Араб тіліндегі, «Қамари» сөзі аспандағы айды білдіреді. Ислам дінінде құлшылық айлары Қамари есебімен есептеледі.
Қазақ халқының аспандағы айға қарап жыл мезгілдерін, айлардың ауысу кезеңдерін анықтау жолы – осы Қамари есебі, ескіше деп те айтылады. Ал, миләди – қазіргі күнмен есептеу жолы. Миләди есебі бойынша, қазір 2019 жыл мамыр айындамыз.
Рамазан оразасын ұстау үшін неліктен қазіргі миләди есебіне жүгініп, жылдың бір уақытын белгілеп қоймаймыз? Қамари есебімен неге жүреміз? – деген сұрақ туындап жатады. Осы төңірегінде жауап іздестіріп көрелік.
Өзімізге мәлім болғандай әр жылы рамазан айының уақыты он күн алдыға жылжып отырады. Сөйтіп, рамазан айы кей жылдары қыстың қысқа күндеріне тура келсе, кей жылдары шіліңгір жаздың ұзақ күндеріне тура келеді. Яғни, жер шарының әрбір елінде жылдың уақыты ұзарып-қысқарып тұратындықтан, рамазан айы жылдың кез-келген уақытында болады деген сөз. Бір мұсылман бәлиғат жасына жеткен күннен бастап шамамен 30 жыл ораза ұстайтын болса, жалдық барлық кезінде ораза ұстап шығады. Міне, бұл Ислам дінінде құлшылық уақыттарының өзі әділдік принциптерге сай бекітілгенін көрсетеді. Тек рамазан айы ғана емес қажылық уақытының да ауысып келуі, тіпті, күніне оқитын бес уақыт намаздың өзі күннің бес мезгілінде орындалуы Иләһи әділдіктің көрінісі болып табылады.
Егер рамазан айының уақытын миләди жыл есебі негізіндегі қаңтар немесе маусым айы сияқты жылдың бір айына белгіленсе, онда адамдар тарапынан шағымдар түсе бастайтын еді. Себебі, қаңтар айы ыстық климаттық белдеуде өмір сүрген адамдар үшін ыңғайлы уақыт болғанымен суық климаттық елді-мекенде өмір сүрген адамдар үшін қиындық тудыруы мүмкін. Егер ораза уақыты жаз айының біріне белгіленсе, тура сондай енді біреулер тарапынан шағымдану түсері анық. Ал, ораза уақыты қамария есебімен жүргенде рамазан айының уақыты өзгеріп тұрады. Жер шарындағы әр халық жылдың әр мезгілінде ораза ұстап отыратындықтан, «оразаны мына уақытта ұстасақ жақсы болар еді» деген секілді Алланың әміріне, Құран үкіміне қарсы шағымдану болмайды. Өз кезегінде, бұл мұсылмандардың діни әмірлерге болған ықыласын арттырып, ауыз бірлігін күшейтуге ықпал ететін басты фактор болмақ!
Самет Оқанұлы,
исламтанушы