Ол әлі балиғат жасына да келмеген бір бала еді. Мекке жазықтарында жұрттан шалғай жерлерде «құрайыштықтардың» ақсүйегі болған Ұқба бин Муғайттың қойларын бағып жүретін. Халық оны «Үммү Абдтың ұлы» деп шақыратын. Ал шын аты Абдуллаһ еді, әкесінің аты болса – Масғуд.
Бұл бала жаңа шыққан пайғамбар жайлы хабарды естіген еді, алайда әрі жасының кішілігінен, әрі Мекке халқынан ұзақ жатқандықтан, ол хабарларға аса қызығушылық танытпаған болатын. Оның бар жұмысы Ұқбаның қойларын таң ертемен өріске апарып жайып, кеш бата үйге айдап келу еді.
Бір күні Меккелі бала Абдуллаһ бин Масғуд айбынды, орта жастағы екі адамның ұзақтан өзіне қарай жүріп келе жатқанын көрді. Екеуінің де шаршап-шалдыққаны көрініп тұрды. Әбден еріндері кеберіп, таңдайлары құрғап, әбден шөлдеген екен.
Жолаушылар Абдуллаға сәлем беріп:
– Балақай, бізге мына қойларыңнан шөлімізді басатындай, сарайымызды ашатынтай біршама сүт сайып берсең, – деді. Бала болса:
– Бұл өтініштеріңізді істей алмаймын. Иесі мен емес, қойлар маған тек аманат қана, – деп, өтініштерін кері қайтарды. Жолаушылар баланың сөзіне, оның аманатқа қиянат жасамайтындығына риза болды. Сөйтті де:
– Онда сен бізге қоздағаман қысыр бір қой көрсет, – деді.
Бала жақынында тұрған бір тоқтыны көрсетті.
Жолаушының бірі әлгі тоқтыға жақындап барып ұстады да, Алланың есімін атап қойдың желінін тарта бастады. Бала әлгілердің қылығына таңғала өз-өзіне:
– Қысыр сүт беруші ме еді? – деді.
Алайда, әлгі қысырдың көп ұзамай желіні толып, сүт бере бастады. Жолаушының екіншісі жерден ойық бір тас алды да, ішін сүтке толтырды. Сосын әлгі сүттен өзі және қасындағы досы ішті. Әрі қарай Абдуллаһ бин Масғұдтың өзіне сөз берейік:
«Сосын сүттен маған да ішкізді. Мен болсам мына жайтқа сене алмай таңғалып тұрдым. Бәріміз сүттен тойып ішкеннен кейін әлгі мүбәрак жан тоқтының желініне «Суал!» деді. Желін де сол сәтте тартылып, баяғы қалпына қайта келді. Мен дереу әлгі адамға:
– Тоқтыны сауарда айтқан сөзіңді маған да үйретсең, – деді. Ол:
– Сен міндетті түрде бұл сөздерді үйреніп, ғалым боласың, – деді де, жүріп кете берді” – дейді.
Міне, бұл екі жолаушы Пайғамбарымыз (с.а.у.) бен оның ең жақын досы Әбу Бәкір (р.а.) еді. Ал бала да болашақ Құран Кәрім хафызы әрі ғалымы Абдуллаһ бин Мәсғұд еді.
Сұлтан КЕРІМ