Қазақта шаңыраққа келін түскен кезде «отқа май тамызу» деген ырым бар. Жаңа түскен келін табалдырық аттар кезде алдынан енесі шығып, шоқ салынған табаға май тамызып, түтін иісі келінге жету үшін бетіне жақындатады.
Бұл амалды сырттай шаманизм дәуірінен қалған ескі салт деп жүргендер аз емес. Ал кейбір дін ұстанып жүрген бауырларымыз мұны үлкен күнә, яғни Аллаға серік қосу деп айыптап жатады.
Сондықтан аталған амалдың қайдан, қалай пайда болғанын және келінге түтінді неліктен иіскететінін түсіндірейік.
Ерте заманда ата-бабаларымыз ру-руға бөлініп, бөлек ел, ауыл болып тұрды. Жеті атадан асқаны бір-бірімен қыз алысып, қыз берісіп құда-жекжат атанды. Сондай кезде, мысалы, бір ауылдың жігіті екінші бір ауылдан қыз алып жатыр делік. Қалыңдықтың жасы 15-18-ден аспайды және өзінің туып өскен ұясынан жаңа бір әулеттің босағасын аттағалы тұр. Бүтін бір ауыл жас келінді көруге асық, жан-жақтан қаумалап тұрған қауым. Сол кезде жас келін қобалжып, сасқалақтап, есінен айырылып қалмасын немесе босағаға сүрініп кетпесін, есін жисын деп аналарымыз осылай майдың түтінін иіскеткен. Яғни, майдың иісін қазіргі замандағы нашатыр спиртінің орнына пайдаланған екен.
Бұл амал толғағы ауыр келген, босануы қиындаған әйелдің есінен танып қалмауы үшін, баланы өлтіріп алмау үшін ғана қолданылған. Міне, отқа май тамызу ырымының түпкі тамыры осыдан қалған.
Басқа ешқандай Алла серік қосу саясатына еш қатысы жоқ. Тек, бұл өңін өзгертіп, табиғи шарттардан ырымға ауысып кеткен амал.
Осылайша өзінің негізгі өзегін жоғалтқан соң ырымға айналып, оның айналасында түрлі аңыздар шығып кеткен. Сондықтан бұл амалды тойдың сәні ретін ғана жасаса еш айыбы жоқ.
Мақсат ҚҰДАЙБЕРГЕН,
Ақтөбе қаласының дін мәселелері және қоғаммен байланыс жөніндегі орталығының басшысы
(Этнограф, салт-дәстүр ізденушісі С. Алдашпаевтың әңгімесі желісінен алынған)