Бұл кездесу студенттерге қызықты әрі жаңа ойларға себеп болғаны рас. Елімізге танымал медиамаман, контентмейкер, саяхатшы, яғни қазіргі заман талабына сай маман әрі жан-жақты тұлғамен сұхбат болашақ исламтанушы, дін мамандарын «әп» дегененен үйіріп әкетті.
Өзінің еңбек жолы мен өмір тәжірибесіне сай қоғаммен байланыс төңірегінде сөз бастаған Өркен Кенжебектің әсіресе әлем елдерінің дамуы мен өмірлік ұстанымдары жайлы сұхбаты тыңдаушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Саяхатшы журналист Еуропа, араб елдерімен қатар, Шығыс Азия елдеріндегі көргені, халықтардың мәдениеті мен ұстанымдары жайлы айта келе, Малайзияның ислам дінін ұстану үрдісіне ерекше тоқталды.
Сондай-ақ еліміздегі діни ахуал мен діни жамағаттарға қатысты журналистік тәжірибесінен ақыл-кеңес айта келе студенттерге прагматизмді дамытып, геосаясаттан білімді болумен қатар, діни радикализмге тосқауыл жолдарына зер салуға кеңес берді.
– Бүкіл әлем соңғы 30 жылда жылдам әрі күрт өзгеріске ұшырады. Ғасырлар бойы қалыптасқан құндылықтар мен көзқарастар алмасты. Бұл біздің елімізде де анық байқалады. Сондықтан дін маманы ретінде кез келген жамағат, либералды орталармен де диалогқа түсе білу білімді қажет етеді. Ал шеберлік пен даналық тәжірибе арқылы қалыптасады. Сондықтан ауыз дұға-тілекте, қолдарыңыз тірлікте болсын, – деген Өркен Кенжебекке жастардың қояр сауалы аз емес екен.
Студенттер қазіргі дінге қарсы шабуылдар мен шетін көзқарастарға қатысты, өзге елдердегі озық ұстанымдар, әлеуметтік желідегі бағыт-бағдар жайлы сауалдарын қойып, жауаптарын алды.
Кездесу соңында НМУ Тәрбие істері және әлеуметтік даму департаментінің директоры Мақсат Байзақ мәртебелі мейманға алғысын білдіріп, қазақы сыйкәде жасады. Студенттер де естелік суретке түсіп, салиқалы сұхбат үшін ризалықтарын жаудырды.
«Нұр-Мүбарак» университетінің баспасөз қызметі