Оралдық журналист Қазбек Құттымұратұлы “Егемен Қазақстан” газетіне жариялаған мақаласында Орал қаласында «Қазақ мектебіне қадам басайық!» атты акция басталғанын жазды. Оның айтуынша, бүгінде оралдық қазақтар арасында балаларын орысша мектепке беру үрдісі белең алып тұр. Мәселен, 2021-2022 оқу жылында 1-сыныптағы бүлдіршіндердің 47 пайызы ғана қазақ мектебінде оқиды екен! Трагедия!
Сонымен, мақаланың өзіне назар салайық.
“Орал қаласында «Қазақ мектебіне қадам басайық!» акциясы басталды. Оның мақсаты – ұлты қазақ оқушыларды ана тілінде білім алуға шақыру.
– Бұл жоба Орал қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің 2021 жылдан бастап өткізіп келе жатқан шарасы. Былтыр карантин талаптарына сай онлайн түрінде ұйымдастырылған болатын, биыл ата-аналардың тікелей қатысуымен кең көлемде өтуде. Қала бойынша 21 мектеп 24 балабақшада осындай түсіндіру жұмысы жүргізіледі, – дейді Орал қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Серік Қайырлиев.
Насихат тобының құрамында облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Ғалиев, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы Болат Жексенғалиев, Орал қалалық мәслихатының депутаттары Әзима Ғұбашева, Айгүл Түркина, Светлана Бахишева, Кенесары Нұршиновтар, «Тіл мұра» қоғамдық қозғалысы төрайымының орынбасары Ирина Суетина, филолог ғалымдар Ұлдай Ержанова, Алтынбек Абдулманов сынды белгілі тұлғалар бар.
Кеңес өкіметі кезінде Орал қаласында жалғыз қазақ мектебі – Сәкен Сейфуллин атындағы №11 мектеп-интернаты жұмыс істеді. Оның өзі шалғайдағы шопан балаларына арналып, төртінші кластан бастап оқушы қабылдайтын. Ал Жайық жағасындағы жасыл желекке бөленген шаһардың өзі ауылдан келген қазақты аз жылда «тілі бір, тілегі бір ұлтқа» – орыстілді, кеңестік менталитетті дүбараға айналдыратын алып машина секілді еді. Бұл «зауыттың» илеуінен аман қалу мүмкін емес болатын. Қаладағы там-тұм қазақ баласын қазақ мектебіне беру туралы ой ата-ананың басына кірген емес: «Қарағым қор болмасын, орысша оқытайын…» деген ой үстем еді…
Ал бүгін ше?
Бүгінде Орал қаласында 25 мектеп таза қазақ тілінде, 20 мектеп аралас – қазақ және орыс тілдерінде білім береді. Тек қана орыс тілінде оқытатын мектеп саны – бесеу.
Қазақ тілінде білім беретін мектептердегі оқушылар саны – 27 601 болса, орыс тілді мектептерде 6 665 бала оқып жатыр. Ал аралас мектептердегі оқушылар саны – 21 001, оның ішінде қазақ сыныптарындағы оқушылар – 4 628 болса, орыс сыныптарында – 16 373 оқушы бар.
Көріп отырғанымыздай, аралас мектеп дегенімен, ол жерде арасалмақ орыстілді сыныптарға ойысып тұр.
Мәселеге мына қырынан да қарап көрейік: Орал қаласы бойынша 2021-2022 оқу жылында жалпы білім беретін мектеп оқушыларының 58,31%-ы қазақ сыныптарында оқиды, соның ішінде 0,8 пайызы – өзге ұлт өкілдері. Ал орыс тілінде білім алып жатқан оқушылардың 47 пайызы, яғни 10 829-ы – қазақтар.
Қазақ баласын орыс мектебіне беру үрдісі әсіресе соңғы жылдары көбейіп кеткен: 2021-2022 оқу жылында Орал қаласында 1 сыныпта оқитын балалар саны 6 465 болса, соның 3 096-сы, яғни 47,88 пайызы ғана қазақ мектебінде оқиды. Бұлардың арасында 27 бала (0,8%) ғана – өзге ұлт өкілдері.
Ал орыс тілінде білім алып жатқан 2 744 оқушының ішінде 1 483 баланың ұлты – қазақ.
Мектепке дейінгі мекемелерде тәрбиеленушілердің жалпы саны 17 386 болса, соның ішінде 2 177 қазақ баласы орыстілді топтарда тәрбиеленіп жатыр.
Насихат керек!
Тарихқа қарасақ, Орал қаласында қазақ балаларының ана тілінде білім алу мәселесі ара-тұра көтеріліп, науқандық сипат алған екен.
«Алғаш осындай жобаны 2005 жылы қала әкімінің орынбасары Аманжол Зейнуллин ағамыз бастап, аралас оқытатын қала мектептерін түгелдей аралап насихат жұмыстарын жүргізгенбіз. Осы жұмыстың жалғасын тапқанына қуаныштымын. Бүгін өзім №21 және №45 мектептерге арнайы бардым. Бастысы, ата-аналар мемлекеттік тіл саясатын дұрыс түсініп, балаларының оқу тілін таңдауына мүмкіндік берсе болғаны», дейді жоғарыдағы насихат тобының мүшесі, «Мәңгілік ел» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жанат Танабаева.
Дәл осындай насихат жұмыстары Орал қаласында 2009-2010 оқу жылында да жүйелі жүргізілген болатын. Сол кездегі «Жайық Пресс» медиахолдингінің басшысы Шыңғыс Мұқан бұл бастаманы орыстілді басылымдарда жиі көтеріп, ол жақсы нәтижеге жеткізіп еді.
Қазақ балаларын орыс мектебіне берген ата-аналардың жиі айтатын үш уәжі бар. Оның алғашқысы – қазақ мектебінде білім сапасы төмен-мыс. Екінші миф – мемлекеттік тілде білім беретін мектептерде тәрбие жұмыстары да кем соғып жататын көрінеді. Ата-аналар айтатын үшінші уәж – «біз өзіміз қазақша білмейміз, баламызға қалай көмектесеміз, қалай оқытамыз?!»
Қазіргі таңда мектептердегі білім сапасын ҰБТ қорытындылары, «Болашақ» бағдарламасы бойынша әлемнің үздік оқу орындарына аттанып жатқан жастар анық көрсетеді. Ал жергілікті орындардың мәліметіне қарағанда, жасөспірімдер мен кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстардың 70 пайызы орыс тілінде білім беретін мектептерге тиесілі екен. Міне, білім мәселесінде де, тәрбие мәселесінде де қазақтілді мектептердің бәсі биік тұр.
– Бұрын ата-аналар алғашқы екі уәжді алға көбірек тартатын еді. Қазір олардың ойы өзгерген. Дегенмен отбасылық үрдіс, психологиялық кедергі қазір алға шығып тұр. Сондықтан орыстілді отбасылардың өз баласын қазақ мектебіне беруі үшін жан-жақты қолдау керек, – дейді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы Болат Жексенғалиев.
Шынында да, ата-анасы, өскен ортасы орыстілді болып қалыптасқан балдырғанды мемлекеттік тілде оқытатын мектепке берген жағдайда ол балалар ерекше назарға алынуы керек. Ата-аналар осындай балаларына арнайы дайындық тобы болса деген өтініш айтқан. Кейбір қазақ мектебінде тілге шорқақ балаларды сыныптастары «орыс» деп мазақтаған оқиғалар кездесіпті. Әрине, бұл – жас баланың сана-сезіміне үлкен соққы. «Сондықтан біз бастауыш сынып мұғалімдері үшін де арнайы семинар ұйымдастыру керек деген ойға келіп отырмыз», дейді Болат Өтеғалиұлы.
Соңғы жылдары баласын орыс тілінде оқытатын қазақтар неге көбейіп кетті? Ойланатын сұрақ осы. Пандемияға байланысты соңғы жыл ата-аналармен тікелей байланыс болмай қалғаны рас. Көп шара онлайн түрде өтті. Оның үстіне, Ресей Федерациясының 5 облысымен шектесетін Батыс Қазақстанда ресейлік жоғары оқу орындарының жарнамасы жүріп-ақ тұр. Мұның да әсерін жоққа шығаруға болмайды. Сосын орыс тілінде білім беретін мектеп мұғалімдері арасында «бәрі қазақша болып кетсе, қызметсіз қаламыз» деген үрей де бар сияқты. Жоғарыда айтылған насихат тобы Орал қаласындағы бір мектепке кездесуге барған кезде, ата-аналарға алдын ала «азғырғанға ермеңдер, орыс сыныбында қала беріңдер» деген әңгіме айтылған. Әрине, мұның бәрі мемлекеттік тілдің «дөңгелегіне таяқ тығу» екені көрініп тұр. Және бұл әрекет мемлекеттік мектепте болғаны өкінішті…
Ауылдағы аралас мектеп
Білім беру саласындағы сарапшылардың көбі аралас тілде оқытатын мектептерде негізінен қазақ тілі қағажу көретінін айтады. Орыстілді халқы көп қалалық жерде аралас мектептер ашу – амалсыздан жасалатын шара ғой. Ал тап-таза қазақы аудандардағы аралас мектеп, орыс сыныптарының жұмысын түсіну қиын. Бұған қандай қажеттілік бар?!
– 2000 жылдардың басында Қазталов ауданы орталығында жаңа мектеп салынып, қазақ тілінде білім беретін болып келісілді. Алайда бір топ ата-ана шағымданып, жаңа мектепте орыс сыныптарын ашуға тырысты. Біз оларды дер кезінде тойтарып тастадық. Өйткені ауылда бұдан басқа бір аралас мектеп бар еді, – дейді сол кезде аталған ауданды басқарған Нәсіпқали Иманғалиұлы.
Осыған ұқсас оқиға Жәнібек ауылында да болған. Теміржолдың арғы бетіндегі шағын ауылдағы білім ордасын қостілді мектепке айналдырғысы келген тұрғындарды тоқтатып, мән-жайды түсіндіріп, қазақ мектебін қорғап қалған Нәсіпқали Иманғалиұлы көп жағдайда өңір басшыларына табандылық, шешім қабылдау жетпейтінін айтады.
– Кезінде біз баламызды қазақша оқыту үшін саусақпен санаулы мектепке іздеп бардық. Қаланың екінші шетіне автобуспен сабылдық. Уақыт, қаражат шығындадық. Қазір заман басқа. Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде екенін, келешекте ұлтты ұйыстыратын мемлекеттік тіл екенін түсінетін уақыт келді. Орыс тілінде оқытатын мектептерге сұраныс азайып жатыр. «Осының біріне қарамай балаңызды орысша оқытам десеңіз, сол үшін құрбандыққа барыңыз, уақытыңызды, қаражатыңызды сарп етіңіз» деу керек. Керек десеңіз, білім беруді жан басына сәйкес қаржыландыру керек. Қазақ баласы орыс сыныбына барса, оның қаржысын ата-анасы өз қалтасынан төлесін. Ал мемлекет қаражаты мемлекеттік тілді мектепті дамытуға жұмсалсын, – дейді Иманғали ағамыз.
Алайда өңірде мұндай әрекетшіл басшылар аз болып тұр.
Тағы да біраз санға кезек берейік: Батыс Қазақстан облысында жалпы орта білім беретін мектептердің саны – 379. Соның ішінде 102 мектеп аралас тілде оқытады. Мәселен, тұрғындары түгелге жуық жергілікті ұлттан тұратын Ақжайық, Бөкей ордасы, Жаңақала, Жәнібек, Қазталов аудандарының әрқайсысында аралас екі мектептен бар. Облыс бойынша аралас мектептердің орыс сыныптарында 28 908 оқушы оқып жүр! Оның тең жартысы, яғни 14 678-і – қазақ балалары! Ал мектепке дейінгі мекемелерде тәрбиеленіп жатқан 21 445 баланың 2 695-і де қаракөздер екен. Бұл балалардың бәрі – болашақ Қазақстанның азаматтары. Елімізде ұлттық ара салмақ, тілдік орта тез өзгеріп келеді. Қазірдің өзінде мемлекеттік қызметте, халыққа қызмет ету орындарында қазақтілді мамандар сұранысқа ие. Сондықтан баласының болашағын ойлаған «құлыным қор болмасын» деген ата-ана баласын мемлекеттік тілде оқытатын мектепке берсе керек-ті.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ