Еш жамандық ойламасақ та қоршаған ортаның үйлесімін қаншалықты жиі бұза беретінімізді білеміз бе? Соның бәрі тыныштықтың қадірін білмегендіктен екенін де ескермейміз.
Өн бойымыздағы жасырып қалғымыз келетін шектеуді, таяздықты, ұсақтықты іште ырықтап ұстай алмағандықтан сыртқа шығуына көп жол береміз. Өзге адамдардың сезімін қанша жерден құрметтейік десек те, көбіне-көп олай ете алмаймыз, себебі дер кезінде үндемей кете алмадық.
Сырын алмаған адамға мұңыңды айтудың өзі үлкен қауіп төндіреді. Тіліне ие бола алмаған адам көбіне өкінішке ұрынып қалады. Ал мұндай қауіп әркімнің басына тууы ықтимал. Сөздің киесін білген адам бір ауыз сөзге сыйдыратын ойды мылжыңдар мың сөзбен де жеткізе алмас.
Әркім сөйлей білгенмен, аузының дуасы бар адамның ғана сөзінің киесі бар. Оның үстіне сөз үнсіздік сияқты шешен бола алмайды. Үйлесімді өмір сүрудің ең негізгі кілті – үнсіздік.
Егер жер бетінде дін бар болса, кез келген діннің өзегі: Жаратқанның дегенін ести отырып, елмен тіл табысуды көздейді. Діннің мәні – түсінісу. Дінде сөзге иелік етпей, үндемеудің құдіретін сезінбей ынтымақты өмір сүру мүмкін емес. Біреуді ренжіткенде қатты өкінеміз. Аузымызға ие болсақ, ренжіспес едік-ау дейміз.
Үнсіздік надан үшін – қалқан, дана үшін – қорған. Егер надан адам үндемей отырса, надандығы білінбес, ал дана адам үнсіздіктің қадірін білсе, сөзін текке шығындамас.
Сөзге иелік ету не береді? Үндемеуден алатын күш қандай? Жауабы былай: ерік-жігер сөз ұстартуды бақылауға алады, үнсіздік үндемеуге күш береді. Адам тым көп сөйлеп кетсе, дүние мен тыныштық бүлінеді. Бір ойды айтуға неғұрлым көп сөз жұмсалса, соғұрлым олардың әсері әлсіз болмақ.
Егер нақты ғылымдар тілімен айтсақ, сөзге белгілі бір қуат жұмсалады. Егер адам тоқтамай сөйлей берсе, тыныс алу ырғағы бұзылады. Мәселе, жүйкесі тозған адам үнемі сөйлей беретіндікте емес, тоқтамай сөйлеу жүйке жүйесіне салмақ салатынын ескеру.
Ойлануды қайда үйренеміз? Тыныштықта. Төзімді қайда сынаймыз? Тыныштықта. Медитация кезіндегі үнсіздік ерекше: алғашқы сабақтың мәні – үнсіздік әр сөз бен әрекетті бақылау дегенді білдіреді. Егер адам медитация жасай алса, онда күнделікті өмірде үнсіздікті қолданып үйренгені. Зор дауыс пен естілмейтін дауыстар бар, тірі жүргендер мен тірі еместердің дауысы, фәни дүниеден шығатын дауыс бар.
Сөзге сыйдыруға тырысқан дүние айтқың келгеннің бәрін сипаттай алмас. Айтар алғысты, адалдықты, тәнті болуды бір ауыз сөзге сыйдырып сипаттауға бола ма? Мұның бәрін айтып жеткізуге сөз жетпес. Терең сезімнің әрбірінің өз дауысы бар. Оны сөзбен жеткізу қиын. Әр жаннан дауыс шығады. Жанның дауысын жүрек қана естиді. Жүректі қалай дайындайды? Оның жауабы – үнсіздік.
Үнсіздік – біз өмірдің әр сәтінен саналы не бейсаналы түрде іздейтініміз. Тыныштықты іздейміз де одан өзіміз қашамыз. Жаратқанның сөзін қайдан естісек екен? Үнсіздікте. Әулиелер, даналар, ғұламалар, пайғамбарлар, шеберлер – бәрі де үнсіздік кезінде жан дүниесінен сол дауысты естігендер.
Адамдар арасындағы айырмашылық қайдан шықты? Іштен. Әрбірінің белсенділігінен. Адамдар қалай ынтымақтасады? Ақылды сабырға жеңдіргенде.
Шу ішкі дауысты естіртпей жібереді. Көлдің беті шымырлап толқи берсе, судың түбінде не барын көре алмаймыз. Су тыныш болса ғана түбінде не барын көруге болады. Өзіміз жасаған көңіл күй орнықты болса, әр адамның жүрегіндегі ішкі дауысты естуге болады. Бәріміз бір әділетті іздейміз, құпияны ашқымыз келеді. Хақ жолды тапсақ дейміз. Құпияның бәрі өз бойымызда. Жол сілтейтін – жанымыз.
Хазірет Инаят Хан