Қазақ елі конфессияаралық келісім мен дінаралық диалогті, толеранттық пен зайырлылық қағидаттарын ілгерілетудегі жетістігімен көпке үлгі. Ата заңымыз бойынша кім қандай дінге сенемін десе өз еркі, сондай-ақ дін ұстануға толық еркіндік берілген.
Осынау кеңдік пен келісімнің арқасында Ислам дінін қабылдап жатқан өзге дін өкілдері аз емес. Таяу күндері ел тарихында бұрын-соңды болмаған елеулі оқиға орын алды. Ол – Дмитрий Островский есімді тұңғыш қаридың шығуы. Біз Әбдірахман Алтай деп мұсылманша есім алған бауырымызды әңгімеге тартып, Ислам дініне бет бұруы мен Құран жаттау жолына қатысты сұрап едік.
– Әбдірахман, ең алдымен өзіңіз туралы айтып берсеңіз. Қай жерде дүниеге келдіңіз, қайда оқыдыңыз?
– Мен Шығыс Қазақстан облысының Зырянов қаласында дүниеге келіп, мектепті сол жерде бітірдім. Кейін медреседе білім алып, Құран жаттадым.
– Ислам дінін қашан, қалай қабылдадыңыз?
– 2019 жылы бір іссапарға барғанымда мұсылмандармен бірге жұмыс істедім. Алғаш рет солардан Ислам діні, Құран мен хадис туралы көп мәлімет алып, көп өтпей Ислам дінін қабылдадым.
– Ата-анаңыз, туыстарыңыз бұл шешіміңізді қалай қабылдады?
– Бастапқыда таң қалғаны рас. Дегенмен, кейін келе бәрі де менің бұл шешімімді құптады. Әсіресе әкем исламның дұрыс жол екенін айтады.
– Құранды толық жаттап шығу қиын болды ма?
– Құран жаттамас бұрын алдымен араб әліпбиін үйрендім. Ол кезде күніне бір әріптен жаттайтынмын. 2-3 айдан кейін әліпбиді толық меңгерген соң, біртіндеп Құран үйрене бастадым. Бір күні мешіттегі ұстаз ниетімді байқап, медресеге түсуге шақырды. Бұл кезде мен жарты параны жатқа білетін едім. Сосын медреседе жеделдетілген бағдарламамен Құранды қайтадан басынан үйреніп, екі жарым жылдың ішінде толық жаттап шықтым.
– Исламмен, Құранмен танысқалы бері өміріңізде өзгеріс болды ма?
– Әрине, адам баласы Құранды тереңірек білген сайын өмірдің мән-мағынасын жете түсінеді. Жалпы өмірге деген көзқарасым өзгерді. Ізгі амал жасауға ұмтыла түстім. Мен адамдарға Құранды жиі оқуға кеңес берер едім. Ол иманымызды тереңдетеді. Мұндай өзгерісті ең алғаш жаттауды бастағанда-ақ аңғардым. Арабшаны жақсы білмегендіктен, Құранның аудармасын оқитын кезім еді. Ал қасиетті кітапты толық жаттап, қари болудың орны мүлдем бөлек. Сіз оған бәлкім 2-3 жыл өміріңізді арнарсыз, біраз қиналарсыз, бірақ оның мына дүниедегі әрі кейінгі өмірдегі пайдасы мен сауабы шексіз. Әрқайсымызда сол игілікке кенелетін мүмкіндік бар. Соған талпынуымыз керек.
– Өзіңізге Құранның қай сүресі, қай аяты көбірек ұнайды?
– «Фуссилат» сүресінің 33-аяты жаныма жақын деп айта аламын. Онда: «Алла жолына шақырып ізгі амал жасаған және шын жүректен «мен шынайы мұсылманмын» деп ағынан жарылған адамнан артық, сөзі жақсы кім бар?..» делінген.
– Сізді Қазақстандағы тұңғыш орыс қари деп жатыр. Ал өзге елдерде орыс халқынан қарилар болған ба?
– Менің білуімше, ТМД аймағында орыстан қари шықпаған. Ал жалпы әлемдік тарихта болған-болмағанын айта алмаймын.
– Алдағы жоспарыңызбен бөлісе кетсеңіз?
– Мақсатым – дін ғылымын тереңнен үйреніп, адамдарға үйрету. Қоғамға пайдалы болу.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ