«Бір күні үйімізде Алланың елшісі (с.ғ.с.) отырған еді.
Анам:
– Бері келеғой, бірдеңе беремін, – деп мені шақырып алды.
Мұны көрген Алланың елшісі (с.ғ.с.):
– Оған не бермекші едіңіз? – деп сұрады.
Анам:
– Бір түйір құрма бермекші едім, – деді.
Сонда Алланың елшісі (с.ғ.с.):
– Егер ештеңе бермегеніңде, саған бір өтірік жазылар еді, – деді»(Әбу Дәуіт).
Түйін: Кейбір кезде біз баланы алдап шақырамыз, өтірік уәде береміз, бұл дұрыс емес екен. Керісінше баланы алдап, өтірік сөйлеп өсіруден сақтанған жөн. Сәби кезінен өтірікпен өскен бала, ержеткен соң өтірікші, ішітар, ұры, шағымданғыш, ұшқалақ, күлекеш, айлакер, сараң сияқты бойында жарамсыз қасиеттері бар азаматқа айналуы бек мүмкін. Бұдан сақтанудың жолы – балаға көркем тәрбие беру. Балаға жас кезінен адамгершілік, үлкенге құрмет – кішіге ізет сияқты көркем мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға күш салу лазым. Өйткені өсіп келе жатқан баланы қараусыз қалдырса, бұл көп жағдайда мінездің бұзылуына мұрындық болары анық.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ