Сұрақ: Мен қатты қиналып кеттім. Бәрі менен теріс айналды. Қанша дұға етсем де болмайды. Жүрегім күнде қан жылайды. Мені түсінетін ешкім жоқ, жалғыз қалғандай болдым. Енді маған бір ой келіп жүр: ол- Алладан өлім тілеу. Бұған не айтасыз?
Жауап: Кез келген пенденің басына талай қиындықтар мен қайғылы жағдайлар келетіні хақ. Өйткені, өмірде қуаныш пен қайғы қатар жүреді. Бұл – өмірдің өзіндік заңдылығы. Осындай сәттерде адам тағдырға қарсы шықпаса да сабырсыздық танытып, қателікке ұрынуы – қайғы үстіне қайғы жамайды.
Сәтсіздікті Алланың сынағы деп қабылдап, оған сабырмен, төзіммен қарауымыз керек. Сабырлық қасиеттен ажырап, тағатсыздық танытар болсақ, бұл біздің осалдығымыз. Пайғамбарымыздың хадисінде: «Кімде-кім сабырлы болуға тырысса, Алла оған сабыр береді. Адам баласына сабырдан артық қайырлы әрі үлкен сыйлық берілмеген», деген.
Дұға қиыншылықты жеңілдетіп, мұңды сейілтеді. Алладан жақсылықты үміт етіп, күдер үзбей дұғаны үнемі әрі тұрақты түрде жасауды әдетке айналдырған абзал. Пайғамбарымыз хадисінде «Тағдырда жазылған нәрсені дұғадан басқа ештеңе өзгерпейді…» деген, тағы бір хадисте «Уа, Алла! Уайым мен қайғыдан, дәрменсіздік пен жалқаулықтан, сараңдық пен қорқақтықтан, қарызға бату мен адамдардың басынуынан Сенен ғана пана сұраймын», деген.
Өмірдегі қиыншылықтар мен қателіктер үшін торығып, түңілуге салынып, өмірден баз кешіп, үмітсіз болуға болмайды. Хадисте: «Үміт – адамды жақсылыққа, болашаққа өзінің армандаған мақсатына жетелейтін бірден-бір рухани, имани күш-құрал» деген. Адамның басына қандай іс түспесін, өзіне қол жұмсамақ түгілі, өлім тілеуіне де болмайды. Адамның жаны, тәні, өмірі – бәрі де Алланың берген аманаты. Пайғамбарымыздың хадисінде: «Сендердің біреулерің өзіне өлім тілемесін. Бәлкім, егер ол жақсы пенде болса, ұзақ өмір сүріп, жақсылығы көбейе түсер, сөйтіп, (өмір) ол үшін жақсы болар. Бәлкім, егер жаман адам болса, жамандығынан қайтарылар» деген.
Қазақтың «әрбір істің қайыры бар» дегендей адам баласына тағдырдың жазуымен сан түрлі қиындықтар кездесуі мүмкін. Келер күнге деген үміт пен сенімді жоғалтпай сабырмен қарау қажет. Сіз қоғамға қажетсіз!
Икрам АЙТАЕВ
Ескерту: Қосымша сұрақтарыңызбен республикамыздың өңіріндегі облыс, қала орталықтарындағы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің психолог, теолог, дінтанушы мамандарына жүгінуіңізге болады.