Ел еңсесін тіктегелі өзіндік тарихы бар айтулы күндер мереке ретінде тойланып келеді. 18 қазан – қоғамдағы тұрақтылық пен рухани келісім күні. Бұл мереке – бірлік пен татулықтықтың тамыры тереңге тартып, сенім мен қуаныш жүрекке беки түсер күн.
Аталмыш мерекенің тарихы 1992 жылдың 18 қазанында Алматыда Бірінші Бүкіләлемдік рухани келісім конгресі өткен күннен бастау алады. Ел болашағына деген сенім жақсылыққа қадам, қиялға қанат бітірері сөзсіз. Сол себепті де асыл Отан аясында ауызбіршілік пен сыйластық орнату бәрінен де қымбат әрі маңызды.
Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Тұрақтылық пен келісім дегеніміз не? Ол отбасылық әл-ауқат, қауіпсіздік, баспана. Бейбітшілік – ол әке мен ана қуанышы, ата-аналар денсаулығы және біздің балаларымыздың бақыты. Бейбітшілік – ол тұрақты жұмыс, жалақы және ертеңгі күнге деген сенім. Бейбітшілік пен тұрақтылық – күн сайынғы еңбекпен қорғап, нығайтуды қажет ететін жалпыхалықтық жетістік», – деген болатын.
Адам жүрексіз өмір сүре алмайтыны секілді, отансыз да өмір сүре алмайды. Демек, «Әрбір ер жүрек, әрбір шыншыл адам өз Отанына абырой әкеледі» деген сөзде шындық бар (Ромен Роллан).
Қазақ халқы тәуелсіздіктің, елдіктің бағасын білген ел. Сонан да болар, Отан туралы айтылған әрбір ұлағатты сөздің мәні терең, санаға сіңімді. «Отаны бірдің – тілегі бір, тілегі бірдің жүрегі бір» деген жақсы сөз бар. Жүзі басқа жүрегі бір, тілі басқа тілегі бір қаншама халықтың бейбіт өмір кешуі үлкен мәртебе!? Тіпті діні басқа болса да, бір Отанның, бір шаңырақтың астында қаншама ұлттар мен ұлыстарды біріктіру, ұлтаралық келісімді сақтау сөзден гөрі істің орындалуын қажет етеді. Оңтайлы жүргізілген жұмыстың нәтижесінде тұрақтылыққа табан тіреген іргелі ел болдық.
Жазушы Мұхтар Әуезов: «Алтын анам, Отаным, сенен аяр жаным жоқ, сенен үркер күшім жоқ – деп ер қайратыңа міндағы, өрге бас», – деп, Отанға қызмет – ерге міндет екенін осы бір сөзімен ұғындырып айтқан. Демек, Отанға қызмет, оның бақытты ғұмыры жолында аянбай еңбек ету, бейбіт өмірдің баянды болуына үлес қосу ұлт пен ұлысқа қарамайды.
Татулық пен рухани келісім қағидаттары әлемдік және дәстүрлі діндердің барлығына тән. Қазақстан 130-дан астам ұлт өкілдері мен әртүрлі дін ұстанушыларға тату өмір сүру үшін үлкен мүмкіндік беріп отыр.
Жалпы дін, тіл, діл атаулары бір-бірімен сабақтас ұғымдар. Оның тілі басқа, діні басқа деп ешкім қоғамнан тыс өмір сүріп жатқан жоқ.
Алла Тағала Құран Кәрімде де: «Біз сендерді бір-бірлеріңді тану үшін ұлттар мен ұлыстар етіп жараттық», «Бір-біріңненсіңдер», – дейді. Ұлттардың жаратылуының өзіндік хикметі бар. Ұлтты сыйлау мен қадірлеу «Отан» ұғымының аясына кіреді. Шынайы мұсылман, жүрегінде иманы бар адам өз ұлтының тарихы мен мәдениетін, дәстүрін құрметтеу арқылы өзге ұлт өкілдерінің де барлық рухани құндылықтарына құрметпен қарай алады.
Өзгенің тыныш өмірін бұзу, зұлымдық көрсету жер бетіндегі үлкен күнәлар қатарына жатады. Адамзатты адамгершілікке, дұрыс өмір сүруге үйреткен барлық пайғамбарлар да біреуді отанынан ажыратып, қысым көрсетуді құп көрмеген. Құранда: «Егер олар сендерден аулақ тұрса, әрі сендермен соғыспаса, тіпті сендермен бейбіт тұруды ұсынса, онда Алла Тағала сендердің оларға шабуыл жасауларыңа ешқандай жол бермеді», – делінген («Ниса» сүресі, 90-аят).
Өмірде адам баласының қымбат екі қазынасы бар: Біріншісі – материалдық байлық, екіншісі – рухани байлық. Біз рухани байлыққа қол жеткізу арқылы рухани тұрғыдан жан-дүниемізді байыта аламыз. Рухы бай, иманы мықты тұлға қай қоғамда да адамгершіліктің үлгісін көрсете алады.
Дініміз исламда ынтымақ пен татулыққа, сүйіспеншілікке бағыттайтын тәрбиелік жол бар. Өзгелерге құрмет көрсету жылы көзқарас пен ізеттілік танытудан басталады.
Құран Кәрім бізге жол нұсқаушы. Онда адамзат баласын бірлік пен ынтымаққа шақыратын аяттар өте көп. «Әли Ғимран» сүресі, 103-аятында: «Барлықтарың Алланың жібіне (дініне) жармасыңдар, сондай-ақ өзара бөлінбеңдер», – деп баяндалған. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.): «Мүміндер кірпіштерден қаланған бір ғимарат іспеттес», – дей келе, дұрыс өмір сүрудің кілті бірлік пен ынтымақта екендігін көрсетеді.
Исламтанушы ғалым Қайрат Құрманбаев: «Ислам дінінің бейбітшілік пен тыныштықты, дінаралық, ұлтаралық татулықты, рухани бірлігімізді, адам құқығының ғасырлар бойғы мұраларын сақтап, нығайтудағы игі әсері ұшан-теңіз. Исламдағы адам құқықтарының бірінші декларациясы деп адамзаттың қолымен жазылған адам құқығының сақталуына негіз болатын құжаттардан он төрт ғасыр бұрын пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.) Мәдина қаласына көшкен кездегі алғаш қабылдаған құжатын, сонымен қатар, оның дүние салуынан бірер ай бұрын Арафат тауында оқыған «қоштасу хұтбасын» айтуға болады. Қасиетті Құран Кәрім барлық адамдардың шығу тегіне, этникалық және ұлттық ерекшеліктеріне қарамастан, Құдайдың және заңның алдында баршаның тең екендігін жариялады. Ондағы: «Ей, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың. Шәксіз Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы» («Хұжұрат» сүресі, 13-аят) деген секілді көптеген аяттарға назар аударар болсақ, бұл ақиқат айқындала түседі».
Қазақ халқы «Су ішкен құдығыңа түкірме!» деп, сол жердің суын ішіп, ауасын жұтып, нанын жеп отырсаң, қылдай қиянат қылма деп қаскөйліктен тыяды. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Шын мәнінде, мүміндер бір-бірімен бауыр, сондықтан бір-біріне ренішті болған бауырларыңды татуластырыңдар. Алладан қорқыңдар»,-деп бұйырады.
Ал пайғамбар (с.ғ.с.) хадисінде: «Сіздер иманға келмейінше, жұмаққа кіре алмайсыздар. Ал бір-бірлеріңізді жақсы көрмейінше, иманға келе алмайсыздар», – деп айтылған. Діни тұрғыдан алғанда өзгеге құрмет көрсету мен жақсы көру сезімі – адамның адамгершілігінен көрініс табады. Бұл айналаңа пайда келтіре алмасаң да, зиян келтірмеу, өз мүддеңнен өзге бауырларыңның мүддесін жоғары ұстау деген ұғымға келеді.
Бірде Айша (р.а.) анамыз Алла Елшісінен (с.ғ.с.): «Уа, Расулалла! Менің екі көршім бар, сыйды соның қайсысына бірінші берейін?» – деп сұрағанда, Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Есігі ең жақын орналасқанына», – деп жауап берген екен. Бұл хадистен өзге ұлт өкілі немесе өзге дін өкілі болғанына қарамастан көршімен тату болу керектігін және қайырымдылық жасау қажеттігін түсінеміз.
Қазір еліміздің әр өңірінде түрлі ұлт өкілдері тұрады. Кей кезде елдің тыныштығын бұзып, арандатуға еретіндердің әрекетін байқауға болады. Бірлікті сақтау мен татулықтың іргесі сөгілмеуіне үлес қосу – әрбірімізге міндет. Себебі, отан бәрімізге ортақ, тыныштық бәрімізге қымбат.
Рас, әр елдің салты басқа. Әр ұлттың рухани құндылықтарына құрмет көрсету – адамгершіліктің алтын қазығы іспеттес. Ел ішіндегі рухани келісім аясында – үлкенді сыйлау, отбасына құрмет, балаларға қамқорлық, татулық, достық, ауызбіршілік секілді ортақ құндылықтар алдыңғы орынға шықты әрі берік орнықты. Елдің татулығы мен бірлігі – қоғамдық тәртіптің түзілуіне үлес қосып келеді. Бұл байлықты қадірлеп, оны ұрпақтан – ұрпаққа аманат ету абыройлы міндет. Еркіндік пен татулықты қадірлей білгенде бұл бақыттың бағасы да арта түспек.
Лайым елімізде әрдайым тыныштық пен татулық салтанат құрсын! Татулық пен рухани келісім мерекесі құтты болсын!
Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ