Пенденің аты – пенде. Бүгін күнәһар тірлікті қалай кешіп жатқан болса, өткен замандарда да асылық еткендер көп болған. Ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпейдің «Асылық сөйлеп, жарандар, сүннет жолын бұзбайын» деуі жайдан-жай емес. Өз кезегінде мұндай оғаш жайдың бір дерегі отырарлық жазушы Шериаздан Шорабекұлының «Қоңыраттан Қасайға дейін» атты шежіре кітабында кеңінен қозғалыпты.
Ондағы баянға қарағанда, осы атырапта атағы жер жарған, өте абыройлы Пошан деген білекті шабандоз өткен екен. «Мыңнан тайлақ» дегендей, өзі жұрттан асырып салым салса, оның өнерін марапаттаған қошеметшілер аяқ-қолын жерге тигізбей мақтап, әбден көтермелеп жіберсе керек. Қайраты мол, бақтылы жігіт бірде өзін көрсетіп қалуға тарысып, сөздің ұрыныс тұсы келгенде «Әзіретәлі де өзіміз сияқты адам шығар» деп салады. Шабандоздың аузынан оқыс шығып кеткен осы сөз, бірден-бірге тарап, тіптен, ел аузында мысалға айналып кеткен дейді.
Өзін «Әзірет Әліге теңеген» жігіт малы жоқ кедей, басында қара лашық, жалғыз соқыр шешесі бар, тұрмыс жағынан тәңірісі құлашын жаздырмаған жан екен. Құдайдың бойына берген өлшеусіз қайратының арқасында алған абыройдың, атақтың буымен Пошанның мүлт кеткенін байқаған жергілікті шебер Сыздық ұста: «Әзірет Әлінің қамыс шайласы, соқыр шешесі бар ма екен?» деп оны дереу орнына қойыпты. Мұнан соң шабандоз да дереу сөзін қайтып алған көрінеді.
Бір бұл емес, Ш.Шорабекұлының жеткізуінше, ауылда ілгеріде мынадай да оқыс оқиға болған: Жаманбай Жайынбай датқаның баласы қазаланып, осы хабарды естіген Бижан қажы бастаған біраз зиялы, кісілер келіп, датқаға қажы былай деп көңіл айтыпты: «Датқа, балаң жүйрікті мінді, құмайды жүгіртті, қыранды салды, сұлуды құшты, Арыстың суына жуылды. Арыстанбабтың топырағына қойылды, оның арманы жоқ қой» депті. Сонда осы сөзді тыңдап отырған датқаның туған құдасы Тәңірберген молда: «Ой, қажы-ай, осындай қошаметшіл сөзің қалмайды-ау, өмірі, кім Арыстың суына жуылмайды, кім Арыстанбабқа қойылмайды?!» депті. Ашынып, ашу үстінде отырған датқа құдасының сөзіне көңілі ренжіп, «Саған да Арыстанбабтың топырағы ма?» деп қалады. Осы шәлкес сөзден кейін біраз уақыт өткен соң Сырдың арғы бетіндегі Тәңірберген моладаның балалары «әкеміз ауырып жатыр, дайындық жасауға Түркістанға базарға бара жатырмыз» деп, датқаның үйіне келіп қонады. «Сендердің әкелерің мұндай жайшылықта өлмейді, қиыншылықта өледі» деп, датқа құдасының балаларын аулына қайтарып жібереді. Айтқандай арада біраз жыл өткеннен соң Тәңірберген молда тағдыры жетіп дүниеден өтеді. Молданың өлімін күтіп тұрғандай Арыстанды Қарабастың қиямет желі тұрып, ар жақ, бер жақ боп, қатынас тоқтап қалады. Сөйтіп Тәңірберген молданы Арыстанбабқа жеткізе алмай, Арыстың суына да шая алмай, сол жаққа жерлейді.
Бұл көрегендік пе, болжампаздық па?
Расымен де, лебізді-сөздің ділден шыққан жанның жан дауысы, дауасы, қуаты мен киесі екені анық. Сөз мәдениет қана емес, оны дұрыс қолданбасаң, тағдырың адам танымастай теріс арнаға түсіп, күрт өзгеріп салуы ықтимал. Оған сақшы қойып, қатаң күзетпесең, жаңдайың қиын-ды. Әсіресе, асы сөз өз басыңа қылыш болып жалаңдауы бек мүмкін.
Қалай десек те, адамзат баласы әр ісі үшін ғана емес, әрбір сөзі үшін де жауапты. Атам қазақ өсиеттегендей, ауыз – дарбаза, сөз – самал, құдай ұрғанға не амал?! Құдайым артық сөйлеп қоюдан сақтасын!
Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ,
мәдениеттанушы-лингвист