Рамазан айы үлкен мерекемен аяқталады. Бұл мереке – Ораза айт мерекесі. Бұл күні барлық мұсылмандар мерекелік намаз – Айт намазын жамағатпен оқу үшін мешітке ағылады. Намаздан соң мерекелік құтпаға қатысу – сүннет болып табылады.
Ибн Аббастан (оларға Алла разы болсын) жеткендей: “Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), Әбу Бәкір, Омар және Осман (оларға Алла разы болсын) жүргізген мерекелік намазға қатыстым. Олардың бәрі уағыз алдында намаз оқыды”.
Мерекелік намаз қалай оқылады?
Айт намазы өзге намаздар секілді оқылады. Айырмашылығы – Айт намазында тәкбір алты мәрте артық айтылады.
Бірінші рәкәғатта алғашқы тәкбір мен сана дұғасынан соң, тағы да үш рет тәкбір айтылады. Екінші рәкәғатта, Құран оқылғаннан соң, рүкүғқа барар алдында тағы да үш рет тәкбір алынады. Осыдан соң тағы бір тәкбір рүкүғқа бару үшін алынады.
Барлығын қосқанда, қыйамда тұрған кезде 8 мәрте тәкбір алынады.
Айт намазынан соң барлық мұсылмандар бір- біріне “Айт құтты болсын!” деп құттықтап, жылы тілектер айтысады.
Айт намазы адамдар арасындағы қарым- қатынасты, махаббатты, бауырмашылықты жаңартушы әрі нығайтушы болып табылады.