Орал қаласында ерекше Домбыра музейі ашылды. Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлімі болып ашылған жаңа мұражайда ұлттық аспаптың тарихы және өңірден шыққан майталман күйші-домбырашылар толық қамтылған.
«Домбыра – ұлттық рух» деп аталған жаңа музейдің ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов арнайы келіп, музей меймандарын Ұлттық домбыра күнімен құттықтады. «Жаңа музей заман көшінен қалмайды, жаңа қарқынмен, жаңаша серпінмен жұмысын жалғайды деп сенемін», деді өз сөзінде Бақытжан Хаберұлы.
Жиында өңірге танымал тарихшы, өлкетанушы, мәдениет саласының ардагері Жайсаң Ақбай да құттықтау сөз сөйлеп, тарихтың ұзақ көшінде қазақ халқы тудырған ғажайып күй өнерінің ерекше бағалы екенін айтты. Он саусағынан күй төгілген күйшіні халық ел билеген көсем, дау тоқтатқан шешен, ақиық ақынмен қатар құрметтегенін баяндады.
Осы күні музей қорына әйгілі Ықылас Дүкенұлы ұстаған қобыздың көшірмесін Дина Нұрпейісова атындағы қазақ халық аспаптары академиялық оркестрінің солист-қобызшысы, өнертану кандидаты, Мәдениет саласының үздігі, Ықылас атамыздың ұрпағы Ақнар Тәттібайқызы ресми түрде табыстап, Ықылас Дүкенұлының «Аққу» күйін орындады.
Жаңа музейдің ашылуына Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, күйші-домбырашы Ермек Қазиев, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, домбырашы-шебер Едіге Нәбиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы саз колледжінің директоры Нұржан Сертеков, «Орал сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, БАҚ өкілдері, музей қызметкерлері қатысты.
Шығыс стилі байқалып тұратын көне ғимаратта орналасқан Домбыра музейі 4 залдан тұрады. Оның алғашқысы – Домбыра тарихы залы. Мұнда домбыраның көне түрлері, тіпті Алтай тауының бір үңгірінен табылған, V ғасырдағы көне түркі дәуіріне жататын абыз домбыраның макеті, күй өнеріне байланысты қазақ аңыздарының суреттері, ХІХ-ХХ ғасырға жататын домбыралар коллекциясы қойылған.
Екінші, Құрманғазы Сағырбайұлы атындағы залда күй атасының 1962 жылы БҚО музей қорына алынған сауыты алғаш рет экспозицияға қойылған. Сондай-ақ ақын, батыр Махамбет Өтемісұлының суреті мен домбырасы, Құрманғазының суреті мен домбырасының көшірмесі, төре күйлерінің негізін салушы Дәулеткерей Шығайұлының суреті, Дина Нұрпейісованың домбырасы мен шапаны, күйші Сейтек Оразалыұлының бейнесі және қазақтың киіз үйі қойылған.
Үшінші зал «Құрманғазы оркестрі залы» деп аталады. Мұнда аты айтып тұрғандай, Құрманғазы оркестрінің негізін қалаушы Ахмет Жұбанов, Евгений Брусиловский, Лұқпан Мұхитов, Қамбар Медетов, Махамбет және Науша Бөкейханов және т.б. тұлғалардың фотосуреті, Қали Жантілеуов, Оқап Қабиғожин және Тұяқберді Шәмеловтің домбыралары, Шамғон Қажығалиевтің костюмі, оркестрда ойналған аспаптары мен сахналық киімдері қойылған.
Ал «Батыс өңірінің домбырашылары залы» деп аталған төртінші залда Батыс өңірінің күйшілік және әншілік мектебі өкілдерінің фотосуреттері, домбыралары және сахналық киімдері қойылған. Мәмен Ерғалиұлы, Меңдіғали Сүлейменов, Ерғали Есжанов, Макар Жапаров, Мұхит Битенов фотосуреттері, Ғарифолла Құрманғалиевтің сахналық киімі, дәстүрлі әнші Қаламқас Орашеваның сахналық киімі, Жақсылық Сәрсенғалиев, Қалампыр Рахимова және т.б. тұлғалардың фотосуреті, Батыс өңірде алғаш құрылған оркестрлердің фотосуреттері мен домбыралары қойылған.
«Қазақ күй өнерінде Батыс Қазақстан өлкесінің орны ерекше. Сондықтан Орал қаласында домбыра музейін ашу туралы көптен ойланып жүрген едік. Осы идеямыз дәл бүгін – Ұлттық домбыра күні жүзеге асқанына қуаныштымын», дейді облыстық тарихи өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаев.