Сұрақ: Оразамның қабыл болғанын қайдан білемін?
Жауап: Имам Сануси Хақ-Тағаламен дәйім рухани байланысын арттыруға тырысатын дегдар жан еді. Бір сәт пенделік ойға берілсе, Жаббар-Хақтың бақылап тұрғанын сезіп, ұялғанынан жердің тесігіне кіріп кетуге шақ қалатын. Ол Ұлы Жаратушының қаһарынан қатты сескенетін әрі Хаққа ынты-шынтымен берілген асқан тақуа жан еді. Тақуа болғандығы соншалықты, күнә іс жасамаса да, күнара Алланың разылығы үшін ауыз бекітетін.
Жұпыны өміріне ынсаппен қарап, ешкімнің мүлкіне қызығып та, қызғанып та қарамайтын және ешкімге алақанын жаймайтын.
Ауыз бекіткен күндері: «Ораза тұтқансың да?» – деп сұраған жанға: «Не айтарымды білмеймін. Ауыз бекіттім деп те, ауыз бекітпедім деп те айта алмаймын» деп қобалжып жауап беретін. Ауыз бекіткендіктен, «бекітпедім» деп жалған сөз айта алмайтын. Бірақ, «тұтқан оразам қабыл болды ма, қабыл болмады ма?» деп күдіктеніп, «ауыз бекіттім» деп нық сеніммен айта алмайтын. «Сонда, сен не істеп, не қойғаныңды білмейсін бе?» деп дүрсе қоя бергендерге, үнсіз ғана жымиып қоя салатын.
Мұхан Исахан
Бұл сұрақ көптің көкейінде жүрген еді. Осылай анықтап жауап бергеніңізге көп рахмет, Мұхан мырза