Сұрақ: Мұсылман адамның өзге дін өкілімен қарым-қатынасы қандай болуы тиіс?
Жауап: Бұл сұраққа қатысты пайғамбардың (с.ғ.с.) мәшһүр хадисте айтылған жауабы бар: «Нағыз мұсылман – өзгелерге тілімен де, қолымен де зиян келтірмеген адам» (Бұхари, Мүслим).
Хадисте бүгінгі қоғамдағы мұсылманның өміріне қатысты, оның өзге дін өкілдерімен болуы тиіс қарым-қатынасының ережесі мен шеңбері көрсетілген деуге болады. Хадистің мағынасы да, мазмұны да анық әрі ашық.
Алланың алдындағы мұсылманның міндетіне қатысты Маймұн ибн Михран риуаятында пайғамбардың (с.ғ.с.) мына хадисін айтқан: «Үш нәрседе мұсылман да, кәпір де бірдей: кімге уәде берген болсаң, мұсылман болса да, кәпір болса да уәдеңде тұр. Өйткені, уәде Алла тағала үшін. Кімнің туысы болса, мұсылман болса да, кәпір болса да туыстық қатынаста болсын. Кім саған аманатын сеніп тапсырса, мұсылман болса да, кәпір болса да, аманатын қайтар».
Хадисте айтылып отырған «кәпір» сөзі арабтың «куфр» (күпірлік қылу), яғни ислам қағидаттарына сәйкес Аллаға күпірлік қылған, Оған серік қосқан басқа сенім (дін) өкілі дегенді білдіреді. Басқаша айтқанда, бұл сөздің мағынасы, сенімі исламдағы таухид сеніміне сәйкес келмейтін мүшриктерді (пұтпарастарды), мәжусилерді (отпарастарды), насранилерді (христиандарды), яхудилерді және т.б. өзге дін өкілдерін қамтып отыр. Мұсылман адам олардың барлығымен де осы хадисте айтылғандай мәміледе болуы тиіс.
Өйткені хадистің көркем мысалын Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) өмірінен көреміз. Ол кісі бұрынғы Меккеде өткізген он үш жылында да басқа сенім иелерімен көркем қарым-қатынаста болды. Мысалы, Исламды алғаш насихаттаған жылдарында Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) пұтпарастардың арасында өзінің әділдігі, сенімділігі мен төзімділігінің арқасында «Мұхаммед әмин» (сенімді Мұхаммед) есімімен танылған (Адабу әд-Дуния уәд-Дин).
Пайғамбар (с.ғ.с.) «мүшриктер маған қастандық қылды» немесе «олардың сенімі басқа» деген сияқты сылтаулар айтпады. Керісінше, алған аманаттарын қайтарды, берген уәдесінде тұрды. Осылайша ол кісі мұсылман үмбетіне үлгі көрсетті.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ