ҚМДБ Алматы өкілдігінің құрбан айт мерекесіне байланысты жұмыс жоспары негізінде Алматы қаласы дін істері басқарамасымен бірге қаладағы өзге дін өкілдеріне арнап құрбан айт күні айттық дастархан жайылды.
Алматы Орталық мешітінің ауласында киіз үй тігіліп, ұлттық тағамдар қойылған айттық дастарханға қаладағы өзге дін өкілдері мен қонақтарға дәм ұсынылды. Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Нұрлан Қиқымов қонақтарды құрбан айт мерекесімен құттықтады. Дінаралық татулық пен тұрақтылықты ұстанатын Қазақ елі әрқашанда барша өзге дін өкілдеріне, өзге ұлт өкілдеріне құрметпен, сыйластықпен қарайтынын жеткізді. Осынау айтулы мереке қарсаңында мешіт қызметкерлерінің айттық дастархан жайып қонақжайлылық танытқанына зор алғысын жеткізді. Орталық мешіттің наиб имамы Руслан Қайыргелді мұсылмандар үшін ұлық мерекенің бірі құрбан айт құрметіне арналған айттық дастархан басына жиналған барлық өзге дін өкілдеріне алғысын айтты. Ел бірілігі мен зайырлы да тұрақты ел болашағы үшін қызмет жасауға шақырды. Өз кезегінде әртүрлі дін өкілдері мұсылман қазақ дәстүрі мен дінін құрметтеп, әрдайым қолдау көрсететіндерін жеткізіп, ұйымдастырушы мешіт қызметкерлеріне ризашылықтарын білдірді.
Алматы өкілдігінің баспасөз қызметі