Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Алла Тағалаға ең ұнамды іс қайсы?»,-деп сұрағанда: «Аз болса да тұрақты болғаны»,-деп жауап берген екен.
Бұл хадисті Айша (р.а.) анамыз риуаят еткен. Аталмыш хадис кез келген құлшылықты немесе қайырлы істі аз болса да ұдайы орындаудың пайдасын меңзейді. Аз құлшылық адамның нәпсісіне ауыр тимейді. Ал тұрақтылық әдетті қалыптастырады. Біздің іс-қимылдарымыз көбіне әдеттен тұратынын ескерсек, тұрақтылықтың маңызы зор. Қала берсе, бір істі тұрақты, бірақ жалықтырмайтындай мөлшерде жасау адамның ықыласы мен ынтасын арттырады. Құлшындыра түседі.
Сонымен қатар, Әбу Мұса Ашғари (р.а.) риуаят еткен хадисте:
«Пенде науқастанып қалса немесе жолаушылап сапарға шықса, оған үйдегі және дені сау кездегі ғибадатының сауабы жазылады»,-делінген.
Міне, бұл – тұрақты және үнемі орындаудың бір жемісі. Құранды толығымен жаттап алуды армандаймыз. Бірақ барлығы сол арманын жүзеге асыра бермейді. Ары кетсе бір жұмаға ғана сабырымыз жетеді. Артынан әр нәрсені сылтауратып аяқсыз қалдырамыз. Оның бірден-бір себебі – тұрақсыздық.
Зейнетке шыққан ел ағасы құран жаттауға кіріседі. Күнделікті төрт-бес аят. Одан көп те емес, кем де емес. Осылайша өзіне ешбір салмақ салмай 4-5 жылда Құранды толығымен жаттап шығыпты.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұл кеңесін құлшылықтардан бөлек, күнделікті шаруаға да қолдана білуіміз керек. Аз көлемде бірақ табандылық пен тұрақтылық арқасында біраз шаруаны тындыруға болады. Тамшы су тасты тұрақтылық себепті тесетінін естен шығармаңыз. Демек, табыс кілті – тұрақтылықта.
Руслан ҚАМБАР