Азаттыққа жол ашқан Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылдануы – ұлт тарихындағы ұмытылмас мезеттердің бірі. Сол кезеңде саясат сахнасында болған сан-қилы оқиғалар мен айтыс-тартыстардың куәгерлері арамызда жүр. Соның бірі – 1990 жылы Орталық партия комитетінде ұйымдастыру және кадр жұмысы бөлімін басқарған мемлекеттік қызмет ардагері, белгілі қайраткер Оралбай Әбдікәрімұлы газетімізге арнайы сұхбат беріп, ел өміріндегі елең-алаң шақ туралы естелігін айтты.
– Оралбай аға, Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны қабылдау оңай болмағанын аға буын өкілдерінің әңгімелерінен естіп жатамыз. Сіз де сол оқиғалардың бел ортасында жүрдіңіз. Есіңізде не қалды?
– Мен ол уақытта Орталық партия комитетінде қызмет етіп жүрдім. Партия мен Жоғарғы кеңестің арасындағы жұмысты үйлестіру, депутаттармен сөйлесу секілді міндеттер біздің бөлімге жүктелген еді. Сондықтан декларацияның қалай қабылданғанын және ол жерде қандай саяси текетірес болғанын өз көзіммен көрдім. Қазан айының соңында кеңестің жалпы отырысы өтіп, Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны қабылдау мәселесі талқыға салынды. Өте қызу пікірталастар жүрді. Ол кезде Жоғарғы кеңесте, яғни қазіргі тілмен айтқанда Парламентте 360 депутат болатын. Соның 53 пайызы ғана қазақ ұлтының өкілі еді. Көптеген өзге этнос өкілі, әсіресе, егемендікке жаны қас кейбір депутаттар декларацияның қабылдануына қарсы шығып, «Біз Ресеймен бірге болуымыз керек» деп табандап тұрып алды. Ойлап отырсаңыз, олардың бұл сөздері мен талабы ешбір қисынға келмейтін. Өйткені Ресейдің өзі бізден бұрын, 12 маусымда мемлекеттік егемендігін жариялап, Горбачев басқарған Кремльге бағынбай бөлініп кеткен. Сонда біз қайтіп Ресеймен бірге болуымыз керек?
Декларацияның қабылдануы үшін кемінде 75 пайыз дауыс жинау қажет еді. Қай бағытқа бет аламыз деп әрі-сәрі күй кешкен уақытта мұнша дауыс жинау оңай болмады. Сол құжатты дайындап, егемендік мәселесін алғаш көтергендер қатарында академик Салық Зиманов, Жабайхан Әбділдин, Ғайрат Сапарғалиев секілді мүйізі қарағайдай мықты заңгерлер болды. Жоғарғы кеңесте Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза секілді елге танымал депутаттар оларды қолдап, бірнеше рет шығып сөз сөйлеп, ақыры басым дауыспен декларацияны қабылдадық.
«Ата-бабамыз ғасырлар бойы армандаған азаттық» деп жатамыз ғой. 1990 жылдың 25 қазаны – сол арман орындалған ұлттық тарихи күн болып қалды. Әлі есімде, депутаттар бір-бірін құттықтап, кейбірі тіпті көзіне жас алып та жатты. Патриоттық сезім кеудені кернеді. Ешкімге жалтақтамай, біреудің қас-қабағына қарамай өз-өзімізді басқаратын егемен ел болдық деп қуанышымыз қойнымызға сыймады.
– Дегенмен, азаттықты алу бар да, оны қолда ұстап тұру бар. Жеке-дара мемлекет ретінде өмір сүруді бастағанымызбен, 90-жылдардың тоқырауында көп қиындыққа тап болғанымыз белгілі. Сол уақытта егемендігімізге қандай да бір қатер төнбеді ме?
– Иә, кеңес одағы ыдырағаннан кейін үлкен қиындықтарға жолықтық. Экономикамыз құлдырап, халықтың тұрмысы мен әл-ауқаты төмендеп кетті. Зауыт-фабрикалар жаппай жұмысын тоқтатып, бюджетке түсім азайғандықтан, зейнетақы төлеуге, дәрігерлер мен мұғалімдер, әскери қызметшілер, т.б. еңбекақысын беруге қаражат жетіспеді. Бірақ сол кездің бір ерекшелігін айтқым келеді: ол – арман болған азаттықтың келуін көңіліне демеу қылған қарапайым жұртшылықтың отаншылдық сезімі ерекше еді. 90-жылдардың бар ауыртпалығы мен қиыншылығын жеңіп шығуымызға да сол патриоттық сезімнің пайдасы көп болды. Халқымыз қиындықты әбден көрді, қиналды, бірақ қаймықпады, бәрін де көтере білді.
Ең бастысы, елдің бірлігін сақтау керек еді. Жерімізді мекендеген түрлі ұлт пен дін өкілдерінің басын біріктіріп, тату-тәтті тұрмысқа шақыру үшін Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» демекші, осы ынтымақ пен келісімнің арқасында біз тәуелсіздігімізді жыл өткен сайын нығайта түстік. Мемлекеттік рәміздеріміз қабылданып, әлемдік аренада «Қазақстан» деген атаумен тәуелсіз ел ретінде танылдық. Барлық көршімізбен шекарамызды шегендеп, заң жүзінде бекіттік. Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болдық. Бүгінгі күні бұл жұмыстардың барлығы қалай жүзеге асқанын ауызбен айтуға оңай. Бірақ сол әрбір шешімнің артында қаншама тегеурінді еңбек пен төгілген тер жатыр. Шын мәнінде, өзің айтқандай, тәуелсіздікті алғаннан оны сақтап қалу қиын. Біз татулығымыз бен табандылығымыздың арқасында оны сақтадық. Кезінде бір шаңырақтың астында болған өзге республикаларда азамат соғысы тұтанып, кейбір бауырлас халықтар бір-біріне қырғиқабақ танытып, қарулы қақтығыстарға ұрынып жатқанда біз ел ішінде ешбір шу шығармай, тұрақтылығымыздың қайығын шайқалтпадық, ынтымағымыздың қаймағын бұзбадық. Мұны біз ешуақытта ұмытпай, бағалай білуіміз керек.
– Содан бері 30 жылдан астам уақыт өтті. Көп қиындық артта қалды. Дегенмен, кейінгі жылдары әлемдегі геосаяси жағдай ушығып тұр. Қалай ойласыз, бүгінгі таңда тәуелсіздігімізге төнген қауіп бар ма?
– Қауіп бар. Бірақ мен оны сырттан келетін күш емес, өз ішіміздегі сыбайлас жемқорлық деп санаймын. 30 жылдың ішінде жеткен жетістіктерімізбен қатар, көптеген келеңсіздікке де жол беріп алғанымыз ащы да болса шындық. Елдің қаншама байлығы тоналды, қаншасы сыртқа кетті. Нарықты олигополия жайлап, қолында билігі мен байлығы бар адамдар халық қазынасын өз білгендерінше талан-таражға салды. Осы бассыздықтардың бәрін тоқтату үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқа кеткен және ел ішінде заңсыз иемдеген активтерді мемлекетке қайтару жұмыстарын бастап жатыр. Арнайы қор құрылды. Біз бүкіл халық болып Мемлекет басшысының бұл бастамасын бірауыздан қолдауымыз керек.
Әрине, мұның бәрі оңай шаруа емес және бір күнде шешіле салмайды. Өйткені сол заңсыз байығандарды анықтау керек, құқыққа қайшы әрекеттерін дәлелдеу қажет. Дегенмен, қанша қиын болса да ол бәрібір орындалуға тиіс жұмыс. Бірден тау қопарып кетпесек те, заңсыз шетке шығарылған байлықты қайтару үрдісі ақырындап, қадам-қадаммен жүзеге асып жатыр. Уақыт өткен сайын бұл жұмыстар күшейе түседі.
Осы орайда Қасым-Жомарт Кемелұлының «Адал адам» тұжырымын қоғам болып қолдағанымыз жөн. Қанша жерден заңмен тұсау салсаң да, жауапкершілікті қатайтсаң да, ішкі ұяты мен ұстанымы болмаса, пиғылы жаман пенде баласы бәрібір жемқорлыққа барудың жолын табады. Сондықтан біз мемлекетке қатер төндіретін, халық қазынасын жұтататын жегіқұртқа ішкі қарсылығы бар, ұяты бар «Адал адам» тәрбиелеудің жолын қарастырғанымыз дұрыс. Кезінде Ұлыбританияның премьер-министрі Маргарет Тэтчер «Мемлекетті басқару үшін 100 адал кәсіби маман болуы керек» деген екен. Біздің Президентіміздің бастамасы осыған саяды. Негізі ел ішінде адал адам өте көп. Біз солардың ел тізгінін ұстайтын азаматтар болуын қалаймыз. Өйткені келешегіміздің жарқын болуы жемқорлықты қаншалықты тоқтата алуымызға тікелей байланысты.
– Президентіміздің бастамасы дұрыс-ақ. Бірақ «Адал адам» болуға, өзіңіз айтқандай түбегейлі өзгерістерге қоғам дайын деп ойлайсыз ба?
– Өкінішке қарай, Әділетті Қазақстан құрамыз деп шулап жатқанымызбен, осынау өзгерістерді көп адам әлі күнге толық сезінбей келеді. Біздің қоғам оған толық дайын деп айта алмаймын. Мынаған қараңыз, жуырда Президент отандық кәсіпкерлермен кездесуде елімізде 4 миллион адам салық төлемейтінін айтты. Бұл сұмдық жағдай. Дамыған елдерде салық төлемеу үлкен қылмыс болып саналады. Ал біздің адамдар әлі соны түсінбей жүр. Тіпті салық төлейтіндердің өзі оны толық көлемде, жасырмай аударады деп ойлайсыз ба? Менің ойымша, көпшілігі жарым-жартылай, табысын азайтып көрсетеді. Ал адал адам өзінің шынайы табысының міндетті бөлігін салық ретінде мемлекетке аударуға тиіс. Бізде сол мәдениет әлі толық қалыптасқан жоқ. Қарапайым тұрғындар да, жоғарыда отырғандардың арасында да «алдымен өзім байып алайын, мемлекетке кейін беремін» деген түсінік бар. Енді қарап отырсаңыз, өзіміз мемлекетке міндетті салықты төлегіміз келмейді, ал бір келеңсіздік бола қалса «Мемлекет қайда қарап отыр? Неге жолды жасамайды, неге мектеп салмайды?» деп талап қоямыз. Сіз бен біздің салығымыз – ол бюджетке түсетін ақша, елдің, халықтың жағдайы да соған тікелей байланысты екенін ұмытпауымыз керек.
Әрине, ең біріншіден мемлекеттік аппаратта отырған адамдар адал болуы қажет. Халықтың жемқорлық секілді әрекеттерге бармауына жағдай жасалуға тиіс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте бізге жариялылық жетіспейді. Жемқорлар жариялылықтан қорқады. «Ананы ұстады, мынаны ұстады» деген жаңалықтарды ғана оқып жатамыз. Алайда ақпарат құралдары осы оқиғаларды тереңнен зерттеп жазбайды. Тек ұсталды деген мәліметпен шектеледі. Оның арғы жағын, себептерін індетіп, талдап жазу жағы кемшін. Журналистік зерттеу жоқ. Яғни қоғам тарапынан жемқорлықтың түпкі себептері егжей-тегжей талқыланбай жатыр.
Екінші мәселе – бір мекемеден біреу жемқорлықпен ұсталса, сол ұжымда осындай жағдайға қалай жол беріп қойдық деп талқылау өткізу керек. Мен осы мәселені көп жылдан бері көтеріп келемін. Жуырда Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің жиынында тағы да айттым. Жемқорлықпен ұсталған қызметкердің ұжымында жиналыс жасап: «Керемет білімді азамат қалайша осындай қылмысқа барды? Оған не түрткі болды? Айналасында жүрген әріптестері неге дер кезінде тоқтатпады?» деп сұрақ қойылып, талқыға салынуы керек. Бұл сол жерде жұмыс істейтін басқа да адамдарға, әсіресе жастарға ой салар еді.
Бірнеше жыл бұрын еліміздің ауыл шаруашылығы саласында мемлекеттен субсидия алып, оны басқа мақсатқа жұмсап, мемлекет қаржысын талан-таражға салған 330-дан аса адам жауапқа тартылды. Антикор олардың тізімі жариялады. Сол кезде «Жаңару» қоғамдық бірлестігінің атынан Ауыл шаруашылығы министрлігіне хат жазып, жауапқа тартылған адамдардың ұжымдарында жиналыс өткізейік, талқылайық деп ұсыныспен шықтым. Бірақ бұл бастамамызға да министрлік тарапынан қолдау болған жоқ.
Жемқорлықты жеңу үшін мемлекеттік қызметтегі адамдарды ынталандыру жағын да ойластыру керек. Мысалы, 10 жыл мінсіз қызмет етсе, оның жалақысына 10 пайыз қосу, 20 жыл жасаса, 20 пайыз, 30 жылдан кейін 30 пайыз қосу керек. Егер ол жемқорлыққа бармай, мінсіз қызмет етіп зейнетке шықса, зейнетақысына да қосымша төлем берілуі керек. Бұл мемлекеттік қызметшілердің әлгіндей құқыққа қайшы әрекеттерге баруына жол бермес еді. Ал жемқорлық жасаған жағдайда, сол жеңілдіктің бәрінен айырылады. Менің бұл айтып отырған мәселелерім жемқорлықпен күрес жолында жасалатын шаралардың кішкене бөлігі ғана. Айта берсек, мәселе шаш-етектен, оны шешетін жолдар да көп. Бұған қоғам болып жұмылмасақ, жемқорлықты жуық арада тежеу мүмкін емес.
– Осыдан бірнеше жыл бұрын «Жаңару» бірлестігін құрған екенсіз. Бұл не ұйым, қандай қызметпен айналысады?
– «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің қызмет етіп келе жатқанына 10 жыл болды. Мақсаты – аты айтып тұрғандай, жемқорлыққа қарсы күрес, халық пен мемлекет арасында осы бағытта дәнекер болу. Кезінде мемлекеттік қызметте және түрлі қоғамдық жұмыстарда жемқорлықпен күрес бойынша жинаған тәжірибем аз емес. 2013 жылы жанымда жүрген азаматтар қолқа салып, осы бірлестікті құрдық. Қазіргі күні еліміздің барлық өңірінде және Астана, Алматы, Шымкент қалаларында филиалдарымыз бар. Қатарымыздағы әріптестеріміздің бәрі жемқорлықпен күресемін, халқыма қызмет етемін деп келген азаматтар. Бізге халықтан, түрлі мекемелерден хаттар келіп түсіп жатады. Біз оларды қарап, тексеріп, мәселені шешу үшін ұйым атынан әкімдерге, құзыретті органдарға хат жолдаймыз.
Бірлестік қызметінің басым бағыттарының бірі – жастармен жұмыс істеу. Қазіргі таңда маңызды әлеуметтік жоба аясында бірлестік филиалдарының ұйымдастыруымен өңірлерде колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері мен жастар арасында құқықтық, қаржылық сауаттылықты, құқық қорғау органдарына сенім деңгейін арттыру, парасаттылық, патриоттық тәрбие беру, ұлттық құндылықтарын бойға сіңдіру қағидаларын дәріптеу бойынша іс-шаралар өтіп жатыр.
– Сіздерге халық тарапынан қандай өтініштер түседі?
– Рас, ел ішінде әлі де кемшілік көп. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы дамыту үшін инвестиция тартуға, кәсіпкерлерді қолдауға үлкен көңіл бөліп отырғанына қарамастан, осы жұмыстардың жүруіне тіпті кейде мемлекеттік органдар тарапынан да кедергі келтіріп жатқан жағдайлар кездеседі. Мәселен, бізге ең соңғы келіп түскен хатқа тоқталайын. Жер қойнауын пайдаланумен айналысатын «Gold Mining Corp» ЖШС атты мекемеден арыз келді. Олар неміс инвесторларымен бірге Алтай қаласында алтын және күміс кен орындарын барлау және өндірумен айналысқысы келеді. Екіжақты келісім жасалған. Немістер жобаға 47 млн еуро көлемінде инвестиция құюға дайын. Алайда осы күнге дейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әртүрлі желеулер айтып, жобаның жүзеге асуына кедергі жасап келеді. Бүгінде бұл министрлік жоқ. Оның орнына Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі пайда болды. Алайда атауы өзгергенмен, сол бұрынғы аппарат қалған. Соның ішінде біреулер елге инвестиция тартуға, экономиканы дамытуға қарсы. «Gold Mining Corp» ЖШС 47 рет сот отырысына қатысқан және бәрінде кәсіпкер жеңіп шықты. Бірақ енді министрлік оны кассациялық сотқа беріп жатыр екен. Мен осы хатты алғаннан кейін Президент әкімшілігіне, Бас прокурорға және Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігіне хат жолдап, мәселеге назар аударуларын сұрадым. Бұл шын мәнінде, мемлекеттік орган тарапынан жасалып жатқан рейдерлік деп есептеймін. «Берсе қолынан, бермесе жолынан» деп әрекет ететін пиғыл байқалады. Мұндай келеңсіздіктерге жол берсек, әділетті Қазақстанды қалай құрамыз?
Мен ел болашағына сенемін. Өйткені сең қозғалды. Енді бастаған бағытымыздан айнымау керек. Әділеттілік тек ауызбен орақ ору емес, іспен келеді. Ол көп уақытты алуы мүмкін, бірақ біз де соны көзіміз тірі кезде көргіміз келеді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ