Ораза тұту бізге және бізден бұрынғы барлық үмбеттерге де Аллаһ тағала тарапынан парыз етілген ғибадаттардың бірі. Көп адамдар оразаның денсаулыққа кері әсері бар деген жаңсақ пікірмен оның пайдасын жете түсіне бермейді.
Ораза – рухани әрі медициналық диета болып табылады. Алла тағала ораза тұтуды күнә мен қателіктен аман болуымыз үшін имани тақуалыққа жетуіміз және көптеген рухани және тәндік сырқат пен аурулардан сақтануымыз үшін әмір еткен.
Қасиетті Құранның Бақара сүресінде бұл туралы: «Білсеңдер сендер үшін ораза ұстауларың тағы жақсы»,–дейді. Ал, Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): Әбу Сағид әл-Худри арқылы жеткен хабарда: “Кімде-кім Аллаһ жолында бір күн ораза ұстаса, Аллаһ оның жүзін тозақтан жетпіс жылға алыстатады”, деген. (Бұхари, Муслим). Сонымен бірге Аллаһтың елшісі (с.а.у.) былай дейді: «Кімде-кім ораза тұтып жүріп қайтыс болса, Жәннатқа кіреді» деген. Демек, ораза – бізді дүниеде де жақсылыққа жетелеп, жамандықтан сақтайтын, ақыретте жәһаннам отынан қорғап жұмаққа жетелейтін ұлы ғибадат.
Осы теңдессіз ғибадатты орындауда адамдар үш түрлі топқа бөлінеді екен. Яғни, біздерге белгілі ораза үш түрлі деңгейде ұсталады. Жалпылама ораза, яғни ораза тұтудың қыр-сырын толық деңгейде түсінбей, тек бір жақты ғана түсініп оразаны тек қана жеп-ішу мен жақындасудан тыйылса болғаны деп тұтылатын ораза. Әрине, бұл өз деңгейінде тұтылмаған, толық болмаған кемшін болған ораза. Арнайы кісілердің оразасы, яғни оразаның терең сырларын жан-жақты түсіне отырып, жеткілікті біліммен ұсталған ораза. Себебі ораза тек қана жеп-ішуден ғана тыйылу емес, бәлкім басқа да ағзаларымызды көзді, құлақты, тілді және басқа да дене мүшелерін жаман-зиянды құлықтардан, күнә болатын істерден тыя білу. Айрықша түрде (ең жоғары деңгейде) ұсталатын ораза. Әрине бұл Құранда мақтауға ие болған пайғамбарлар, шыншыл және Аллаға ерекше жақын болған кісілердің дәрежесіндегілердің оразасы. Тәнін әртүрлі күнә болатын істерден тыю былай тұрсын, жүрегімен Аллаға байланған кісілердің, яғни тек қана Ұлы Жаратушыға ғана ойын, ықыласын арнап, дүниеуи ойлардан өзін тыйа білген кісілер. Осы үш түрлі деңгейде ұсталған оразаның ішінде әрбір мұсылман баласының шамасы жететін әрі, екі дүниесіне орасан зор пайдалы болатыны ол – екінші түрі – «Арнайы кісілердің оразасы», яғни оразаның терең сырларын жан-жақты түсіне отырып, жеткілікті біліммен ұсталған ораза. Олай болса мүмкіншіліктерге толы болған Рамазан айының оразасын Ұлы Жаратушымыз біздерден разы болып, жақсы көретін деңгейде тұтып екі дүниеде де бақыты мен берекесіне кенелген пенделерінің сапында еткен болғай!
Т.Керімбаев
Қарабалық ауданы «Ғашура ана» мешітінің имамы
сәлеметсіз бе. Автор, айтыңызшы, намаз оқымайтын жанға ораза ұстаса бола ма?