«Православие ближе к исламу, чем к католицизму». 2010 жылы В.Путин осылай деп еді. Мен бұл сөзді – Ресейдегі татар, кавказдықтарға жағыну үшін айтылған деп қабылдадым. Қателесіппін. Путин шын тарихты айтқан екен. Иә, орыстың діні Исламға жақын… Жақыны былай тұрсын, бұрын орыс мұсылман болған!
ОРЫС ЖАУЫНГЕРІ НЕГЕ «МҰСЫЛМАНША» ҚАРУМЕН СОҒЫСҚАН?!
1. Орта ғасырлық орыс сарбаздарының дулығасы. Бұл қару-жарақтар Александр Слабодасы деп аталатын музейде сақтаулы тұр.
2. Патша Алексей Михайловичке арналып соғылған сауыт-сайман. Қару-жарақты Григорий Вятник есімді темір ұстасы соққан.
3. Князь Федор Иванович Мстиславскийдің сауыт-сайманы.
4. Князь Андрей Старицкийдің қанжары.
Жыпырлаған араб жазуын көріп, орыс сауыт-сайманы дегенге сенбей отырған шығарсыз?! Алғаншында, мен де таңырқап біраз уақыт тұрғанмын. Жоқ. Орыс қаруы. Ернеуіне: ұста пәленше түгеншеевтің соққан қаруы деген жазулар түскен. Жақсылап қарадым, қару – тек орыс ұлтына ғана тән оюмен безендірілген.
Бұл бер жағы. Орыстың ұлы патшасы Иван Зұлымның (Грозный) дулығасына қараңызшы. Дәл маңдайына: Аллаһ және Мұхаммед деген жазу тұр.
5. Иван Грозныйдың дулығасы
Ал патша дулығасы туралы айтып қалдық қой. Келесі бас киім де, патшаға тиеселі. Бұл жарақты темірді қамырдай илеген, өз заманында аты алыс-жақын елдерге танылған ұста Никита Давыдов соққан. Дулығаның тас төбесін айналдыра арабша жазыпты. Басқа емес, Құраннан алынған сөздер: “уа башириль му’минин” деген жазулар қашалған. Бұл: «Әй, Мұхаммед. Иман келтіргендерді қуант» – деп келетін Бақара сүресінің 223-ші аятынан үзінді.
Ал келесі фотода, Кремль музейінде сақтаулы тұрған Александр Невскийдің дулығасы. Бұл қорғаныс жарағында да, Құран аяттары жүр. Нақтырақ айтсақ; «Алла жақтан бір көмек және жақында бір жеңіс болады. Мүміндерді қуандыр»,-деп келетін сафф сүресі, 13-ші аят жазылыпты.
Александр Невскийдің дулығасы
Мәселен, орта ғасырлық сарбаз христиан болса, ол қалқанына крестті таңбалап, сауыт-сайманына латынша дұғаларды жазып алады. Ал мұсылман жауынгер қару-жарағын Құран аяттарымен көркемдейді. Ал орыс жауынгері саймандарын қалай, қай тілде безендіру керек? Қисынға салсақ, бұл жұрт христиандықты тұтынады. Тиісінше грек-кирилл әрпінде құлшылық сөзін жазуы керек еді. Қызығы сол, орыстың қару-жарағы түгелдей мұсылманша дұға-тілекпен безендіріліпті. Неге?
Осы сұрақты музей қызметкерлеріне қойып көргенбіз. Олар бастарын қиқаң еткізді.
Жауап ала алмағасын, орыстың мүйізі қарағайдай тарихшыларын сөзге тарттық. Олардың айтқаны: – Мұсылманша дұғалар жазылған қылыштар, дулығалар Түркия, Персия секілді елдерде соғылған. Сол мемлекеттің басшылары бұл қаруларды орыс патшаларына сыйлық ретінде берген. Ал қайсібір сауыт-саймандар соғыс олжасы ретінде алынған. Ол замандарда «шығыстық стильдегі» қарулар, отандық нұсқаларға қарағанда әдемі әрі берік болатын.
Қызық жауап! Бірақ, әлгі «мұсылманша» безендірілген қарулардың 90 пайызын орыс ұсталары соққан емес пе? Мәселен Грозныйдың телпегі Никита Давыдов есімді ұстаның қолынан шыққан. Ол бұл сауыт-сайманды басқа емес, дәл Мәскеудің қақ төріндегі Оружейный палатада жасаған.
Орыс ғалымдары осы арада қарсы уәж айтқан болады: «Шығыс стиліндегі» қару-жарақ әдемі болатын. Орыс ұсталары сол мұсылман әріптестеріне қатты еліктеген. Арабша жазулардың не мағына беретінін білместен көшіре берген.
ҚҰРАН АЯТТАРЫН ӘДЕМІ ЖАЗУ ДЕП КӨШІРГЕН БЕ ӘЛДЕ ОРЫСТАР ҚҰРАНҒА ИЛАНҒАН БА?!
Тарихшылардың сөзіне сенсек,орыстың ұсталары Құран аяттарын әдемі ою-өрнек екен деп ойлап қалған. Содан айна-қатесіз көшіріп отырған. Орыс патшаларының дулыға, сауыттарындағы арабша жазудың бар сыры осы,-дейді. Стоп. Мақұл, аяттарды не мағына берерін білместен көшірді делік. Бірақ, қалай ғана араб тілінің заңдылықтарын білмейтін адам, күрделі дұғаларды жазғанда бірде-бір қате жібермеген?
Тағы бір сұрақ. Алтын орданың ресми діні Ислам болды. 3 ғасыр бойы өздерін билеп-төстеп келген мұсылман ордалықтардың әліпбиін орыстар мүлдем танымады, деген қай қисынға сияды?! Дұрысы, орыстар, оның ішінде өз заманына сай озық білім алған ұста-шеберлер мұсылманша хат таныған. Оқи алған.
Бір түсінбейтінім, өмір бақи Алтын орда езгісінен құтылмаққа тырысқан орыс патшалары неге сол ордалықтардың «дұғаларын» сауыт-саймандарына көркемдеп жазып алған екен? Логикаға салсақ, бір дін иелері екінші бір діннің өкілдерімен соғысып жатқанда, өздерінің наным-сенімдерін айшықтап көрсетуге тырысады. АСПАН ПАТШАЛЫҒЫ дейтін фильмі есіңізде ме? Дәл сол кинодағыдай, орыс патшалары Иссустың суретін, христиан тілектерін жазып шығуы керек! Жоқ, олар Құран сөздерімен безендірілген жарақтармен жорыққа шығыпты…
Мұнан шығатын қорытынды – біреу. Орыстар мұсылман болған. Бұл сөзімізге бірнеше дәлел әкелсек.
Василий ІІІ-нің кезінде соғылған тиындар. Э.К.Гуттена-Чанектің «Удельные, великокняжеские и царские монеты Древней Руси» атты кітабынан алынған сурет
Бұл теңгелер Владимир-Суздаль жерлерінен табылған. Бірінші тиынның негізгі бетіне: Ұлы Князь Василий деп, ал артқы бетіне: ЛЯ ИЛЯХА ИЛЯЛЛАХ – деген кәлима-шахада жазылған.
Бірден ескертейін, бұл теңгелер орыстың Алтын орда езгісінен біржолата құтылған жылдары соғылған. Орыстар мұсылман болған дегенге, бұл фактілер аздық етсе, тағы да бірнеше деректі назарыңызға ұсынайық.
ОРЫС ПАТШАЛАРЫ ӨЗДЕРІН: ХАЛИФ ДЕП АТАЙТЫН БОЛҒАН
Ресейде елшілік қызмет атқарған Австрия дипломаты Сигизмунд Герберштейн (1486 — 1566 ж.) өзінің гравюрасында орыс патшасы Василий үшіншінің бет-әлпеті мен киім киісін былай бейнелеген.
Василий III принимает послов.
Орыс тарихында ұлы тұлға ретінде дәріптелетін Иван Калита есімді патша барын білесіз. Иваны түсінікті. Ал Калита дегеніміз не? Сол заманғы славян текстерінде бұған қатысты былай депті: «Они (латындар) того Папу чтут, что мы Калиту». Яғни, католиктер үшін Рим папасы қандай болса, орыстар үшін де калитаның маңызы сондай болған. Ал, «калита»-бұл арабтың «Халиф» деген сөзі. Сонда Иван Калита орыс мұсылмандардың билеушісі болған ба? Бір ескеретін дүние. Халиф қалай калит болып кетті дейсіз ғой? Көне орыс тілінде «Ф», «Х», «В» дыбысы болмаған. Сол заманның иннерциясымен ғой, орыстар «вивлиофика» (грекше: βιβλιοθήκη) деп оқылуы керек сөзді «библиотека» деп айтып жүр.
Патша мұсылман. Оған бағынатын жұрт мұсылман. Олай болса, XIV–XV ғасырлардағы орыс әскерінің сауыт-сайманы, теңгесі Құранмен көмкерілуі де заңды құбылыс.
Сигизмунд Гербштейннің гравюрасын көрсетіппін де, түсіндіруді ұмытып кеттіпін ғой. Неміс елшісі Василий ІІІ-мен бірнеше рет жолыққан. Ол күнделікті өмірде осындай киіммен жүретін дейді. Қараңыз үстінде шапан, басында сәлде. Айтпақшы, сәлдемен орыстың атышулы қарақшысы Степан Разинде жүрген.
Степан Разиннің портреті. Обратите внимание на его головной убор — 1670 жылдары салынған сурет. Степанның бас киіміне қараңыз, кәдімгі молдалар тағатын сәлде.
Киім туралы айттық қой. XVI ғасырда өмір сүрген «Хафт Иклим» кітабының авторы орыстар туралы былай деп өкпеге толы пікір білдіріпті: «Олар исламның киімін киеді, бірақ шошқа етіне әуес». Орыстардың шошқа етін жейтініне автор жағасын ұстаған!
ИСЛАМНЫҢ БАСҚА БАҒЫТЫН ҰСТАҒАН
Орыстың шошқа етіне әуестігі – сонау жәһилет заманынан қалып қойған жаман әдеті болса керек. Исламның басқа бағытын ұстанды дегенде, мен мұны айтайын дегенім жоқ.
Афанасий Никитин деген атақты орыс саяхатшысы бар. 15-ші ғасырда, Тұран даласын басып өтіп, Үндістан, Қытайда болған. Сол сапарында «Хожение за три моря» дейтін кітап жазыпты. Орыс тарихшылары осы еңбекті жағып жіберуге талай рет оқталған. Өзі үш бөлімнен тұратын кітап еді. Оның алғашқы екі томы жоқ. Жоғалып кеткен… Тек тарихшы емес, шіркеуде кезінде бұл кітапқа қатты шүйліккен еді. Неге? Афанасий бұл кітапта – орыстың сол кездегі дінін анық суреттейді. Ең соңғы парағынан мысал келтірейінші:
«Милостию же божиею преидохъ же три моря; Олло перводигирь доно, аминь; смилна рахмам рагымъ, Олло акберь, акши худо илелло акши ходо, иса руход ааликсоломъ; Олло акберь аилягяила иллелло, Олло перводигерь ахамду лилло шукуръ худо афатадъ; бисмилна гирархмамъ ррагымъ. Гирь помоги рабу своему»
Афанасий Никитиннің бұл кітабын тарихшылар мен шіркеу поптары не үшін жек көретінін ұққан боларсыз? Иә, кітап иесі Құранның аяттарын аямай қолданыпты. Ең қызығы бұл емес. Жақсылап оқысаңыз, Никтин мырза: «Иса рухолло» = «Иса Аллаһтың үрлеген рухы» деген сөзді бірнеше рет қайталайды. Бұл Афанасийдің жерлестері – Исаны Құдай емес, пайғамбар ретінде мойындады деген сөз. Өкініштісі – орыс жұрты Лә иллаһа илла Аллаһ,-деумен шектеліпті. Алла жалғыз, ал Иса Алланың пайғамбары десек болды, жетеді деп біліпті. Жоқ, Мұхаммедті пайғамбар деп санаған. Тек, Исаға көңілі алабөтен болғанға ұқсайды. Ирандықтардың Алиді қатты жақсы көретіні секілді. Кім біледі, егер Ресей билігіне Романовтар әулеті келмегенде, Ислам үлкен үш тармаққа бөлінген болар ма еді? Араб пен түріклер Сүннетті ұстанып, Парсылар – шиғалықты құп көріп, ал славян жұрты – Исламдық Православиені тұтынар ма еді?! Тағдыр дейді мұны. Не керек, «ұлы бұлғақ» жылдардан соң, орысқа Романовтар әулеті патша болады. 1666 жылы Романовтар Болгариялық ортодоксальды христиандықты ұстанатындарды шақырып, дін саласында төңкеріс ұйымдастырады.Осы реформадан кейін, бұрыңғы сенімдегі адамдардың барлығы қудалауға ұшырайды. Көнбегендерді атып-асады. Осылай көпшілікке жаңа дінді күштеп мойындатады. Бұған келіспегендері орман-тоғайларды паналап, тарыдай шашырап кетеді. Солардың бірі староверлер. Дәл қазіргі староверлер қатты христиандыққа ұрынған. Ал ертеректегі осы діни топтың ерекшеліктерін суреттеген кітаптарда мынадай жолдар бар: Мұсылмандар сияқты, староверларда құлшылықтың алдында жуынған. Су болмай қалса, топырақпен тазаланған. Ал сақалды қыруды олар үлкен күнә санапты. Егер староверлердің үйіне православ не католиктерден біреу келсе, олар кетіп қалған соң, артынан тамақ ішкен ыдыстарын лақтырып жіберген. Арамдап кетті деп ойлаған.
Пи/Си: Иә, қалай десек те, Путин айтқандай: Православиеге католиктік сенімнен гөрі Ислам етене жақын.
Нұрбек Бекбау