Өткен жолы Отырар өңіріне қатысты қызықты хикаялар сериясын бастап, кие-танымдық және ойтүйерлік мәні бар бірқатарын көпшілік талқысына ұсынған едік. Назарларыңызға кезектілерін ұсынамыз.
Адам атаның мінәжат еткен жерінің бірі – Отырар
Адам ата мен Хауа ана тыйым еткен жемісті жеп, жұмақтан жерге түсірілді. Жаратқан ие жаза ретінде екеуін әлемнің екі бұрышына қойып, қырық жыл бірін-бірі іздеп дүниені шарлайды. Сондағы Адамның табаны тиген топырақ жолға, қонған мекені қалаға, құлшылық еткен жері қасиетті орынға айнала беріпті. Дала аймағында мінәжатын еткен жеті жері – қазіргі Түркістан, Сайрам, Қазығұрт, Отырар, Қаратау, Қараспан, Сыр өңірлері екен.
Осыдан бастап бұл жерлерге кие дарыпты. Көкірек көзі ашылған әулие, ғұламалар көптеп шығатыны содан дейді. Бұл маңға Хауа ананың да табаны тигендіктен еріне адал қызмет етіп, ұлағатты ұл мен әдепті қыз өсіретін асыл текті әйелдер көп шығатын болыпты.
Ортада жалғыз-ақ дін таласымыз…
Ояз кеңесінің алдында тілмәшпен әңгімелесіп тұрғанында Молда Мұса келіп қалады. Ояз тілмәштан: «Осы қазақта шежіре бар дейді, сол рас па?» деп сұрайды. Тілмәш: «Мына кісі шежіренің өзі» деп Молда Мұсаны көрсетеді.
Сонда Молдекең былай деген екен:
Бәріміз бір кісінің баласымыз,
Ортада жалғыз-ақ дін таласымыз.
Байлық та, болыстық та бәрі сізде,
Сол байлықтан бізге де қарасаңыз.
Ояз риза болып 50 сом беріпті. Елу сомға ол кезде екі жараулы ат алуға болады екен.
Күнә әсті-әсті болады
Бір жиында бір кісі Жайма жетімдер Айтжан дамлаға:
– Дамла, кейде көшіп-қонып жүріп, бай кісілермен қоңсы тұрып қаламыз. Бізде жоқ нәрсе онда бар дегендей, керекті нәрсемізді реті келгенде байға білдірмей алып пайдалансақ күнә бола ма, жоқ па? – дейді.
Айтжан дамла үндемейді.
– Кейде базарға шығып қаламыз, қалтамызда көк тиын жоқ. Ал енді бір байбатшалардың қалтасынан ақшасы шашылып жүреді. Соны білдірмей алып, қажетімізге жаратсақ бола ма, жоқ күнә ма?
Айтжан дамла тағы да үндемейді.
– Келініңіз екі қабат болып қалады. Пендеміз ғой, бір жесір әйелдерге…
Айтжан дамла:
– Жә… тоқтат, – депті. Күнә әсті-әсті болады. Үндемегенге үдетіп барасың. Немене күнәні көрпе қылып жамылмақсың ба? – деген екен.
Әбубәкір қарының сөздері
Әбубәкір қары айтады екен:
– Құран 29 әріптен сөйлейді. Біреу біліп оқиды, біреу білмей оқиды. Білмей оқыған адам Құранды шын ықыласымен оқыса 29 әріптің бірі тура келсе, қабыл болады.
– Жаныңды көргің келсе – перзентіңе қара, иманыңды көргің келсе – малыңа қара, жәннәтті көргің келсе – ата-анаңды бақ.
– Адамның үш досы бар. Олар:
- Перзенті.
- Дүниесі.
- Жинаған сауабы.
– Үш нәрсе ғанибет, олар:
- Дидарласу.
- Демалу, ұйықтау.
- Тамақтану.
– Сауап та, күнә да бес нәрседен. Олар:
- Екі көзің.
- Екі құлағың.
- Тілің.
- Екі қолың.
- Екі аяғың.
– Көпшілік ішінде кісі айыбын жасыр.
– Мүсәпір зәбір көрсе, араға түс.
– Екі адам араздасса татуластыр.
– Жақсымен табақтас бол.
Шәмші Қалдаяқовтың дастархан батасы
Көргенің рахат болсын,
Жүрген жерің рабат болсын,
Екі тойың қабат болсын,
Дастарханың берекелі болсын,
Әр күнің мерекелі болсын,
Шайың қызыл болсын,
Ғұмырың ұзақ болсын,
Несібең таса берсін,
Шаңырағың Астананың сарайындай биік болсын,
Босағаң Әмір Темірдің дарбазасындай берік болсын,
Беттеріңе түскен әжім қасыреттің белгісі емес, шаттық күлкінің ізі болсын, әумин!
Ел аузынан, шежірелерден жиған
Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ