Ол замандарда Араб жазирасының халықтары түрлі дінді ұстанды. Олардың арасында христиандар, яхудилер, отпарастар, пұтпарастар және сол сияқты т.б. сенім ұстанушылар болды. Пайғамбардың осы замандарда басқа дін адамдарына көрсеткен толеранттылығы парасатты адам үшін үлкен ғибрат.
Пайғамбардың қалаған дінаралық келісімін көріп, түсіне білмек үшін ислам тарихындағы «Мәдиналық келісім» атты парағынан мысалы келтірейік. Әрине, мұсылмандардың көсемі бұдан бұрынғы Меккеде өткізген он үш жылында да басқа сенім иелеріне толеранттылық көрсетті. Мысалы, Исламды алғаш насихаттаған жылдарында да Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) пұтпарастардың арасында өзінің әділдігі, сенімділігі мен төзімділігінің арқасында «Мұхаммед әмин» (сенімді Мұхаммед) атанған болатын.
Дегенмен, біз Мединелік кезеңді жайдан жай алып отырғанымыз жоқ, бұл уақытта Ислам мұсылман мемлекетінің ресми діні, ал пайғамбар заң шығаратын құқыққа ие болған. Сонымен «Мәдиналық келісім».
Мединелік келісімді тарихшылар кейде – «сахифа» деп те атайды. Арабша мағынасы – парақ деген сөз, яғни, келісім парақ бетіне жазылған соң солай атылып кеткен. Расында да, Мәдиналық келісім мұсылмандардың толеранттылығына анық мысал. Себебі, пайғамбар (с.ғ.с.) Мәдина шаһарына қоныстанған соң жай діни көсем ғана емес, ол енді мұсылман мемлекетінің саяси басшысына айналды. Демек, бұл мемлекеттің өзіне тиіс нақты шарттары мен заңдары қабылдануы тиіс. Ол заңдар ондаған жылдар бойы бір-бірімен соғысып, қырық пышақ келе жатқан түрлі тайпалар мен нәсілдердің арасын қосып, қоғамда бейбіт әрі достық қатынасты орнатуы қажет.
Дәлірек айтсақ, пайғамбардың (с.ғ.с.) міндеті – мұсылмандар, христиандар және яһудилер мен пұтпарастар жасайтын қоғамда бейбіт өмірді тұрақтандыру. Осы мақсатта дүниеге Мединелік келісім келді. Мұнда Мединеде жасайтын әр тайпаның жауапкершілігі мен міндеттері анық көрсетілді: олардың бірінің-бірі алдындағы міндеттері мен шектеулері; ерекшеліктері мен қасиеттері және т.б.
Бұл келісімді – жаңа қалыптасып келе жатқан мұсылман мемлекетінің Конституциясы десек болады. Конституция барлық қауымдар мен тайпаларға тең. Мұның тармақтарынан ауытқыған немесе оны орындамаған әрекет – дінбұзушылық және опасыздық болып саналды. Осылайша Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) бірнеше дінді бір араға жинап, бір мемлекет, бір қоғам құра білді.
Келісімің бірінші және басты тармағы – Мәдина тұрғындарының барлығы – мұсылмандар және келісім жасасқан христиандар, яһудилер, пұтпарастар «біртұтас қоғам» деп жарияланды. Адамдардың ұлтына, шыққан тегіне, діні мен тіліне қарамастан барлығы Мединенің азаматтары сайылды. Бүгінде дәл осы жағдайды плиэтносты және поликонфессионалды Қазақтан қоғамында қалыптасқан ахуалмен салыстыруға болады.
Мемлекетіміздегі конфессиялық және ұлтаралық жағдай, өзге елдердегі сияқты көбіне мемлекет ішіндегі және сырттағы саяси, экономикалық және құқықтық жағдайға тәуелді екені мәлім. Сонымен қатар, ол мемлекеттің ішіндегі 130 астам этносы бар ұлтаралық және 18 конфессиясы бар дінаралық қарым-қатынасқа да тәуелді. Сондықтан, бұл тұрғыдан біздің мемлекетіміз қолына тәуелсіздік туын алған сәттен бастап қоғамдық-саяси және экономикалық тұрақтылығымен, түрлі ұлттар мен діни-сенім конфессиялар арасындағы татулық және бірлігімен ерекшеленіп отыр. Бұл үшін мемлекет тарапынан конфессияаралық сенім мен қоғамда қалыптасқан толеранттылық ахуалына, сындарлы сұхбатқа қолдау көрсету және діни экстремизмнің алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Жаңадан арнайы құрылған Дін істері министрлігінің басты міндеттерінің бірі дін саласында мемлекеттік саясатты жүргізу болып отыр. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай полиэтностық және поликонфессиялық қазақстандық қоғам жағдайында сан алуан діни конфессия өкілдерінің бірі-бірімен үнқатысуы, сондай-ақ, олардың мемлекетпен арақатынасы дұрыс жолға қойылуы аса маңызды әлеуметтік мәселе. Осы мақсатта Дін істері министрлігі елдегі түрлі діни бірлестіктермен тығыз байланыс орнатып, олармен біріге жұмыс жасауда.
Бүгінгі Қазақ жерінде бөлінбейтін біртұтас «бір ел – бір тағдыр» концепциясымен үндескен жағдайдың арқасында тұрақтылықты қамтамасыз ететін ұлттар мен діндердің өзара байланыстың тұрақты моделі қалыптасты деп дауыстап айта аламыз. Осы конфессияаралық тұрақтылық пен этносаралық бірлікті сақтау, оны одан әрі дамыту күн тәртібінде тұрған маңызды мәселелердің бірі болып қала бермек.
С. Абжалов,
дінтанушы