Мәселен: «Мен түсінбей жүрген бір аят бар. Мына шариғи мәселенің жауабын кім біледі? Пәтуасын кім айтады?»-деп сауалыңызды әлеуметтік желіге салып жіберсеңіз «менің ойымша», «былайша айтқанда», «негізі былай болуы керек» деген сияқты жауаптар қарша борайды. Әрине, жауап берушілер түгел дерлік қарапайым әлеуметтік желі қолданушылары.
Бұл – бір жағынан қуантарлық жайт. Жұрт руханиятқа қызығушылық танытып жүр. Ал, екінші тұсынан ерекше нәзік мәселе болғандықтан аса сақ болған жөн. Өйткені, дін – ғылым, қала берсе, дін ғылымның атасы екенін ұмытпаған дұрыс. Ал, ғылым жауапкершілікті талап етеді.
Ғалым ағамыздың айтқан мына бір әңгімесі есіме түсіп отыр. Ол кісі былай дейді: Түркиядан келген хадис ғалымының құрметіне дастарқан жайып бас қостық. Әңгіме-дүкен желісі күнделікті күйбең тіршіліктен Құран аяттарына ойысты. Анығырақ айтқанда, жеке сұрақтарына Құраннан дәлел іздеп, мынадай аят бар емес пе?-деген сияқты әңгімелер басталды. Әрине, мұны айтып отырған Құран мамандары емес. Десе де, мұндайға құлағымыз үйреніп те қалған екен. Пікірталас қыза түсті. Ал, ғалым қонағым үнсіз. Шыдамым таусылған соң, қонағымның бүйірінен түртіп:
-Сен ғалымсың ғой. Бір ауыз пікір білдірсеңші,-дедім. Сонда Хикмет бауырым:
«Бұл – Құран тақырыбы. Ал, мен – хадис маманымын. Құран жайлы мұндай мәселені білмегендіктен айтуға құқығым жоқ»,-деді. Қонақтың жауабы дастарқан басындағы барлығымызға түгел ерекше әсер етті. Сол сәтте дін мәселесі қаншалықты күрделі екенін ұғынғандай болдым. Міне, нағыз ғалымның сөзі. Ғылымға аманат деген осындай болуы керек. Демек, шариғат тақырыбында сөз айту үшін дін мәселесін тарқатып жеткізетін және оның тарихы мен ғұламалар пәтуаларын сабақтастырып түсіндіріп беретін маман болуы тиіс. Немесе білетін маманға қарай жөн сілтеген дұрыс.
Осыған байланысты Əжиридің «Ғұламалар мінезі» атты еңбегінде Хажжаж бин Умайр бин Сағдтың мына оқиғасы бар: «Мен Алқамадан бір мəселе төңірегінде пəтуа сұрадым. Алқама: «Убайдаға барып, содан сұра»-деп жөн сілтеді. Убайдадан сұрағанымда ол: «Алқамадан сұра»-деді. Мен: «Алқама мені сізге жіберді»-деп едім, ол: «Онда Масрұққа бар, сол кісіден сұра»-деді. Масрұққа барып едім: «Алқамаға бар, сол кісіден сұра»-деді. Мен: «Алқама мені Убайдаға, ал Убайда сізге жіберді»-дедім. Сонда Масрұқ: «Абдурахман бин Əбу Лəйлаға бар, содан сұра»-деді. Мен Абдурахман бин Əбу Лəйлаға барып сұрап едім, ол кісі жақтырмады. Соңыра Алқамаға қайтып келіп мəн-жайды айтқанымда, ғұлама: «Жұрт ішінде пəтуа айтуға білімі ең төмен кісі ғана батылданады»[1]-деп айтқан екен.
«Айтылған сөз – атылған оқпен тең» дегендей, түйгенім діни мәселедегі талас-тартысты ниетінде арам ойы болмаса да, сауаты саяз бола тұра жауапкершілікпен қарамайтын адамдар тудырады. Мәселен, екінің бірі үйдегі электр көзін өзі жөндемейді. Өйткені, титтей қателік адам өміріне қауіп төндіреді. Дінге де осылай қарасақ екен.
Руслан Қамбар,
исламтанушы
[1] Əжири, «Ахлақ ғұламə»