немесе «адам баласының көзге пайдасыз болып көрінген нәрсесенің ләззатты болуы»
Ежелгі гректің данышпаны Платон өмірінің соңына дейін адам жанын зерттеумен айналысып, өлерінің алдында «Адамды білемін деген адам, ештеңе де білмейді» деп ой түйген екен.
Қазіргі адам психологиясын зерттеушімін дейтін психологтар, Ғазали айтпақшы «шын мәнінде ақиқат деп Пілдің бір құлағын айтады». Ал адам рухын, болмысын толық танып білу мүмкін емес. Бұл туралы Алланың Құранында: «Адам жаны туралы ақиқат бір Жаратушыға ғана тән, ал адамдарға аз ғана мәлімет берілді» деп келеді. Мейлі ол данышпан болса да.
Соған қарамастан адам баласы талай ғасырдан бері адамның жаны туралы ғылыми зерттеулер жасап, ізденіп келеді. Әйгілі медицинаның алыбы Ибн Сина да өз дәуірінде адамды сойып, жанын іздемекке ұмтылған еді. Алайда, Аллаға мекен бере алмағанымыз секілді, адамның жанына да мекен бере алмаймыз. Бұл ақылдан тыс нәрсе.
Қазақ адамның жанын «жүрек» мәселесі деп тоқтаған. Сондықтан да біз әулиелерді, Хәкім Абайды, Шәкәрімді, Мәшһүр Жүсіпті, Асан қайғыны жүрек ілімінің білгірі деп сенеміз. Бұл жандардың рухани дүниелерін сүйіп оқимыз. Олардың еңбегін қанша жасымызда оқысақ та, басқа қырынан ашыла береді.
Енді тарихқа оралайық. Тарих бізге не үшін қажет? Бүгінгі шаруамызды шешіп алып, алға ұмтыла беруіміз қажет емес пе? Алайда тарихтың бізге беймәлім қыры бар екен. Кезінде немістің атақты философы Хайдегтер: «Адам өткеннен қуат алып, болашаққа ұмтылады» депті. Өткенде тәжірибе мен өнеге бар.
Психологияның кемерінен асқан ғылым логотерапия саласының ғалымдары: «Адам тарихи тізбекте өмір сүретін жаратылыс» деп шешкен. «Рухани болмыс бізбен бірге құпиялы түрде қатар өмір сүреді» дейді. Сонда қалай? Бізге қалай ықпалды? Мұның бір қарапайым тұжырымы болуы керек қой? Сұрақ көп. Алайда жауабы қарапайым.
Кейбір бізге белгісіз нәрселердің ешбір пайдасы жоқ болып көрінгенімен, бізге жақсы көрінеді. Бұл құпия адам болмысы. Ақиқаты нәтижеде. Адам өткен тарихтағы оқиғаларды тыңдағанда жаны елең ете бастайды. Ол үздіксіз жалғаса берсе, адам рухында мығым бола береді.
Мысалы, пенденің әдемілік пен сұлулыққа деген махаббаты секілді. Бұл екеуі сыртқы ләззаттар болса, тарих – таным ләззаты, жүрек ләззаты. Көзге көрінбейтін рухани әлемге деген адам жанының құмартуы. Адамның сыртқы бес сезім мүшесі (көз, құлақ, иіс сезу, дәм сезу, қол сипау) ләззаттан рахаттанғаны секілді, ішкі сезім мүшесі – жанның да өз лаззаты бар. Ол рухани әлем сырлары. Рухани әлемнің сырлары тарих арқылы көрініс табады. Бірақ, ол тарихи дүниелердің ішінде адам жаны рахаттанатын көркем мінез, жақсы білім, ақиқат, әділет пен махаббат үшін күрес, махаббат, көз жасы, өкініш пен тәубе, ақыл, ерлік, кешірім, мейірімділік т.б. рухани дүниелер болғанда ғана адам жаны одан азық ала алады.
Мысалы, тарихта өткен батыр немесе патша жоғарыдағыдай қасиеттерімен тарих арқылы бізге жеткенде, олардың қазіргі ұрпаққа тікелей пайдасы дәл қазіргі уақытта болмаса да, тарихта өткен адамдарды жақсы көре береді. Яғни, бұл таным лаззаты. Жанның азығы. Рухтың рахаты.
Ислам ойшылы имам Ғазали: «Түйсік арқылы сезілетін нәрселердің сұлулығы мен әдемілігі теріске шығарылмайды» деген. Адам мен мемлекет өзінде жоқ сенімді тарихтан, өткеннен алады.
Тарихшы Жарас Аханның
«КӨҢІЛ ІЛІМІ» тарихи-фәлсәфалық еңбегінен үзінді