Сұрақ: Жолдасым қайтқан еді. Өзімнен кіші жігітке тұрмысқа шықсам бола ма?
Жауап: Неке – ер мен әйелдің төсек жақындығын адал ететін, ортақ ұрпақ жалғастыруларын қамтамасыз ететін келісім. Исламның талабы – зинаға бармай заңды некемен отбасы құрып, ұрпақ көбейту. Неке мәселесінде сезімнің жетегінде берілмеу мен уақытша некелесу құптарлық іс емес.
Сөз байласуда неке шарттарын ескере, ер мен әйелдің келісімімен жүргізіледі. Ал некесіз еркін жүріске салынуды дәстүрлі дініміз бен салт-дәстүріміз қолдамайды.
Некенің шариғат талаптарына сай шарттары бар. Ижаб (ұсыныс) пен қабул (келісім). Ижаб – отбасын құруға ұсынысын білдіру, қабул – екінші тараптың ұсынысына келісімін, разылығын білдіретін сөзді айтау. Яғни, екі адам бір-бірімен шаңырақ көтеруге жүрек қалауымен өз келісімдерімен жасалуға тиіс. Неке мәселесінде жергілікті мешіттегі ҚМДБ-ның (имам) өкілдеріне жүгінгеніңіз абзал.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадисінде: «Некелесу – менің сүннетім. Кімде-кім сүннетімнен бас тартса, менен емес. Үйленіңдер. Өйткені мен қиямет күні өзге үмбеттердің алдында сендердің көптіктеріңді мақтан етемін. Кімде-кім үйленуге шамасы жетсе, үйленсін. Үйленуге шамасы келмесе, ораза ұстасын. Өйткені ораза ол үшін қалқан болады» деген.
Дініміз өзінен кіші жігітке тұрмысқа шығуға тыйым салмайды. Ең бастысы, жоғарыда аталған талаптар орындалса болғаны.
Икрам АЙТАЕВ