Сұрақ: Исламда өзің мұқтаж болған нәрсені өзгеге беру сауапты іс деп айтады. Сол рас па?
Жауап: Ислам адамға шамасынан тыс қандайда бір амалды жүктемейді. Сол сияқты өзің қандай да бір нәрсеге мұқтаж бола тұра оны басқаға бер деп те әмір қылмайды. Керісінше, әуелі өзіңді, отбасыңды қамтамасыз ету керектігін айтады. Ал енді артылғаны болса, онда оны садақа етіп беру сауапты іс болмақ. Тіпті садақаның өзін жақындарыңнан бастауға үндейді.
Дегенмен, адамдардың арасында қайырымдылық жасауды жаны сүйетін жандар да бар. Егер адам бір затқа мұқтаж бола тұра оны басқа мұқтажға беремін деп шешсе, онда ол өзінің ықтияры. Мұндай амал адамның кең жүректі, жомарт жан екенін көрсетсе керек.
Әли ибн Әбу Талиб (Алла оған разы болсын): «Өзіңе керек бола тұра басқаға беру – иманның шыңы», – деп айтқан. Расында да сахабалар осындай сипаттарымен белгілі еді.
Мысалы, хазіретті Омар ибн Хаттаб (Алла оған разы болсын): «Бір күні сыйлыққа қой беріледі. Ол: «Расында бұл қойға маған қарағанда менің бауырым анағұрлым мұқтаж»,– деп басқа сахабаның үйіне жібереді. Сөйтіп қойды оның айтқан адамының үйіне алып барады. Олар осылай айтып бір-бірінің үйіне жіберіп, жеті үйге кіріп шығады. Ақырында айналып бірінші үйге қайтып келеді», – деп сахабалардың жомарттығы жайында айтқан.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ