Жалғасы. Басы мына жерде…
Бабыл халқының жыл сайын жаппай қырға шығып, ел болып тойлайтын мерекесі бар еді. Бұған еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін түгел қатысатын. Олар хазірет Ибраһимге де: «Бізбен бірге осы діни мерекемізге қатыс. Сол кезде біздегі сенімнің дұрыстығына көзің жетеді», – деді. Хақ пайғамбар жұлдыздарға қарап тұрып: «Мен науқаспын»[1] деп жауап береді.
Бұны естіген халық Ибрахим жұлдыз тәңірлердің киесіне ұшырап кесел тапты Тойымыздың шырқын бұзар, бәлесінен аулақ» деген ойға барды. Сөйтті де оны жалғыз қалдырып кетті.
Осы мүмкіндікті пайдаланған Ибраһим пайғамбар (ғ.с.) ойындағысын жүзеге асырмақ болып, қолына балта ұстап пұтханаға беттейді. Қызметшілеріне дейін тайлы-таяғымен мерекені тойлауға кеткендіктен, Ибраһим пайғамбар пұтханаға еркін кіреді. Әдетте, қауымы мерекеден қайтқан соң пұттардың құрметіне әзірлеген осынау жылы-жұмсақты өздері тауысатын.
Хақ пайғамбар жансыз пұттарға астан ұсынып: «Ал, қанеки дәм алыңдар», – деді. Аздан соң «Сендерге не болған өзі, мүлдем тілден қалғансыңдар ма? Қане, бірдеңе десеңдерші?!» деп оларға шүйлікті. Бірақ бәрі де үнсіз.
Пұтхананың іші толған тастан, ағаштан немесе балшықтан жасалған жансыз мүсіндер. Кәдімгі шебер ұсталардың қолтаңбалары. Әу баста қалай қойылса, қазір де міз бақпаған күйде мелшиіп тұр. Пенденің өзі жасаған жансыз мүсіндері неліктен өзіне үстемдік етіп, тәңір болуы керек? Бұл мүсіндер ұсталардың қолынан шыққан бұйым емес пе? Ендеше неліктен адамдар өз жасағандарына табынуы тиіс?
Бәріне көз жүгірткен Хақ пайғамбар уақыт оздырмай екі білегін сыбанып, қолына балтасын алып, өзі тұрған жердегі пұттан бастап қирата бастады. Көп ұзамай ең үлкенінен өзге пұттар түгел қирап, Хақ пайғамбардың табанының астында жатты. Пұтхананың төрінде қирамаған ең үлкен пұт «қаңқ» етер түкті байқамастың кейпін киіп мелшиіп тұр. Хазірет пайғамбар қолындағы балтасын оның мойнына ілді[2], жолындағы қираған пұттардың сынықтарын басып-жаншып пұтханадан шығып кетті.
Ымырт үйіріле құмарынан шыққанша сайрандаған жұрт шат-шадыман кейіпте үйлеріне қайтып оралды. Осы кезде міндетін атқаруға оралған пұтхана қызметшісі табалдырықтан аттай бере әлдебіреу бір шелек мұздай суды төбесінен құйып жібергендей болды. Себебі пұтханадағы пұттардың барлығы күл-талқан боп қирап жатқан еді. Өңі-түсін айыра алмаған ол бір сәт сазарып тұрып қалды. Көз алдындағы қирап жатқан тәңірлерінің расында да быт-шыты шыққандығын аңғарды.
Оның есін жиюына себепші төрдегі үлкен пұт еді. Ол оны кейіннен аңғарды. Төрдегі үлкен пұт «мыналарды мен өлтірдім, ал маған не істей аласыңдар» деп мойнына балта асына айбаттанып қарап тұрғандай. Есін жиған ол сыртқа теңселіп әрең шықты да, жан даусымен айқай салмақ болды. Алайда даусы қарлығып шықты. Сосын ол өз көзіне өзі сенбей қайта ішке кірді. Барлығы бәз баяғысындай. Бұл жолы: «Масқара! Масқара! Пұттар қирады, пұттар!» – деп бар дауысымен айқайлады.
Көп ұзамай дауысты естіген адамдар жан-жақтан пұтханаға жинала бастады. Әркім өзінше күбір-сыбырға көшті. Ә дегенде бәрі де естерін жия алмады. Өйткені қысылғанда демейтін, мұңайғанда жебейтін, жалбарынса жүректегі бүкіл дертін емдейді деп ұққан тәңірлері табандарының астында қирап жатыр еді. Бір кезде біреуі даусын көтеріп:
Мұндай жауыздыққа қай жүрек жұтқан барып жүр? Біздің жарылқаушы пұттарымызды қалай ғана дәті барып қиратты екен?! деді. Сонда біреуі:
– Мұндай басбұзарлыққа бір-ақ адам бара алады. Ол – Ибраһим деген жас жігіт, – деп жауап берді.
Бұны қасындағылар да мақұлдады. Иә, адасқан елдің пұттары мен пұт саналы ойларын Хақ тағаладан жіберілген елшілер ғана қирата алатын.
Олар көп ұзамай хазірет Ибраһимге адам жіберіп пұтханаға шақырды. Хақ пайғамбар пұтханаға кіргенде, онда бір топ адамның жиналып өзін күтіп тұрғанын көрді. Пұттары қираған халық оған бір жағынан ашулы көзбен тесіліп қараса, екінші жағынан іштей «қайда барады дейсің, көп ұзамай мына пұттардың қарғысы тиеді» деп өз-өздерін жұбатты. Тіпті кейбіреуі: «Ойпырм-ай! Мына пұттардың киесі бізді де ұрып жүрмесін», – деп абыржып, қорқып та тұрды. Олар Пайғамбарға қарап: – Тәңірлерімізді сен қираттың ба? – деп сұрады. Хазірет Ибраһим:
– Кім білсін? Мүмкін әне бір үлкенірегі істеген шығар. Егер сөйлей алатын болса пұттардың өздерінен сұраңдар? – деді.
Олар осы кезде бір сәт жетелі сөзге жүгінгендей болды. Ибраһимді мойындап іштей: «Иә, біз ең үлкен әділетсіздікке барып өзімізге өзіміз қастық жасадық» деп ойлады. Бірақ өздерін күпірлікке итермелеген азғын күш оларды қайтадан бұрынғы адасқан жолдың жиегіне жетеледі. «Баяғы жартас бір жартас» баяғы әніне басты. Ибраһим пайғамбарға:
– Бұлардың сөйлей алмайтындықтарын сен де жақсы білесің ғой? Сөйте тұра неге бізге бұлай сұрақ қойып тұрсың? – дейді. Осы кезде Ибраһим пайғамбар:
Сөздерің өте дұрыс. Ендеше, сендер Аллаһ тағалаға бет бұрмай, зәредей пайдасы да, зияны жоқ нәрселерге несіне табынып жүрсіңдер?[3] – деді.
Ашулы халық дереу оны тұтқындап, Нәмрұдқа хабар салды. Нәмрұд пұттарға табынбайтын, жаңа бір сенім, жаңа бір дін әкелген бұл жас жігітті көргісі келді. Алдына келген Ибраһим пайғамбарға қарап:
– Иә, айтшы қане, Раббың кім сенің? Сен сонда кімге бас иіп, кімге тағзым етесің? – деп сұрады. Пайғамбар:
– Менің Раббым өмірді де, өлімді де беру құдіретіне ие. Мұндай құдірет тек соның ғана қолында, – деп жауап қайырды. Нәмрұд сонда:
– Сол да сөз болып па? Өмір мен өлімді мен де бере алам. Егер сенің құдайыңның бар құдіреті осы болса, онда мені «құдай» дей бер, сенбесең көрсетейін, – деді де, дереу зынданнан өлімге үкімі шығарылған екі адамды алдыртып біреуін өлтіртті, енді біреуіне кешірім етіп босатты. Сосын Пайғамбарға бұрылып:
– Міне, көрдің бе? Біреуіне өлім, енді біреуіне өмір бердім. Ендеше Раббыларың менмін! –деп көкірегін қағып, тағына жантая кетті.
Нәмрұд Ибраһим пайғамбардың өлім мен өмір беру деген сөзінің астарын терең түсіне алмаған еді. Ол біреуді өлтіріп, енді біреуді тірі қалдырғанына мәз болып «тәңірмін» деп күпінді. Осы кезде хазірет Ибраһим:
– Сөзсіз Аллаһ күнді шығыстан шығарады. Ал қанеки мықты болсаң, сен оны батыстан шығар, – деп еді, Ибраһимнен мұндай сөз күтпеген Нәмрұд жүні жығылып сілейіп тұрды да қалды.
Әсіресе, оның жанына ең қатты батқаны бұғанасы қатып, буыны қатаймаған бозбаланың дүйім елдің алдында «тәңірмін» деп даңғырлаған қуыс кеудесін бір ауыз сөзбен әп-сәтте қабыстырып тастағаны болды, сөйтіп, «ине жұтқан иттей» сүмірейді. Қара орман халқының алдында «аузынан сөзі, қойнына бөзі» түсіп, абыройы айрандай төгілді. Ұяттан жарылардай боп теңселіп әрең тұрды.
Осылайша хазірет Пайғамбар елінің табынған үш түрлі құдайының өздері секілді жаратылған мақұлық екендігін дәлелдеп, әбден адасқандығын ұғындырды.
Нәмрұд намысының тапталғанына қатты ызаланып, адамдарын шақырып, Ибраһимді қалай жазалау турасында ақылдасты. Ақырында былай деп шешті: «Жұлдыз құдайларын жоғалтқан, пұт құдайларын қиратқан, адам тәңірлерін ел алдында «жерден алып, жерге салғандығы» үшін «Раббым – жалғыз Жаратқан» деп өзгені менсінбеген осы жас жігітті алаулап жанған отқа лақтырып, өртеп өлтірмек болды. Сондықтан оған арнайы бір төбесі ашық ғимарат салынып, оның іші отынмен толтырылып, сосын от қойылып, Ибраһим пайғамбар сол отқа лақтырылатын болды. Осылайша пұттарға қарсы келудің ақыры немен тынатынын өзгелері біліп жүрсін, бұдан кейін ешкім де жаңа дін ойлап, оны халыққа жеткізбесін, ұрпаққа үлгі болсын» деді.
Олар осылай келісіп ғимараттың іргетасы да қалана бастады. Кейбір дерек бойынша бұл ғимараттың ұзындығы отыз аршын, ені жиырма аршын болған дейді. Ғимарат бітіп, ішіне отын толтырылып, от қойылды. От ат шаптырым жерден алаулап көрінді. Хазірет Ибраһимді алдын-ала әзірлеген манжаныққа салып лақтыруға әзірлене бастады. Осы кезде уахи елшісі – Жәбірейіл Хақ пайғамбардың қасына келді. Оған:
– Ибраһим! Бір нәрсе қажет пе? – деп сұрады. Хақ пайғамбар сонда:
– Жоқ, еш нәрсенің қажеті жоқ. «Хасбуналлаһи уа нимәл-уәкил»[4]деп жауап берді.
Манжанық жебедей тартылып барып жіберілген кезде, Ибраһим пайғамбар лаулап жанған оттың ортасына гүп ете түсті. Бірақ осы кезде Хақ тағаланың әмірі мен көмегі қатар келіп: «Ей, от, Ибраһимге салқын әрі қауіпсіз бол»[5], – деп жарлық айтылды. Осы жарлық бойынша от хазірет Ибраһимді ғажап рахатқа бөледі.
Ибраһим пайғамбар осы оттың ішінде жеті күн жатты. Кейбір деректерде ол осы оттың ішіндегі өмірін меңзеп, «Жалған дүниеде ең тамаша күндерім сол оттың ішінде болған жеті күнім» дегені айтылады.
Жалғасы бар…
[1] «Саффат» сүресі, 88-89
[2] Сағлаби, Әбу Исхақ Ахмад ибн Мұхаммед ибн Ибраһим ән-Нисабури. Қысасул Әнбия. Бейрут. 66-бет
[3] «Әнбия» сүресі, 65-66
[4] Мағынасы: Маған Аллаһтың жәрдемі жетіп асады. Ол неткен ғажап уәкіл!
[5] «Әнбия» сүресі, 69