«Бір сүрбойдақ қалыңдық іздеп, қаталап жүреді. Әке-шешесі құлағына тыным бермей, «үйлен де үйленнің» астына алса, қу тілді құрдастары мен жеңгелері әзілмен тақымдап болмайды. Қыз-қырқындардан көздеген немесе икемдеген ешкімі жоқ жігіттің көзіне бір сұлу түсіп, дегбірін қашырады. Жақын барып тілдесуге, танысуға батылы жетпей, сыртынан ғана бақылаудан аса алмай, достарына жай-күйін айтайын десе, онсыз да олардың шымшымаларына мелдектеп тойып жүргендіктен тілі батпай, қиналған, «қор» болған біздің кейіпкеріміз ақыры шыдамы таусылып, таныс-бейтаныс аруды әй-шәй жоқ алып қашу қажет деп табады. Сонымен, амалсыздан екі-үш жолдасына бұл пікірін білдіріп кеп жібереді. Олар да мәселенің салдары қалай өрбуі мүмкін екенін сараламай, «Онымен тілдесіп көрсек қайтеді» деместен, «Болды, аламыз да, қашамыз» деп даурыға келісіп, не керек, реті келгенде, қаға берісте мәшинеге «қалыңдықты» сүңгітіп жіберіп, тайып тұрады. Түкке түсінбей, екі көзі шарасынан шығардай болып отырған сұлуға жігіттердің бірі былай шыға мәселенің мәнісін түсіндіреді. Сонда әлгі «қалыңдық» екі баласы бар келіншек екенін, мына жайтты күйеуі білсе екі тарапқа да оңайға түспейтінін, масқара болмай тұрғанда кері қайту керектігін айтып шырылдайды. Жігіттер жағы оның бұл сөзін қулыққа балап, көне қоймайды. Абырой болғанда «қалыңдықтың» сөмкесінен оның келіншек екенін дәлелдейтін сурет табылып, «күйеу» мен жолдастарының үрейлері ұша кешірім сұрап, оқиғаны ешкімге сездірмеуге келісіп тарқасады. Бірақ «отыз тістен шыққан сөз…» деген бар емес пе?.. Негізінде, орамал – ана екеніңді, біреудің Құдай қосқан жары екеніңді, ақ-адал ниетпен аттаған шаңырағың бар екенін білдіретін белгі. Оның басты қасиеті де осында жатса керек. Бүгінде көпшілік орындарда, көшеде, үйде, түрлі мекемелерде басына қазақы әдеппен орамал тартып жүретін әйелдерді өте сирек кездестіресің» – дейді Жолдыбай БАЗАР «Егемен Қазақстан» газетіне шыққан мақаласында.
Бір күні Хазіреті Мәулана жұбайымен бірге ет сататын дүкенге барған екен. Жұбайының киінгені соншалықты, денесінің ешбір жері көрінбейді екен. Мұны көрген қасапшы;
– Ұстаз, мына күннің ыстығында өзіңіз жеңіл киініпсіз, ал жұбайыңызды барлық жерін көрсетпестен киіндіріп қойыпсыз. Мұныңыз қиянат, күнә емес пе? – депті. Сонда Мәулана;
– Саған бір хат келсе, ол хатты әркім рұқсатсыз ашып оқыса не істер едің? – депті. Қасапшы ойланбастан;
– Әрине, ашуланамын! Маған келген хатты ешкімнің оқуына рұқсат бермеймін, тіпті ақысы да жоқ, – деген екен. Хазреті Мәулана да;
– Көрдің бе?! Ол да маған ғана тиесілі хат секілді. Оны тек мен ғана оқи аламын, деп жауап берген екен.
* Мұсылман қыз-келіншектер, аналар мен апалар;
* Орамалды көріну үшін емес, қорғану үшін тартады емес пе?!
* Бұрыңғылар «Орамалы бардың әдебі бар» деген емес пе еді?!
* Орамал намысын қорғау емес пе?!
* Орамал Құдайға деген махаббаттың көрінісі емес пе?!
* Орамал түсінген жан үшін Алланың бір аяты, түсінбегендер үшін жәй ғана шүберек секілді.
* Орамал Құран аятында келген соң, басымда саған орын дегені емес пе?!
* Орамал «маған қарамай өтпе» деген сөз емес, керісінше «маған назар салма» деген ишарет емес пе?!
* Орамал әйелге ғана емес, еркекке де парыз. Еркектің орамалы көзінде емес пе?!
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ