Сұрақ: Рамазан айында науқастанып қалғандықтан ұстап жүрген оразамды уақытша тоқтатып, аузымды ашып жібердім. Ораза ұстамаған осы күндерімде тарауық намазын да тоқтата тұруым қажет па?
Жауап: Тарауық намазы – Рамазан айының негізгі ғибадаттарының бірі. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Кім рамазан айында (тарауық) намазын иманмен, сауабын Алладан күтіп оқыса, оның өткен күнәлары кешіріледі» деген (Бухари).
Тағы бір хадисінде Алла Елшісі (с.а.с.): «Алла тағала рамазан айында ораза ұстауды парыз қылды. Мен сендерге рамазанның кештерінде намаз оқуды (тарауық намазын) сүннет еттім. Кімде-кім рамазан айында Алла тағалаға шын көңілмен иман еткен күйде қарымын тек Алла Тағаладан ғана күтіп, ораза ұстап, (тарауық) намазын оқыса, анасынан жаңа туылғандай күнәлары кешіріледі» деген (Нәсаи).
Ханифа мәзһабы бойынша тарауық намазының үкімі сүннәт мүәккада, яғни бекітілген сүннет болып табылады. Сондықтан тарауық намазын оқу мұсылман әйел мен еркекке бекітілген сүннет.
Сондай-ақ, тарауық намазы рамазан айының сүннеті болып табылады. Сондықтан ораза ұстасын немесе ұстамасын, әрбір мұсылманға тарауық намазын оқу сүннет үкімінде бекітілген.
Алау Әділбаев