Күндердің күнінде исламның таралуына барынша тосқауыл болуға тырысқан крест жорықтарының өкілдері христиан дінін тарату мақсатында бір топ дін көсемдерін моңғол халқына жолдайды. Олар дінді насихаттап моңғолдарды өздеріне тарта бастайды. Содан бір күні христиан діні тарай бастаған уақытта әлгі көсемдер атап өту үшін жергілікті халықтың басын жинап мерейтой ұйымдастырады. Той барысында көсемдердің бірі сөз алып Мұхаммед (с.а.у.) Пайғамбарға тіл тигізе бастайды. Сол сәтте тасада жүрген ит қатты үріп, көсемге қарай ұмтылып, оны қауып алады. Халық араға түсіп итті әрең дегенде арашалайды. Сонда бір кісі көсемге қарап:
– Мына ит Пайғамбарды (с.а.у.) жамандағаның үшін сені қауып алды, – дейді. Көсем:
– Жоқ, олай емес. Мен сөйлеу барысында қолымды сермегенде ит мені ұрғалы жатыр деген оймен қапты, – деп орнынан тұрып Пайғамбарға (с.а.у.) қайта тіл тигізе бастайды. Сол уақытта ит қайта үріп, көсемнің мойнына жабысып күре тамырын жұлып алады. Көсем сол жерде қансырап, жан тапсырады. Сонда бұл сәтті бақылап тұрған халықтың арасында 40 мың моңғол ислам дінін қабылдаған екен.
Хафиз ибн Хажар әл-Асқаланидің «әд-дурар әл-камина» атты кітабынан үзінді.
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы