Сұрақ: Парсы тіліндегі «Ораза» сөзі Рамазандағы ауыз бекітуді білдіре ме?
Жауап: Біздің тілімізде ауыз бекіту ретінде қолданатын «ораза» сөзі парсы сөзінен енген. Парсыша «руза» сөзі «әрбір күн» деген мағынаға саяды. «Рамадан» термині – арабшадағы «рамда» сөзінен шыққан. «Рамда» – сөзінің этимологиясы «қатты ыстық» немесе «күннің нұрына қатты ысыған тас» деген сөзден бастау алады. Терминдік мағынасына келер болсақ, «рамадан» – «қатты ыстық түскен кездегі ай» деген мағынаны білдіреді.
«Ораза» сөзі арабшада «саум» деп айтылады. «Саум» деп – харам нәрседен алшақ тұруды, ауыз бекітушінің өз-өзін тиып, қатаң бақылауда ұстауын айтамыз.
«Саум» деп кәмілет жасына толған, ақыл-есі сау мұсылманның таң құлан иектеніп атқаннан (ақ пен қара жіптің түсі айырылатын мезгіл) күн ұясына батып, ымырт түскенге дейінгі аралықта ас-ауқатты ішіп-жеуден және тәндік ләззаттан (жыныстық қатынас) тиылуын айтамыз. Яғни, «саум» – Алла тағаланың разылығы үшін таң атқаннан кеш батқанға дейінгі аралықта ауыз бекітіп, шариғат харам деп таныған нәрседен бойды аулақ ұстау болып табылады.
Парсы тіліндегі «руза» мен араб тіліндегі «саумның» этимологиясы әртүрлі болғанымен, екі сөздің шариғи мағынасы бір-бірімен шендес. Түркі халықтары парсылармен қоңсы отырып, олармен тығыз қарым-қатынас жасағандықтан, Рамазан айындағы ауыз бекіту дәстүрі бізге парсы тіліндегі «ораза» деген сөзбен енген. Яғни, «ораза» мен «саумның» мағынасы бір. Бір-бірінен бөлек діни ұғымдар болып есептелмейді.
Мұхан Исахан
Біліп жүретін болдық! Алда келе жатқан Рамазан айына аман-жетейік!
Оразаны асыға күтіп жүрмін. Оразаға қатысты материалдарыңыз көп болса екен!