Қасиетті Рамазан айын күллі мұсылман қауымы үлкен қуанышпен күтетіні рас. Себебі ауыз бекіту рухани ғана емес, адам денсаулығына тигізер әсері зор. Ораза ұстау пайдалы. Бұны медицина саласының мамандары да дәлелдеп келеді.
Оразаның бірінші күні ауыз бекіткен жандар үшін көбіне ауыр болып келеді. Себебі қан қысымы төмендеп, жүрек соғысы бәсеңдейді. Сондықтан әлсіздік пайда болып, тазаланудың алғашқы күндері ауыз бекіткендерге оңайшылық тудырмайды.
Медицина мамандары бас ауру, жүрек айну, ауыздан жаман иіс шығу, тілдің ауырланып ісінуі тазаланудың бірінші кезеңінің белгілері дейді. Осы кезеңде аштық та қатты сезіле бастайды. Адам қарны ашқан кезде әлсіз жасушалар өздігінен жойылып, аштыққа қарсы тұру үшін ішкі ағзалар белсенділігі артады. Сол кезде жасушалар жаңарып, ескісі жойылып отырады екен.
Медицина мамандарының айтуынша, ораза ұстаудың тағы бір пайдасы қант дибетін алдын алады. Себебі ауыз бекіту қандағы қант үлесін барынша төмен мөлшерге түсіруге үлкен септігін тигізеді. Себебі ораза тұтқан кезде адамның ұйқы безі демалады. Онан қантты крахмалды заттар мен майларға айналдыратын инсулин бөлінеді. Қазірдің өзінде әлемнің біршама жерінде қант диабетіне шалдыққандарды ораза тұтуға шақырады. Дертті емдеу үстінде пациент үш апта бойы күніне 10 сағат пен 20 сағат арасында ауыз бекітеді. Одан кейін ауыз ашқан кезде жеңіл тамақтармен қоректенеді. Бұл химиялық дәрі-дәрмектерді қолданбай қант ауруын емдеудегі өте ұтымды жол екенін медицина бұл күнге дейін дәлелдеп қойған.
Бүгінде көптеген жандардың артық салмақтан арылу үшін ораза ұстап жүргенін байқауға болады. Расында бұл жағынан да оразаның тигізер көмегі жоқ емес. Егер ораза ұстаушы ауыз ашқаннан кейін тамақ мөлшеріне шектеу қойып, дұрыс режиммен жүрсе, бойдағы артық салмақтан арыла алады.
Мамандар ауыз бекітудің ендігі бір пайдасы тері ауруларымен күресудегі әсері дейді. Өйткені ораза тұтқан кезде қандағы және терідегі су құрамы да кемиді. Бұл терінің қуаттылығын арттырып, зиянды микробтар мен бактерияларға қарсы тұруға көмектеседі. Сондай-ақ қышыма ауруының адам денесіне әрі қарай таралуын тоқтатып, терінің майлануы мен аллергиядан жазылуға да оң әсерін береді екен.
Көптеген ғалымдардың айтуынша, ауыз бекіту арқылы денедегі май құрамы азаюмен қатар, холестерин мөлшері де бәсеңдей түседі. Бұл дегеніміз қанның қоюлануының алдын алады. Сонымен қатар сіздің ағзаңыз пайдаланып жүрген түрлі химиялық қоспалар бар тағамдардың басым көпшілігі улы заттарға толы. Ал ораза уақытында сіз осы улы заттардан арыла отырып, жасулар жаңарып, жаңа қуат пен күш алатын боласыз.
Француз биологы, ішкі ағзалар бойынша білікті дәрігер болған, Нобель сыйлығының лауреаты Алексис Каррель өзінің «Белгісіз адам» деген еңбегінде оразаның пайдасы туралы жазған.
– Адамдар барлық ғасырларда ораза тұтқан. Сондай-ақ барлық діндер тамақ-судан тыйылып ауыз бекітуге шақырып келген. Адам ауыз бекіткенде ең бірінші аштық, одан әлсіздік сезінеді. Кейде осының әсерінен адам қобалжуы да мүмкін. Бұл сыртқы болып жатқан жағдайлар, бірақ ішкі организмде құбылыстар бұған қарағанда маңыздырақ. Осы сәтте бүйректегі қант қимылдайды, онымен бірге терінің астында сақталған майлар да қимылдап ериді. Ішкі ағзалар мен жүрек бір қалыпты жұмыс істеуі үшін барлық организм өзіндегі сақталған қордан қажетті энергия жұмсай бастайды. Бұл – болашақта адам организмінің жақсы жұмыс істеуімен қамтамасыз етеді-, дейді зерттеуші биолог.
Жалпы ораза ұстау – ас қорыту жүйесінің демалуына мүмкіндік береді. Бірақ бір ескерте кететіні ауыз бекіткен кезде асқазан қышқылдық бөлуді тоқтатпайды. Яғни асқазанында жарасы бар адам ораза тұту кезінде абай болуы қажет.
Дегенмен ораза ұстаудың басты себебі – бес парыздың бірін орындау, рухани тазалану, кейін – тәннің тазалануы.
Балжан ӘБДІРАШ