«Тақуа» сөзі араб тілінен аударғанда сақтану, қорғану, тартыну, ұнамсыз нәрселерден ұзақ тұру, қауіп-қатерге қарсы өзіңді қорғау, қорқуы тиіс нәрседен қорғану үшін араға бөгет қою деген мағыналарды береді. Мүминнің тақуалығы ақыретте өзіне зарар беретін, азапқа душар ететін нәрселерден алыс болу үшін күнәлардан сақтанып, салиқалы амалдар жасаумен болады.
Тақуалықтың ең төменгі сатысы күпірлік пен Аллаға серікқосушылықтан сақтану, орташа және кіші күнәларды тәрк ету болса, ең жоғарғы деңгейі де көңілді Алла Тағала разы болмайтын түрлі жағымсыз ойлардан сақтап, Алладан басқа барлық нәрседен бет бұру.
Бір күні Хазіреті Омар (р.а.) Убәй бин Кәғбтан (р.а.) тақуалықтың не екенін сұрапты. Сонда Убәй бин Кәғб:
– Сен өміріңде тікенді жолмен жүрдің бе, ей Омар? – деп сұрайды. Омар да:
– Иә, жүрдім, – дейді. Сонда Убәй:
– Сол кезде қалай жүрдің? – дейді. Омар:
– Елегімді жинап, аяғыма тікен кіріп кетпес үшін адымдарымды барынша мұқият бастым, – деп жауап береді. Сонда Убәй бин Кәғб:
– Міне, тақуалық деген осы! – деген екен (Ибн Кәсир, Тәпсір, І, 42).
Әбу Зәрр (р.а.) былай дейді:
Пайғамбарымыз (с.а.у.):
«Қай жерде болсаң да, Алла Тағаладан қорық. Жамандық істеп қойсаң, дереу артынша жақсылық жаса, жамандықты жойсын. Адамдармен көркем мәміледе бол!» – дейді.
Атыййа әс-Сағдиден (р.а.) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.):
«Бір құл күнәға батамын-ау деген қорқынышпен жасалуы қауіпті болмаған кейбір нәрселердің өзінен ұзақ тұрмағанша, тақуалық дәрежесіне жете алмайды» (Тирмизи, «Қиямет», 19/2451), – дейді.
Әбу Зәррден жеткен тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у):
– Мен сондай бір аят білемін, егер адамдардың түгелі онымен амал етсе, баршасына да сол жеткілік болар еді… – дейді. Сахабалар да:
– Уа, Алланың Елшісі, ол қандай аят? – деп сұрайды. Алла Елшісі (с.а.у.) «Кімде-кім Аллаға тиісінше тағзым етсе және Оған қарсы келіп, асы болудан сақтанса, Алла оған тығырықтан шығатын жол ашып береді» («Талақ» сүресі, 2-аят) деген аятты оқып береді (Ибн Мәжә, «Зүһд», 24).
Сағд бин Әбу Уаққас: «Пайғамбарымыздың (с.а.у.) былай дегенін естідім:
«Алла Тағала тақуа, көңілі бай, өз халімен және ғибадатымен айналысқан құлын сүйеді» (Муслим, «Зүһд», 11).
Алла Тағала баршамызды тақуа құлдары болуды нәсіп етсін!
Сұлтан КЕРІМ