Елімізде мектеп қабырғасында орамал тағу туралы дау әлі шешімін таппай келе жатыр. Бұған бірі қыз балалар жастайынан орамал тағу керек десе, енді бірі мектепте бірыңғай мектеп формасының болуын құптады. Кереғар екі жақты ұстанымға қоғам жаңашырлары өз ойларымен бөлісті.
Еске салсақ, бір жыл бұрын Жаңаөзенде хиджаб мәселесі үлкен дауға түскен болатын. Шамамен алпысқа жуық оқушы бастарына орамал таққандары үшін сабаққа бара алмаған.
Бұған қоғамдық кеңес мүшесі Рүстем Ашетов кейбір ата-аналар мектепке балаларын жібермейді деген жай сылтау дейді. Мың жерден ата-анасы болса да баланың білім алу құқығынан айыруға ешкімнің хақысы жоқ екендігін алға тартты. Оған байланысты арнайы заңның да бар екендігін айтты.
– Онлайн оқытып жатырмыз деп, шындығында ешқандай оқытып жатқан жоқ, «білім алмай жатқан қыздардың саны артуда» деген бос сөз. Бұл не сонда?! Вахабисттер қыздарын мектепке жібермеуінен қорқып, солардың ығына жығылу ма? Мемлекеттік ұстаным мен білім беру ордаларындағы ішкі тәртіп – әр түсініктегі топтардың талаптарына қарай ойыса беретін болса, бұл қандай мемлекеттік ұстаным,- дейді Рүстем мырза.
Ал белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы жоғарғы сыныптағы қыздардың басын жауып жүруіне рұқсат беріп, жастарына сай жарасымды, заманауи, арнайы бас киім үлгісін бекіту керек деді.
– Сосын әлеуметтік желіде жиі айтылып жүрген «қазақта тұрмысқа шыққанға дейін қыз баласы орамал тақпаған» деген аргумент орынсыз деп ойлаймын. Дәл осы принципті негізге алар болсақ, күйеуге шыққан қанша келін үйде де, түзде де орамалын басынан тастамай тағып жүр? Қанша әйел кісі кимешегін киіп жүр? Тарихта қыз баласының орамал тақпауының әлеуметтік өзіндік себептері бар болғаны түсінікті мәселе. Қазір заман өзгерді. Қазақта болмаған талай дүниені еш қымсынбастан жасап жүрміз. Ал басқаларға жүре бермейтін талапты неліктен дінге бет бұрғандардан ғана талап етіп отырмыз,- дейді дінтанушы.
Ұстаз Айнұр Әбдірасылқызы кейбір адамдар тарапынан түсінбеушілік болып тұрады дейді. «Діни атрибутика қолданылмайды» деген сөз тұр ғой, осы талаптар да норма емес пе» деп. Біз айтар едік, мектеп формасын сақтау деген ұғымның өзі басқа ешбір атрибутиканы қолданбау дегенді білдіреді. Және бұл тек дінге қатысты емес. Біз соны дұрыс түсінуіміз керек. Мектеп формасын сақтау деген талап -бұл алабөтен хиджапқа келген жау емес. Мемлекет заңына қарсылықтың өзі діннің негіздерін дұрыс түсінбеуден туындап отыр.
Бұл мәселеге өнертану ғылымдарының докторы Молдияр Ергебеков өзінің әлеуметтік желілердегі парақшаларының бірінде бала мен діннің қарым-қатынасы көбінесе оның ата-анасының дінге қарым-қатынасына қарай қалыптасатынын айтты.
– Десек те баланың рухы әрдайым еркін. Басын орамалмен тұмшалау – ешбір баланың өз қалауы емес. Сондықтан да балаларымызды 18 жасқа келгенге дейін діни символдардан алыс, еркін түрде өсіруіміз керек.
Алайда кейбір ата-аналардың осынау қысымшыл іс-әрекетіне мемлекет те қысымшыл іс-әрекетпен жауап бермеуі керек. Өйткені білім алу – адам құқы! Басына орамал тағылғаны немесе тартқызылғаны үшін қыз балаларымыз жазаланбауы керек! Өкінішке қарай қазірге дейін осы бір мәселенің құрбаны -– қыздарымыз. Хәм екі жақты құрбан. Біріншіден, ата-анасы тарапынан жасалатын қысымның құрбаны. Екіншіден, мемлекет тарапынан жасалатын қысымның құрбаны.
Бұл қатеге бір жақты болса да тоқтау жасауға ұмтылып жатқан білім министірлігінің бастамасын қолдаймын. Қандай жағдайда да мемлекет қамтушы (инклюзив) болуға міндетті. Сол кезде басты функцияларының бірін іске асырады,- деді ғылым докторы.
Сонымен қатар қыздарымыздың білім алуы – олардың келешектері үшін өте маңызды және бәрінен бұрын елді сүю, адамның сол елдің азаматы ретінде сезіне алуынан бастау алатынын айтты.
Көпті көрген асыл тұқымның келіні Зейнеп Ахметованың айтуынша, қазақтың қызы тұрмысқа шыққанға дейін басына орамал салмаған. Кəмшат бөрік, құндыз бөрік, үкілі тақия, шашақты сорабақ, моншақты қасаба, жырға деген сондай əдемі бас киімдер болған. Шаштарын он күн тарап бес күн өрген деген, шаш күтіміне көп көңіл бөлген. Қолаң шаш, сүмбіл шаш, қара шаш, алтын шаш соның бəрі қыздың шашы. Сонда не мұсылман болады екенбіз деп соның бəрін жерге көмуіміз керек пе? Ананың барлығы арабтардыкі,- деді.
Зейнеп әжейдің айтуынша, арабтың жері ыстық, құм боран соққан бұрын. Сонда еркегі бар əйелдің бəрі көзінен басқаның бəрін жауып тастаған қарамен. Енді соны алып келіп бізге тықпалайды деп өз назын білдірді.
Қасиетті Құранда әйелдер өз сұлулығын жариялап көрсетпеуі керек, олар өз әуретін жасырып, жабық киінуі керек делінген.
Балжан ӘБДІРАШ