Əлқисса, сұлу Сыр мен əсем Арыс өзендерінің түйіскен тұсына орналасқан Отырар аймағы тұнып тұрған сыр мен шежіреге толы. Солардан бірауық тәлімді оқиғаларды баяндай кетелік.
Әмір Темірдің сәждесі
Қақаған қыстың күні жорыққа кетіп бара жатқан Әмір Темір Отырар өңіріндегі бір бекетте аялдап, қоналқа жасапты. Түнге қарай ауа райы қатты бұзылып, Арыстанды-Қарабастың дүлей желі одан сайын үдей түссе керек.
Темір кешкі намазын оқуға дәрет алып, көк шатырына жай намаз жайып, құбылаға қарап сәждеге бас қойған кезде… арт жағынан мысықтабандап келген жансыз оңтайын тауып шабады. Темірдің бұғанасын өткір қылыш қиып түседі. Сөйтіп, 1405 жылы ұлы қолбасшы опасыз адамның қолынан мерт болады. Содан бастап әлгі жер «Темір ауылы» деп бүгінге дейін аталады. Қытай жорығы бұдан былай ауызға алынбай аяқсыз қалады.
Хан Тұрсынның басының алынуы
Қазақ елін шапқан Хан Тұрсынды Еңсегей бойлы Ер Есім қасында Жиембет жырау, Жақсығұл батыр, Алатау батырдың үлкен ұлы Ескендір білші болады. Өз елін өзі шапқан Қатағанның ханы Хан-Тұрсын деп Ордасына алып келеді. Хан-Тұрсынның қолы жеңіліп қашып кеткен, ал өзін қолға түсіреді. Орда ішіне алып келгенде Ескендір білші:
Адал болсаң ант ішпе,
Харам болсаң жол түспе.
Ей, Хан-Тұрсын, ант ұрсын,
Тектен-текке қанды ішпе, – дейді.
Хан Тұрсын, – кінәсізбін, – деп ант іше бастағанда Ескендір білші қолындағы тәспіні Хан Тұрсынның алдына тастайды. Құдыреттің күшімен тәспі шашылып кетеді. Ескендір білші Хан-Тұрсынға, – Жина кінәсіз болсаң, ант ішпей, – дегенде, жинай алмай қолы дірілдеп былай дейді, – Қылыш көтерген қолым әділіне келгенде құмалақты да көтере алмайды, – деп тізесіне құлайды.
Осы кезде Кіші жүздің батырлары басын шабады.
Арыстанбабтың топырағы, Арыстың суы…
Жаманбай Жайынбай датқаның баласы қазаланып, осы хабарды естіген Бижан қажы бастаған біраз зиялы, кісілер келіп, датқаға қажы былай деп көңіл айтыпты: Датқа балаң жүйрікті мінді, құмайды жүгіртті, қыранды салды, сұлуды құшты, Арыстың суына жуылды. Арыстанбабтың топырағына қойылды, оның арманы жоқ қой, – депті. Сонда осы сөзді тыңдап отырған датқаның туған құдасы Тәңірберген молда: «Ой, қажы-ай, осындай қошаметшіл сөзің қалмайды-ау өмірі, кім Арыстың суына жуылмайды, кім Арыстанбабқа қойылмайды?! – депті. Ашынып, ашу үстінде отырған датқа құдасының сөзіне көңілі ренжіп, «Саған да Арыстанбабтың топырағы ма?» деп қалыпты. Осы шәлкес сөзден кейін біраз уақыт өткен соң Сырдың арғы бетіндегі Тәңірберген молданың балалары «Әкеміз ауырып жатыр, дайындық жасауға Түркістанға базарға бара жатырмыз» деп, датқаның үйіне келіп қонады. Сендердің әкелерің мұндай жайшылықта өлмейді, қиыншылықта өледі деп, датқа құдасының балаларын аулына қайтарып жібереді. Айтқандай арада біраз жыл өткеннен соң Тәңірберген молда тағдыры жетіп дүниеден өтеді. Молданың өлімін күтіп тұрғандай Арыстанды Қарабастың қиямет желі тұрып, ар жақ, бер жақ боп, қатынас тоқтап қалады. Сөйтіп Тәңірберген молданы Арыстанбабқа жеткізе алмай, Арыстың суына да шая алмай, сол жаққа жерлейді.
Тойжан бидің болжамы
Кіші жүз Тойжан би «Ақырзаман» жайында былай деп айтқан екен: Адам азады, жер жыртудан тозады, сөзде байлау болмайды, ұзаққа созады, оған себеп: адамның жақсысы кетіп жаманы қалады, сөзінің ақылы кетіп, амалы қалады, жылқының жүйрігі кетіп, шабаны қалады. Көлдің суы кетіп, табаны қалады. «Тарағай» деген ел болады, адамның тырнақтайы би болады. Сол кезде анық уәде болмайды, үлкеннің тілін кіші алмайды, көп білетін ақылды болса, оны тыңдамайды, жеңілдікке салынып өзін-өзі қорлайды. Ұлы атадан бөлініп, үй болады, күнде айырбас шақырыс болады, тартқаны домбыра, сырнай күй болады. Еріне әйелі би болады. Шақырысты ұмытпайды. Әйелі базардан қалмайды, терлеп тапқан еңбегінің берекесі болмайды. Ішкендері арақ-шарап болып өз бойына жұқпайды. Қонақ асын жақсы берсең, ол үйден төбелеспей шықпайды, адамшылық сөз айтсаң ұқпайды, тоқтау сөз айтсаң, түгіңді қоймай балағаттайды. Келесі күні кемшілігі есіне түсіп, күйеуі өлген әйелдей дауыс шығарып жоқтайды. Әйелі тәуірдің шаруасы түзеледі, әйелі нашардың шаруасы күйзеледі. Көйлегі шолақ, дамбалды қысқа киеді, борбайы көрініп жүреді. Адам азғанда ар-ұят қалмайды. Атаның тілін бала алмайды, Құдай сабыр бермесе оны түзеп болмайды, жиғаны темір-терсек болады, істегені құлшылық жай-жайбарақат өмір болады. Ашытқан қамыр асы болады, адал-арамды білмейді, азған деген осы болады. Ет пен майды тамақ демейді. Арақсыз тамақ жемейді. Жасы жеткен көрер, одан арғысын көре алмадым. Жаратқан ием қалғанын өзі білер деген екен.
Ишанның екі ақынды сынауы
Майлықожа мен Құлыншақ үлкен бір ишанның (аты белгісіз) үйіне келе жатып қонақ болады. Сөз арасында ишан екі ақынға: – Өмірдің Алла алдында мәні неде? – деп сауал тастапты. Сонда Майлықожа:
– Басынан Қаратаудың көш келеді,
Көшкен сайын бір жорға бос келеді.
Дәулет пенен перзенттің кештігі жоқ,
Біреуге ерте, біреуге кеш келеді, – депті.
Ал Құлыншақ:
– Басынан Қаратаудың көш келеді,
Көшкен сайын бір жорға бос келеді.
Жалғанға келу рас, өлім рас,
Біреуге ерте, біреуге кеш келеді.
Адамзат дүниеде еккен егін,
Орарда таңдамайды ағын, көгін.
Бір Алла берерінде берген тегін,
Аларда алады екен ақыр тегін, –
дегенде, ишан: – Осы еді сөздің шешімі, – деген екен.
Ел аузынан, шежірелерден жиған
Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ