Ауыр жағдайға тап болған замандастарына қол ұшын созуға асыққан бүгінгі күннің батырына Мемлекет басшысы «Құрмет» орденін табыстаған болатын. Евгениймен еріктілік, мейірім мен көмек туралы біраз әңгімелескен едік.
– Евгений мырза, сізді Арыстағы жарылыстан кейін халыққа күні-түні тынбай көмек көрсеткен ерікті ретінде танимыз. Өзіңіз жайлы айтып берсеңіз. Қайырымдылықпен қашаннан бастап айналысасыз?
– 2010 жылы 10 қарашада «Арыстан» деп аталатын қайырымдылық қорының негізін қаладым. Содан бері әлеуметтік жағдайы төмен, әсіресе ішімдік, есірткіге тәуелді азаматтардың балаларымен психологтар ұйымымен бірлесе жұмыс істейміз. Қайырымдылық қорымызда жұмысшы жастарға арналған спорттық үйірмелер де бар. Үйірмелерге 27-55 жас аралығындағы азаматтар қатыса алады.
Жалпы, орташа есеппен 100-150 шақты келушіміз бар. Өзім – бокс, футбол, жеңіл атлетика мен ережесіз жекпе-жектен бапкермін. Бәріңізге белгілі, 6 қыркүйекте Мемлекет басшысы «Құрмет» орденімен марапаттады.
– Қор жұмысы қалай басталды?
– 1995 жылыдан бастап айналысамын десе болады. Ең басында екі ғана тәрбиеленушім болатын. Балалардың ата-аналары ішімдікке салынған, ішіп келгенде ұратын. Күндіз базарға ақша табуға жіберетін. Сондай кездерде орталықта қонып, таңертең үйлеріне баратын. Одан 10 балаға, кейін 20-ға жетіп, өсе бердік. Бала саны өскен сайын үлкен орын жалдауға тура келді. Оларға өзім тамақ дайындайтынмын. Аса үлкен таңдау болмаса да, жететін.. 150 балаға жеткенде көмектің де көлемін өсіру керегін түсіндім.
Осылайша, қоғамдық қор өз жұмысын бастады. 2011, 2012 жылдары үздік деп танылдық. Балалардың да жетістігі жаман емес. Араларында облыс, қала чемпиондары көп. Облысымыздың намысын республикалық додаларда қорғап жүргендер де бар.
Ал оңалту жұмыстарына тоқталсақ, 2010 жылы Шахтерлер күнінде ауылдағы мәдениет үйіне бардым. Өз замандастарыммен тілдесіп, құрдастарыммен әңгіме-дүкен құрғым келді. Бірақ олардың қатары тым аз екенін байқадым. Көбі есірткі қолданып, ЖИТС сияқты жұқпалы аурулардан көз жұмған. Сол кезде ауылымда мұндай індет енді болмайды деп сөз бердім. Ең болмағанда саның азайтуға тырыстым.
Әлбетте, әлі де қайғылы оқиғалар болып тұрады. Бірақ бұрынғыдай жыл сайын 30-40 азаматты жоғалтпаймыз. 10 адамның ішінде 6-7 адамнан нәтиже көруге болады. Әрине, бәрі бірдей оңалып, жақсы нәтиже көрсетеді деуге келмейді. Мүлде келмей қоятындар да кездеседі. Салауатты өмір салтын ұстанып, жаман әдеттен бас тартып, үйленіп, балалы болғандар да бар. Көрген сайын алғысын айтып, марқайтып қояды.
Балалардың арасындағы қылмыстың да көрсеткіші төмендеді. Өйткені қылмыс әлеміне деструктивті отбасыдан шыққан балалар жиі тартылады. Оларды спортқа баулып, психологиялық қолдау көрсету арқылы жаманнан қашық қылуға тырысамыз.
– Арысқа бару ойыңызға қалай келді?
– Алдымен әлеуметтік желідегі видеоларды көрдім. Қолдарына балаларын ұстап жүгірген әйелдерді, абдыраған халықты көріп, менің баруым керек деп шештім. Бір сөмке ғана алдым да, вокзалға бардым. Пойыздарда орын, сатылымда билет жоқ екен. Ерікті екенімді, ешқандай орынның қажет емес екенін түсіндіріп, пойызға отырдым.
Балқашқа дейін орын болмады, тамбурда келдім. Содан кейін бір кісінің орны босап, Шымкентке дейін жетіп алдым. Онымен Арысқа баратын жолды жауып тастаған, ол жаққа өткізбейді екен. Мен қалалық әкімдікке барып, мән-жайды түсіндірдім. Жолда эвакуацияланған адамдарды көрдім, олардың барлығын қалаға алып келе жатқан еді. Арысқа жеткенімде, қаланың тас-талқаны шыққан, үйлер құлап қалған, тіпті ішерге су болмады. Мені мешітке орналастырды.
Бір қызығы, жарылыс мешіт жанында болған. Айналасындағы үйлер түгел құлап қалған, ал мешітке аса зақым келмеген. Тек терезелері мен есіктерінің әйнегі сынған. Бірінші кезде жан-жақтан келген гуманитарлық көмекті түнімен бөліп дайындап, күндіз халыққа таратып жүрдім. Ол жақта көпбалалы отбасылар мен зейнеткерлердің көп екенін аңғардым. Олар күтіп қалмасын деп ерте тұрып, қамданып, таң атпастан заттарды үлестіріп отырдым. Содан кейін мешіттегі жұмыстарға атсалыстым.
Арыста күн өте ыстық еді. Жұмысқа кедергі келтірмеуі үшін айналаға су шашып, қасымдағыларға да пайдалы болуға тырыстым. Бір апта өткен соң су берді, дүкендер жұмысын жалғастырды. Содан кейін жеке азаматтарға көмектесе бастадым. Бірі құрылыс жұмыстарына тартса, енді бір жерде жүк түсіруге қолғабыс еттім. Бір топ жігіттермен танысып, солармен бірлесіп жұмыс істедік. Кейін құрылыс қоймасын маған тапсырды.
Бір өзім жұмыс істедім. 5 құрылыс компаниясы зат алып келетін. Ол кезде Арыста 50 үй салынып жатқан-ды. Таңғы 8-ден кешкі 11-ге дейін жұмыс істедік. Түнгі 2-ден 5-ке дейінгі уақытта құрылыс заттарын түсіретін едім. Осылайша, 50 күн де өтті.
– Арыста қандай да бір қиындық кездесті ме?
– Қиындықтарға тоқталсақ, күннің ыстығын айтар едім. Өйткені Шымкент пен Қарағандының климаты мүлде ұқсамайды. Ауа температурасы -50 градусқа дейін баратын. Қоймада жұмыс істегендіктен отыруға уақыт болмайтын, есеп жүргізіп, жүгіріп жүрдім. Бір жақсысы, сондай кезде мұз көмектесті.
Жөндеу жұмыстары кезінде тағы бір жарылыс болды. Біз жұмыс істеп жүрген жерге жақын еді. Қолғабыс кезінде екі граната басып кеттім. Құрылысшыларды ескертіп, тағы бір жарылыстан сақтап қалдым. Сондай жерлерді белгілеп, саперлерді шақырып отырдым. Олар да менің саперлардан кем түспегенімді айтып күлетін.
Мен үшін ең қиыны ыстық болған сияқты, өйткені жақсы тамақтандыратын. Басқа қиыншылық көрмедім. Өзім табиғатымнан қиындыққа төзе білемін. Мен үшін қолайсыздықтың өзі қолайлы. Адамдарға көмектесуге келгендіктен, не ішіп, не жейтінім, қайда тұратыным қызықтырмады. Ең басты мақсатым ауыр жағдайда халыққа көмектесіп, жағдайды тезірек түзеуге атсалысу болды.
– Сол оқиғадан соң не түйдіңіз?
– Түсінгенім, әлемде жақсы адамдар көп. Бәріміз – бір халықпыз. Мұндай оқиғада көп адам өзінің көмекке әзір екенін көрсетті. Саудагерлер де барымен көмектесті, азық-түлікті молынан жіберіп отырды. Жан-жақтан жұмысшылар келді. Құрылыс материалдары да сапалы еді, барлығы жаңа болғанын өз көзіммен көрдім.
Үкімет өте жақсы жұмыс атқарды. Барлық шығын төленіп, орны толтырылды. Сондықтан ауыр жағдайда мемлекет көмекке келетінін түсіндім. Қанша қиын болса да, барлығы күш біріктіріп, 150 пайызға жұмыс істеді.
– Еріктілер деген түсінік Арыстағы оқиғадан кейін қалыптасқандай. Сіздіңше, ерікті деген кім?
– Ерікті болу деген қиындыққа тап болған адамдарға қол ұшын созу. Адамдар өзіңе көмек сұрап келгенде көңілін қайтармау.
– Ал қаһармандар деген кім?
– Отаны мен халқы үшін жанын қиғандар –қаһармандар.
-Сіздіңше, игі іс деген не?
– Адамдар көмек сұрағанда өзіне, отбасыңа кесірі келетінін біле тұра көмектесу – игі іс деп ойлаймын.
– Жақындарыңыз бен достарыңыз бұл идеяңызды қолдады ма?
– Отбасым мені қолдамады. Анам отбасымды тастап кетіп бара жатқаныма ренжіді, әйелім ажырасатынын айтты. Достарым да түсінбеді. Арысқа жеткеннен кейін түсіністік таныта бастады. Ол жақтағы жағдайдан хабардар болған соң, суреттер мен видеоларды көргеннен кейін түсінгендей болды. Бірақ қазір барлығы жақсы.
– Қазір немен айналысасыз?
– Қазіргі таңда есірткі мен ішімдікке тәуелді азаматтарды оңалту, кеңес беру орталығын ашуға тырысып жүрмін. Ауылымның тұрғындары рухани байысын деген ниетпен Ақтас ауылында ақындар клубын, оған қоса жеңіл атлетика үйірмесін аштым. Тәрбиеленушілердің арасында паралимпиадаға қатысушылар да бар. Сценарий жазуды үйреніп жүрмін. Келешекте Қарағанды облысы, жалпы Қазақстан туралы фильм, сериал түсіргім келеді. Аула клубы негізінде бокс үйірмесі де жұмысын бастап кетті.
– Қандай жоспарларыңыз бар?
– Келешекке жоспарыммен бөлісетін болсам, болашақта депутат болғым келеді. Өз ауылымда жаттығу залдарын, стадион, ойын алаңдарын, итпен жүруге арналған арнайы алаңдар ашсам деген ойым бар. Әзірге мақсатым – осы.
– Ал арманыңыз қандай?
– Ең үлкен арманым – елімізде ұлтшылдық болмаса. Зейнеткерлеріміздің жағдайы түзеліп, тауқымет тартпаса, азаматтарымыздың да жалақысы мардымды болса деген тілегім бар. Жалпы, еліме, өміріме көңілім толады.
– Әлемді не құтқарады?
– Әлемді прогресс құтқарады деп ойлаймын. Өйткені машиналарда сезім жоқ. Олар зұлымдық, қулық дегенге бара алмайды. Оған қоса, ең алдымен, апатқа алып келетін қандай да бір адами факторлар болмайды. Машиналар адамдардың өмірін оңайлату, жақсарту үшін жұмыс істейді.
– Сіздің түсінігіңіздегі идеалды әлем қандай?
– Менің әдемі әлемімде адамдар бірін-бірі түсінуге тырысып, сыйлау керегін біледі. Адамзат Жер шарын қорғап, қоршаған ортаны ластамайды. Әлбетте, әр адам бір-бірінің өмірді жақсарту үшін күш салады.
– Адамдар бір-біріне не үшін көмектеседі?
– Адамдар бір-біріне бұл әлемде адамдықты сақтап қалу үшін, өмірді сақтап қалу үшін көмектесуі керек. Көмек болмаса адамзат, жалпы, адамзат түсінігі түгел жойылып кетер еді.