендер де соған (Құранға) ұқсас бір сүре келтіріңдер, Аллаһтан өзге көмекшілеріңді (ақындарың мен пұттарыңды да) де шақырыңдар»,[10] – дейді.
Бұл аят Аллаһтың бір екендігіне және Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) пайғамбарлығына дәлел. Адам баласы күнделікті тұрмыста кездесетін істерді де елшінің көмегінсіз шеше алмайды. Бұған елшілердің ақырет, харам мен халал, Жаратушыға шүкіршілік пен құлшылық сияқты амалдардың орындалу тәртібін көрсететудегі қажеттілігін қосыңыз.
Г. Оралбайқызы
[1] Мұхитдин Акгүл, 99 соруда Ефендимиз, Измир, 2008, 13-14
[2] «Жүніс», 10/47
[3] «Нахыл», 16/36
[4] «Рұм», 30/47
[5] «Шұғара», 26/109
[6] «Ағраф», 7/158
[7] Бухари, Азан, 18; Әбу Дәуд, Салат, 46
[8] Муатта, Қадар, 3
[9] «Әнбия», 21/3; «Ясин», 36/15
[10] «Бақара», 2/23