Сұрақ: Қазір шәууәл айы. Көп адамдар Рамазаннан кейін 6 күн оразаларын ұстап жатыр. Ораза ұстаған адам ораза емес адаммен бірге отырса, ораза бұзыла ма?
Жауап: Әрбір құлшылықтың дұрыс орындалуын қамтамасыз ететін немесе бұзатын шарттары бар. Егер белгілі құлшылыққа қатысты сақталуы тиіс шарттар орындалмаса, онда құлшылық бұзылады. Сол сияқты оразаны бұзатын және бұзбайтын амалдар бар.
Оразаны бұзатын амалдарды оразаның «муфсидтері» деп атайды. Мысалы, ораза адамның тамақ жеп қоюы, су жұтып қоюы, ағзаға күш-қуат беретін түрлі дәрумендер қабылдау, насыбай ату, темекі шегу сияқты т.б.
Осындай оразаны бұзатын амалдардың ішінде «оразасыз адамның қасында отыру оразаны бұзады» деген шарт жоқ. Ораза ұстаған адамның оразасына ораза ұстамаған адамның зияны тимейді. Мұндай пікір білместіктен туады, олай ойлау қате.
Керісінше мұсылман адам өмірде, қоғамда белсенді болуы тиіс. Қоғамда діні, сенімі немесе ұстанымы әртүрлі адам өмір сүреді. Мұсылман адам олардың барлығымен қарым-қатынас жасау мәжбүрінде.
Бұған қоса, ораза ұстаған адам дүкенші, дәрігер, мұғалім, сантехник, инженер, көлік жүргізушісі, құрылысшы және т.б. мамандық иесі болуы мүмкін. Ол барлық адамдармен араласады. Өйткені дін адамдармен достыққа, жақсы қарым-қатынаста болуға және басқаларға жақсылық жасауға шақырады.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ