Әр отбасы – берекелі қоғамның тірегі. Соның айғағы ретінде елімізде жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы ұйымдастырылып келеді. Кеше Астана төрінде Отбасы күні құрметіне дәстүрлі байқаудың жеңімпаздары арнайы марапатталды. Салтанатқа мемлекеттік лауазымды тұлғалар, қоғам қайраткерлері, түрлі ұйымдардың басшылары және елорда жұртшылығы қатысты.
Отбасы – шағын мемлекет. Сол шағын мемлекеттің береке-бірлігін сақтап, ынтымағын жарастыратын ата-ана болса, көздің қарашығындай балалар – адалдықты ту еткен жанұяның жалғасы, ізбасары, елдің келешегі. Мұны зайырлы, құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатқан әрбір отбасы жақсы біледі. «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына үміткер болған аудан, облыс, қаладағы отбасылардың қай-қайсысы да – ұрпақ жалғасының, ұлт тәрбиесінің үздік үлгісін көрсетіп, көптің қошеметіне бөленген ақадал жандар. Осы күнге дейін байқауға елдің барлық өңірінен 20 мыңнан аса отбасы қатысыпты. Оның ішінде сан түрлі салада толымды еңбек еткен абзал жандар, еңбек адамдары жетерлік. Биыл байқауға қатысуға ниет білдірген үміткерлерден аудандық (қалалық) комиссияларға 3 369 өтінім түсіпті. Өтінімдердің саны бойынша Қарағанды облысы (534 өтінім) – көш басында. Байқауға қатысқан отбасылар арасында 1 508 көпбалалы, 700 жас отбасы бар екен.
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының лауреатын марапаттау рәсімінде Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев жеңімпаздарға сәттілік тілеп, Мемлекет басшысының құттықтау хатын оқып берді.
«Мерейлі отбасы» байқауы – ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға жол ашатын, өзіндік дәстүрі бар бірегей жоба. Халқымыздың асыл қасиеттерін өскелең ұрпақтың бойына сіңіру – бәрімізге ортақ міндет. Осы орайда әр отбасы айрықша рөл атқарады. Елімізде адал еңбегімен көпке үлгі болып жүрген өнегелі әулеттер аз емес. Бүгінгі салтанатты кеш – соның айқын дәлелі. Бұл байқаудағы әрбір отбасының жеңісін бірлігі жарасқан жұртымыздың мерейлі жетістігі деп бағалауға болады», – делінген Президенттің құттықтау хатында.
Сенат төрағасы «Мерейлі отбасы» байқауының бірнеше лауреаттарын марапаттап, үлгілі жанұяларға алғыс айтты.
– Отбасы күні – көп мерекенің бірі ғана емес. Ол – ұлтымызды ұйыстыратын, әр шаңыраққа шаттық сыйлайтын маңызды мейрам. Баршаңызды осы атаулы мерекемен құттықтаймын. Бүгін еліміздің барлық өңірінен үздік отбасылар жиылып отыр. Сіздердің өнегелі жолдарыңыз көпшілікке үлгі, әсіресе, өскелең ұрпақ үшін айнымас бағдар деп айтсақ артық болмайды. Дана халқымызда «Отан – отбасынан басталады» деген сөз бар. Расымен, әр отбасы – елдіктің тірегі және береке-бірліктің бастауы. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың отбасы әлеуетін көтеруге, ана мен баланы қорғауға, қоғамда дұрыс құндылықтарды дәріптеуге айрықша мән беріп келеді. Мемлекет басшысы жуырда Жолдауда осы мәселеге тағы да баса назар аударды. Президент онда азаматтардың әл-ауқатын арттыруға арналған кезекті әлеуметтік бастамалар кешенін жариялады. Мұның барлығы еліміздегі әр отбасының өміріне оң ықпал ететіні анық, – деді М.Әшімбаев.
Осыдан соң Мәдениет және ақпарат министрі, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның төрағасы Аида Балаева жеңімпаздарға жылы лебізін жеткізді.
– Еліміздегі әрбір отбасы – қоғамның, мемлекеттің тірегі. Үйдің үлкендері, сіздер, өскелең ұрпақтың бойына адамгершілік, ізгі қасиеттерді сіңіріп, ұлттық құндылықтар мен отбасылық құндылықтарды дәріптеп жүрсіздер. Осылайша, елдің дамуына, гүлденуіне үлес қосып келесіздер. Еңбектеріңіз жана берсін. Отбасыларыңыздан ырыс-ынтымақ кетпесін, шаңырақтарыңыз шаттық пен қуанышқа толы болсын, – деді А.Балаева.
Еліміздің әр өңірінен келген 20 үздік отбасының ішінде Атыраудан келген Сыралиевтер әулеті бар. Бірлігі жарасқан жанұя мүшелері шығармашылықпен және волонтерлікпен айналысады. Отағасы Төремұрат Сыралиев күзетші болып жұмыс істейді. Зайыбы – Сағия Кемпірбаева балалар музыка мектебінің директоры. Төремұрат 20 жылдан аса геофизикалық мекемеде еңбек етті. Сағия 35 жыл бойы Жанбай ауылында балалар музыка мектебінің мұғалімі және директоры болып жұмыс істейді. Ерлі-зайыптылар 33 жыл бойы бірге өмір сүреді. Үш қыз бен ұл тәрбиелеп отыр. Сыралиевтер отбасының азаматтық істері көп. Олар аудандық «ЖасSTAR» еріктілер тобын құруға ықпал еткен. Биыл су тасқыны кезінде отбасының барлық мүшесі шетте қалмай, адамдарды құтқарған, су басқан аймақтарға азық-түлік тасып, бекініс бөгеттерін салған.
Жеңімпаздардың арасында Алматы қаласынан келген Қапышевтар отбасының шоқтығы биік. Отағасы Мұрат Қапышев мен жары Мензипа Төлеуова – зейнеткерлер. Бүгінде Қапышевтар әулетінің үшінші буыны теміржол саласында еңбек етеді. Шаңырақтағы теміржолшылардың жалпы еңбек өтілін қосса, 826 жылды құрайды екен. Ынтымағы жарасқан үлкен шаңырақтың 26 мүшесі мамандығын теміржол саласымен байланыстырған. Мұрат Қапышевтің өзі әкесінің еңбек жолын жалғастырған. Теміржолшылар отбасында дүниеге келген жұбайымен бірге ол да теміржол саласында 40 жыл жұмыс істеген.
Үздік деп танылған отбасылардың арасында агроөнеркәсіптік кешенінің еңбеккерлері Қызылорда облысындағы Бектаевтар отбасы бар. 89 жастағы отағасы Төлеміс Бектаев пен 87 жастағы Сәнімқұл Әшірбекова – еңбек ардагерлері. Төлеміс ата – Жалағаш ауданының құрметті азаматы, 30 жылдан аса механизатор болып істеген. Ал Сәнімқұл әже – «Алтын алқа» иегері. «Батыр ана» атағына ие болды, ауыл шаруашылығындағы үздік жетістіктері үшін «Халықтар достығы» орденімен марапатталған. Күріш өсіруші 1982-1985 жылдары Қызылорда облыстық Халық депутаттары кеңесінің депутаты болған. Бүгінде отбасында 11 бала, 43 немере, 66 шөбере және екі шөпшек тәрбиелеп отырған жайы бар.
«Мерейлі отбасы» байқауына қатысқан үміткерлердің арасында 474 мұғалімдер әулеті, 456 еңбек отбасы, 390 көпұрпақты отбасы, 327 шығармашылық отбасы, 293 еңбек әулеті, 268 кәсіпкер, 225 спортқа ден қойған отбасы, 63 меценат, 48 ерікті, 21 асырап алушы (патронат) отбасы болыпты. Ол жанұялардың әрбір мүшесі – қала, аудан, ауылдағы ағайынға еңбегімен, азаматтық ісімін үлгі-өнеге көрсетіп, отбасы құндылығын насихаттап жүрген жандар.