Сұрақ: Отанды сүю ширк пе?
Жауап: Кейінгі уақытта дінге қызығушылық танытқан кейбір жастардың арасында «Отанға деген махаббат бола ма?», «Отанды сүю ширк емес пе?» немесе «Туған ел мен жерге құрмет көрсету дұрыс па?» деген сияқты т.б. сұрақтар жиі көтеріліп жүр. Бұған негіз де бар сияқты. Өйткені ғаламтор желісінде кейбір «псевдошейхтердің» бұрмалап айтқан уағыз-насихаттары бар.
Мысалы, «Мұсылманның жалғыз ғана отаны бар. Бұл оның туып өскен жері, елі, мемлекті емес. Ол – мұсылмандар мекендеген жер. Егер ол мұсылман емес мемлекетте туған болса, онда оған мұсылман мемлекетіне хижрет жасауы (көшу) парыз…», – делінеді.
Әрине, мұнда айтылған мәлімет қате. Біреулер қасақана исламды жамылып, жастарды адастыру мақсатында оларды туған жерлерінен көшіріп, жиһадқа арбауды көздейді. Мұндай бұрмаланған насихатты естіген адам Сирияға көшіп кетпесе де алған ақпаратының қате екенін білмей, «дін исламда туған жерге сүйіспеншілік жоқ екен, менің шын Отаным өзім туылған Қазақстан емес, басқа арабтар мекендеген алыстағы жер екен» деп ойлауы ғажап емес.
Адамдардың ақыл-ойы, қабылдау қабілеті әртүрлі. Осындай айланың құрбаны болған қандастарымыз да білместікпен туған елінен бас тартып, бала-шағаларын ертіп, сол алыс елдерге көшіп те кетті. Ондай қандастарымыз өз қателерін түсініп «Жусан» операциясымен елге қайта оралды.
Отан – сіздің кіндік қаныңыз тамған жеріңіз. Дін ислам отанды сүюге жігерлендіреді. Мысалы, пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккеден Мәдинаға көшуге мәжбүр болған уақытта қаладан шығып бара жатып, арқасына қарап:
– Отаным. Менің отаным, – деп туған жерін қимастықпен айтқан.
Өйткені ол – Отан. Ол кісі сол жерде дүниеге келді. Сол жердің табиғатында өсті, топырағына аунады, суын ішті. Жерін басып, мал бақты. Сол жердің мәдениетінде жасап, халқымен бірге ғұмыр кешті.
Сондықтан да мұсылман халықтары арасында «Отанды сүю – иманнан» деген кеңінен таралған жақсы сөз бар.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ