Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Иеміз қасиетті Құранда: «Сендерге – Аллаға және Ақырет күніне үміт ететіндер әрі Алланы көп еске алғандарға – Алланың Елшісінде көркем өнеге бар» («Ахзаб» сүресі, 21-аят) дегендіктен ардақты Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) әр ісі мен сөзінен өнеге алып, ғибрат іздейміз. Алланың сөзі Құранмен безенудің, оған амал жасаудың шынайы үлгісі – Мұхаммед Пайғамбарымыз ﷺ еді! Аиша анамыз (Ол кісіге Алла разы болсын) бұл туралы «Оның мінезі – Құран еді» деп сипаттағаны белгілі.
Сахаба әйел Һинд ибн Әбу Һала сүйікті Пайғамбарымызды (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) былай сипаттайды: «Ол үздіксіз мұңда, әрдайым ойда жүретін, өмірі тынымсыз кісі еді. Қажетсіз сөйлемейтін, ұзақ үнсіз жүретін, аз сөзбен көп мағыналарды қамтып, артық-кемсіз анық сөйлейтін. Биязы жан еді, дөрекі де, елеусіз де емес-ті. Кішкентай игілікті үлкен санайтын, ештеңені айыптамайтын… Ол әрдайым жылы жүзді, биязы мінезді, жанындағыларға жайлы кісі еді, дөрекі де, қатыгез де емес-ті. Шу көтермейтін, арсыздық жасамайтын, біреуді мінемейтін, шектен тыс қолпаштап мақтамайтын, өзіне ұнамайтынға көз жұма қарайтын және одан қол үзіп кетпейтін. Өзіне қатысты үш нәрседен: көзкөрсін риядан, көп сөйлеуден және өзіне маңызы жоқтан тыйылатын. Адамдарға қатысты да үш нәрседен: біреуді жамандаудан, жазғырудан және айыбын іздеуден тыйылатын…» (Қазы Ғиядтың «әш-Шифа» (1/121-126) және әт-Тирмизидің «Шәмәил» кітаптары).
Ардақты Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) мұсылман адамның бауырына қиянат жасамайтынын, өтірік айтып алдамайтынын жəне масқараламайтынын айтып, мұсылманның ар-намысы, мал-дүниесі жəне қаны мұсылман үшін харам екенін әрдайым ескертіп отырған. Сондай-ақ, Пайғамбарымыз біреудің қателігін көрсе, ешқашан адамдардың көзінше оның айыбын ашпаған, атын айтпаған. Айтарын «кейбір кісілер» деп жалпылама түрде ескерткен. Бір хадисінде: «Ешкім сахабаларым жайлы жағымсыз сөз айтпасын. Өйткені, мен алдарыңа (таза көңілмен) жаман сезімсіз шыққым келеді» (Әбу Дауд жеткізген) – десе, келесі бір жағдайда: «Маған не болған? Кейбір кісілерден осындай нәрсені байқап жүрмін!» – деп, өзін кінәлі сезініп, үмбетіне жүрек тазалығының бір сырын меңзеп кеткен!
Енді осы сырды ашықтап көрейік. Асыл дінімізде айыптарды жария әшкерелеуге тыйым салынады, өйткені: айыптарды жасыру – «жаңылмайтын жақтың, сүрінбейтін тұяқтың болмайтынын» түсіну; «бірін-бірі өкпеге қиса да, өлімге қимайтын» бауырмалдықтың көрінісі. Сондықтан бауырыңның жазалауды қажет етпейтін әрі құл хақысына қатысы жоқ кемшіліктерін жасыру – иман талабы, адамгершілік сорабы. Оның үстіне кемшілігі көп алдында айтылып, айыбы жария болған адам бара-бара қысылу-ұялу сезімінен айырылып, немкеттілікке ұрынуы, тіпті ашынып: ерегесу, жек көру, кекшілдікке бой алдыруы әбден мүмкін. Сөз түйіні Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) мына хадисінде: «Адамдардан айып іздесең, оларды бұзасың» (Бұхари жеткізген). Ал мына хадисте басқаны айыптаудың зардабы тіпті анық баяндалған: «Кімде-кім бауырын (тәубе еткен) күнәсі үшін айыптаса, сол күнәні өзі істемейінше, көз жұмбайды» (Тирмизи жеткізген). Иә, айыптарды жасыру – адамның абыройын сақтау, адамдық қасиетін, асыл өзегін құрметтеу…
Бірде Пайғамбарымызға (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) қарыз берген бір яхуди, қайтару уақыты келмегеніне қарамастан, үй көлеңкесінде отырған Алла Елшісінің ﷺ жағасынан ұстап: «Ей, Мұхаммед, қарызымды қайтар! Мен сендер секілді қарыздарын қайтаруды уайымдамайтын адамдарды көрген емеспін!» деген мағынада дөрекі сөздер айтады. Бұл арсыздыққа куә болған Омар (Ол кісіге Алла разы болсын!) ашуға булығып: «Сен қалайша Алла Елшісіне ﷺ бұлай жасайсың?! Мына сөздеріңді қалай айттың?! Қажет болса, қолымдағы қылышыммен басыңды шабар едім!» – дейді. Сонда Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!): «Ей, Омар, сен одан да маған қарызымды көркем түрде қайтаруға кеңес берсеңші. Ал мына кісіге қарызды дұрыс сұрауды үйретсең болмай ма? Бұл кісіге қарызымды қайтар да, әлгі сөздеріңмен үрейлендіргенің үшін оған қосымша құрма бер», – деген екен. Нәтижесінде бұған таң қалған яһуди Ислам дінін қабылдайды (Тирмизи жеткізген). Расында, қандай ғажап мәміле! Орын алған ыңғайсыз жағдайдың оңтайлы шешілуі үшін «маған қарызымды көркем түрде қайтаруға кеңес берсеңші» деп, салмақты өзіне салып, шешімнің бастауын өзіне бағыттап, жауапкершілік пен жұмсақ мәміленің үлгісін көрсетті!
Сонымен, мән беріп қарасақ: үмбетіне үлгі болған асыл Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) жоғарыда айтылған оқиғадағы мәмілесі мен «Маған не болған?» деген сөзінің астарында керемет тәлім жатыр! Яғни, бұл Сүннетте: «Бауырыңның кемшілігін көріп қалсаң немесе қарым-қатынастағы қателігін байқасаң: оны кінәлаудан аулақ бол; назарды (стрелканы-көрсеткіні) өзіңе бұр: Сенен не қателік кетті? Оның бұлай істеуіне сенің ісің, сөзің немесе ниетің әсер етіп тұрған жоқ па? Өз ішің таза ма? – осы жайлы ойлан! Өйткені: бізден не шығады – Әлемнен (адамнан) сол қайтады! Сол үшін әуелі өзіңді түзе, өз ішіңді тазарт! Сен түзелсең – Әлем түзеледі! Әлем – айна, бауырың да – сенің айнаң, ал айнадан әуелі өзіңді көресің!.. Тіпті ол түзелмесе де (солай көрінсе де), сенің міндетің – Әлем атты Кітаптан (бауырыңнан) тағылым алу, кемелдікке талпыну! Айыптау – оңай, мінеу – оңай, алайда өзгені кінәлағаннан ештеңе өзгермейді, қарым-қатынас түзелмейді. Мықты болсаң: арыңды күзет, мінезіңді түзет, жан-жағыңа жарық шаш! Үш күннен кешікпей татулас, алдымен сәлем бер! Айыпты ғана көріп қоятын әдетің болса – айыпты өзіңнен ізде. Негізі, әркім өзінде барын көреді: қор қорды, зор зорды көреді..» деген ғибрат тұр!
Алла елшісінің (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) батасын алған атақты сахаба Ибн Аббас (Ол кісіге Алла разы болсын!) бір сөзінде: «Достарыңның айыбын айтқың келген кезде, дереу өз айыптарыңды есіңе ал!» – деген екен. Осы арада Шәкәрім Құдайбердіұлының:
Біреудің мінін көргенше,
Қателігін тергенше,
Өз бойыңды тазалап,
Өз ойыңды мазалап, өзіңмен алыс өлгенше! – деген өсиеті мен мына сыр сөзі еске түседі:
«Таза емеc,– деп,– шекпенiң»,
Сыртын көрiп сын тақпа.
Әркiм орар еккенiн,
Өз iшiңдi салмақта.
Ол – не жақсы, не жаман,
Оның жүгi сенде емес.
Десе бiреу: «Мен аман»,
Ол зияннан кенде емес.
Шымылдық артын кiм бiлер,
Шын иесi болмаса.
Соның жолы жөнделер,
Кiмдi сынап оңдаса!
Атам қазақ: «Пышақты ішіңе сал, ауырмаса – кісіге сал!», «Айналаң тобыр болса – өзің де малсың!», «Баланың міні – ата мен ананың міні» дегенде де, осы ақиқатты аңғарып, осы тәлімнен сусындағанын айғақтайды.
«Осы маған не болған?!» деп, өзімізден сұрап жүрейікші, достар. Бұл да – Сүннет…
Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ