Оның да басты себептерінің бірі – пайғамбар үлгісіндегі исламның ерекшеліктерін толыққанды түсіне алмау. Сол себепті ислам пайғамбарының өмірінен өнеге боларлық қасиеттерін білу, өмірде қолдану маңызды мәселе болмақ. Бұл жолы пайғамбардың (с.ғ.с.) көршілерімен, басқа дін өкілдерімен қарым-қатынасы жайында сөз қозғамақпыз.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жолы, сүннеті, жоғарыда айтқанымыздай, тек кейбір элементтерге, сыртқы сипатқа ғана бағытталмаған. Мысалы Хз. Омардың бір қойды сойып, жұбайынан: «Мұның етінен еврей көршіге бердің бе?» деп сұрағанда, жұбайы: «жоқ!» деп жауап береді. Сол кезде Хз. Омар: «Алла елшісінің: «Жәбрейіл маған көрші туралы жиі ескерткені соншалық, мен көршіні мұрагер ете ме деп ойладым»» дегенін жеткізеді.(Бұхари, Әдеп, 28; Мүслим, Бирр, 140, 141) Демек, исламның жалпы адамға деген көзқарасының, қандай діннің өкілі болмасын адам болғаны үшін құрметке лайық екендігінің үлгісін пайғамбардан артық ешкім көрсете алмаса керек.
Осы сияқты бірде Нәжрандық христиандар Мәдинаға алпыс адамнан тұратын бір топ жібереді. Олар Мәдинаға келген соң пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) кездеседі. Құлшылық жасайтын уақыты келген кезде олар құлшылықтарын мұсылмандардың мешітінде орындағысы келеді. Бұған сахабалар қарсылық білдіргенімен, Алла елшісі (с.ғ.с.) оларға мешітті босатып береді. Олар өздерінің құлшылықтарын орындайды. Бұл – пайғамбарымыздың парасатты әрекеттерінің бірі еді. (İbn Hişam, es-Sire, Beyrut ts., I,573-574; Hamidullah, İslam Peygamberi, I,619-620.)
Тағы бірде Алла елшісі (с.ғ.с.) жолдан бір еврей жаназасы өтіп бара жатқан кезінде орнынан тұрады. Сол сәтте қасында болған бір сахаба: «Уа, Алланың елшісі, ол еврей ғой!» дейді. Сонда пайғамбарымыз еш түрін өзгертпестен оған «Ол да адам баласы!» деп жауап берген. ( Müslim, Cenaiz 78, 81.) Егер, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) басқа дін өкілдеріне көрсеткен құрметі осындай болса, мұсылман бауырларына деген құрметінің қандай болғандығын айтудың өзі артық сынды.
Адамгершіліктің шыңына шыққан немсе соған бет алған кез-келген адам өзін, отанын, ұлтын, халқын тіпті адамзатты сүюді жақтайтындығын көреміз. Сол үшін Абай хәкім де:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланың жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті, – деуі осы сүйіспеншіліктің қаншалықтың құнды қасиет екендігін көрсетеді.
Осы жерде бүкіл адамзатты сүюді былай қойғанда өзінің қандасын, діндесін, тіпті, мұсылманын күпірлікпен айыптап, сатқын санап бет жыртысып жүрген адамдардың пайғамбар (с.ғ.с.) сүннетінен қаншалықты алыс екендігін бажайлау қиынға соқпас. Қазіргі жер бетіндегі қантөгіс, өркениетаралық, дінаралық, тайпааралық қақтығыстар, лаңкестіктердің барлығы осы адамның жүрегіндегі аяушылықтың, имандылықтың, сүйіспеншіліктің жетіспеуінен туындап отыр десек артық айтпаған болармыз.
Қорыта айтқанда, дін – өте үлкен жүйелер жиынтығы. Оны игеру хат танумен, Құранды ежелеп оқумен немесе кейбір құлшылықтарды орындаумен толық болмайды. Сондықтан, дұрыс исламның үлігісі, мұсылмандарға өзінің өмірімен үлгі болған, Құранда Алла Тағала: «Сендер үшін Алланың елшісінде тамаша үлгі-өнеге бар» (Ахзаб сүресі, 21-аят) деп бұйырады. Олай болса, исламды меңгерген адам, имандылық жолына түскен пенде тәубашыл, айналасына кешірімділікпен қарай алатын, керек болса басқа дін өкілдеріне де қол ұшын бере алатын нағыз парасат биігіне ұмтылған адам болмағы керек.
Кеңшілік ТЫШХАН,
дінтанушы