– Олардың ішіндегі ғұламасы кім? – деп сұрайды. Оған:
– Абдулла ибн Омар – деп жауап береді. Ол Абдулла ибн Омардың қасына келіп:
– О, Абдулла ибн Омар! Сізге қояр сауалым бар еді. Османның «Ухуд» соғысында қашып кеткенін білесіз бе? – деп дауыстап сұрайды.
Абдулла ибн Омар:
– Иә, – деді.
– Ал оның «Бәдір» соғысына да қатыспай бой тасалағанын білесіз бе?
Абдулла ибн Омар:
– Иә, – деді.
– Ал соның «Ридуан» ант беру рәсіміне қатыспағанын білесіз бе?
Абдулла ибн Омар тағы:
– Иә, – деді. Бұл жауаптарды естіген мысырлық:
– Аллау акбар! – деді дауыстайды.
Мысырлық адамның хазіреті Османды қаралағысы келіп тұрғанын аңғарған Абдулла ибн Омар жағдайды түсіндіру үшін:
– Бері жақындаңыз. Османның «Ухуд» ұрысындағы жағдайына келсек, онда мен Османды Алланың кешіргеніне куәлік беремін. Ал, «Бәдір» соғысына қатыспаған себебі, ол ауыр сырқатқа шалдыққан әйелін (Алла елшісінің (с.ғ.с.) қызын) қамқорлыққа алған болатын. Османның ісі үшін пайғамбар (с.ғ.с.) оған алғыс білдіріп: «Расында саған Бәдір соғысына қатысып, өзінің үлесін қосқандардың сауабы беріледі», – деген.
Ал енді «Ридуан» ант беру мәселесіне келсек, пайғамбар (с.ғ.с.) меккеліктер үшін одан гөрі сыйлырақ адам болғанда, оны жұмсамас еді де, ол бұл рәсімнен тыс қалмаған болар еді. Бірақ, Алланың елшісі (с.ғ.с.) оны елші етіп жіберді. «Ридуан» ант беру рәсімі ол сапарға аттанып кеткеннен кейін болды. Бірақ, Осман үшін пайғамбардың (с.ғ.с.) өзі дауыс берді. Ол сол қолын оң қолының үстіне қойып: «Бұл Осман үшін», – деп айтқан – деп түсіндіреді.
Әңгімеден алатын пайдалы сабақ:
Сахабаларды қаралауға, сөгуге болмайды. Хазіреті Осман ибн Аффан – ұлы сахаба. Мысырлық адам хазіреті Османды көпшілік алдында айыптап, қаралау үшін Абдулла ибн Омарға бірнеше сұрақ қойған еді, бірақ, ғалым бұған жол бермеді. Хәзіреті Османның құрметті әрі сыйлы сахаба екенін түсіндірді.
Оның толық аты-жөні Осман ибн Аффан ибн Әбу әл-Ас ибн Умея ибн Әбду Шамс ибн Әбдіманап. Осман ибн Аффан пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Әбдіманаптан тарайтын аталас туысы. Оны сахабалар Әбу Әмір деп атайтын. Сондай-ақ, ол мұсылмандар арасында, Зун-Нурайн (екі нұрдың иесі) деген атпен танымал еді. Себебі,оның алғашқы үйленген әйелі Руқия, ол қайтыс болғаннан кейін үйленген әйелі Умму Күлсім анамыз да пайғамбардың (с.ғ.с.) қыздары болатын.
Осман құрайыш тайпасының ізгі адамдарынан еді әрі беделі де жоғары болатын. Тіпті, Мекке құрайыштары исламның жаулары бола тұра, оған басқа мұсылмандардай емес, сыйластықпен қарайтын. Пайғамбардың (с.ғ.с.) Худайбияда болған кезінде құрайыштармен келісім жүргізуге басқаны емес Османды жіберуінің өзі осының айғағы.
Осман (р.а.) төрт халифаның бірі болған. Бұлардың Исламға көрсеткен қызметін маңызын айтып тауысу мүмкін емес. Сонын бір мысалы ғана хазіреті Османның (р.а.) Құранжинақтарын бір үлгіге сәйкес жазылып, таралудың негізін қалады. Бұл оқиғаның қысқаша мазмұны былай еді:
Хузайфа ибн Иаман Ирак және Шам мұсылмандарымен бірге Армения мен Азербайжан жорығына қатысады. Осы жорыққа қатысқан Ирак халқы Құранды әл-Миқдад ибн әл-Асуадтың, Әбу Дарданың, Әбу ибн Каабтың мақамдарымен, ал Шам тұрғындары Абдуллаһ ибн Масудтың және Әбу Муса әл-Ашғаридің мақамдарымен оқитын. Олардың әрқайсысы өз мақамдарын дұрыс санап, басқасын бұрысқа жатқызды. Тіпті, дінсіздікке дейін апарып тіреді. Бұл жағдай мұсылмандар арасында алауыздық туғызып, бүлік шығу қаупі төнді.
Мұны көріп сескеніп қалған Хузайфа дереу атына мініп мұсылмандар әмірі Осман ибн Аффанға аттанды. Ол үйіне де соқпастан бірден халифаға келіп былай деді:
– О, мұсылмандар әмірі! Христандар мен июдейлердің кітаптарындағы қайшылықтар сияқты біздің қауімнің да Кітап туралы алауаздықтары асқынбай тұрып, кеселдің алдын алуға асыққаныңыз жөн.
Хузайфа халифаға өзінің көзімен көрген-білгенін баяндайды. Сол сәтте-ақ Осман пайғамбар (с.ғ.с.) сахабаларын жинап, осы мәселе төңірегінде ақылдасты.
Халифа жиналғандарға Құранды бір үлгіде жазып шығудың қажеттігін түсіндіріп, оған нақты түрде пайғамбардың (с.ғ.с.) хатшысы Зайд ибн Сәбиттің жазу үлгісін алуды ұсында. Ал қирағаттап оқуға құрайыш оқуының үлгісін алып, арабтардың ең үздік тіл маманы Сайд ибн әл-Ас арқылы бүкіл халифатқа таратуды жөн көретінін айтты. Сахабалар халифаның бұл пікірін құптады.
Кезінде бірінші халифа Әбу Бәкір Құран сүрелерінің түпнұсқасын жинауда Зайд ибн Сәбитке бұйырған болатын. Мұның барлығы мұсылмандардың анасы Хафсаның үйінде сақтаулы еді. Хазірет Осман адам жіберіп осы түпнұсқаны алдыртты.
Кейін халифа Зайд ибн Сәбитке, Абдуллаһ ибн Зубайрға, Саид ибн әл-Асқа, Абдураһман ибн Хариске кітаптап етіп көшіріп жазуды бұйырды. Бұл істе жоғарыда айтқанымыздай Зайдтің жазу үлгісі және құрайыштың тілі негізге алынды. Кітаптар жазылып біткен соң түпнұсқа мұсылмандар анасы Хафсаға қайтарылып, Құранның көшірмелері Шамға, Иеменге, Бахрейінге, Басраға, Куфаға, Меккеге жіберілді және бір данасы Мәдинаға қалдырылды. Осы кітаптарға қайшы келетін басқа кітаптардың барлығын өртеп жіберуге қатаң тапсырма берілді. Осылайша Осман ибн Аффан Құранға қатысты мұсылмандар арасындағы алауыздықтың алдын алды.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ,
Философ.ғ.к., дінтанушы